Түркістан: халық сайлаған алатау ауылдық округінің әкіміне маңызды міндеттер жүктелді
Түркістан облысы, Шардара ауданы, Алатау батыр ауылдық округінің сайланған әкімін тіркеу туралы Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының он тоғызыншы сәуір 2023 жылғы №19 шешімімен Ақжаров Мейірбек Халиуллаұлы Алатау батыр ауылдық округінің әкімі болып сайланған болатын. Халықтың сеніміне ие болған әкім қызметіне ресми түрде кіріскеніне бір ай уақыт та болды. Осы аралықта аудан әкімі Қайрат Жолдыбай және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Есенбай Бейсенбиев Алатау батыр ауылына барып, жаңадан сайланған ауыл әкіміне куәлігін тапсырып, жемісті жұмыс істеуіне сенім білдіріп қайтты. Алатау елді мекеніне қарасты №738 сайлау учаскесінде ел дауыс беруге белсенді атсалысты. Әсіресе қариялар, аға буын өкілдері белсенділік танытқан. Алатау сайлау учаскесінде 1393 сайлаушы бар. Айта кетейік, саяси науқан санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды. Жалпы ауыл округінде 4470 сайлаушы тіркелген.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі- ауылдық округ әкімдері) жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлау мәселесін көтерген еді. Осыған орай республиканың Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, мемлекетіміздің кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеп, оларды 2022 жылы 26 наурызда Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынған-ды. Аталған заң жобаларына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатында екі ай бойы жан-жақты талқыланып, қабылданғаннан соң, жақында Мемлекет басшысы оларға қол қойды.
Алатау батыр ауылдық округінің негізі өткен ғасырдың 70-ші жылдары қаланған. Целиный және Қазақстан күріш совхоздарының құрылып, ауылға айналған. Кеңестік кезеңде күріш егуден Одаққа танылған алатаулықтар одақтың жүлделерін жеңіп алған. Бүгінде 10 мыңға жуық тұрғыны бар аталмыш округ ауданда көшбасшылары қатарында келеді. Ауыл диқандары бүгінде заман сұранысына сай мақта, көкөніс, мал азығы мен бақша дақылдарын егуді қолға алған. Биылдың өзінде олар 11 965 гектар суармалы жердің 70%-на мақта, 20%-на күріш, 10%-на түрлі дақылдың тұқымын сепкен. Тұрғындар орта есеппен гектарына 28 центнерден алса, күріш гектарына 75 центнерден өнім берген.
Ауыл округінде 2 мектеп пен 5 балабақша бар. Халық өсімінің жыл сайынғы артуына байланысты елді мекен аумағын кеңейту, жаңа шағынаудандар ашу жұмыстары қолға алынған. Осы орайда, ауылға жақын маңнан 63 га жер қарастырылып, кішігірім шағынаудан ашу жоспарланған.
Алатаулықтар сайлаған жаңа әкімге аймақтың экономикалық әлеуетін көтеру міндеті жүктеліп отыр.