Храпуновтар АҚШ сотын алдапты
АҚШ-тың оңтүстік Нью-Йорк округтік соты Алматы әкімдігі мен «БТА банкі» түсірген арыз бойынша Ілияс және Виктор ХРАПУНОВтарға қатысты шешім шығарды. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тараптардың позициясын қарап шыққан сот Ілияс және Виктор Храпуновтар сотпен мақсатты түрде «мысық-тышқан ойынын» ұйымдастырған және олардың әрекеттері жазаға лайық», - делінген министрлік хабарламасында.
АҚШ соты тарапынан бұған дейін Ілияс Храпунов ақталу үшін айтқан электронды жазбалардың жоғалып кеткені жайлы сылтау да жоққа шығарылды.
«Сот Храпуновтар тікелей Алматы әкімдігі мен «БТА банкінің» талаптарына қатысты нақты ақпарат естерінде қалмағаны жайлы жалған айтқан деп есептейді. Сот Ілияс әлгіндей айғақтарды жойып жіберген деп санайды», - дейді әділмин.
Ведомствоның жазбасында судьяның Храпуновтарға Алматы әкімдігі мен «БТА банкі» заңгерлерінің барлық шығынан өтеуді бұйырғаны жайлы жазылыпты. Сондай-ақ, сот шешімінде алдағы уақытта Храпуновтар ешқандай дәлел келтіре алмайтыны және алқабилерге Ілиястың дәлелдерді әдейі жоғалтып жібергенін, әйтпесе олардың арызданушы тараптың талаптарын растаған болар еді деген нұсқау берілетіні айтылған.
Айта кету керек, бұған дейін дәлелдің жетіспеуішілігінен округтік сот Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың қомақты қаржыны заңсыз жолмен АҚШ асырғаны және жемқорлық пен алаяқтық бойынша істі қайта қозғауды кейінге қалдырған.
2018 жылдың 8 қазанында Алматының бұрынғы әкімі Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпунованы сырттай 17 және 14 жылға сотталған. АҚШ соты ол кезде де Қазақстанның Храпунов пен оның туыстарына қатысты шағымын қабылдамай қойған.
Храпуновтардың үстінен қозғалған іс 2011 жылдан бері дау болып келеді. Оларды тұтқындау туралы санкция және халықаралық іздеу жарияланған. Храпунаотарға қылмыстық топ құрды, қомақты қаржы жымқырды, жемқорлық пен экономикалық қылмыс жасады, ақша және өзге де мүліктерді заңсыз түрде иеленді деген сияқты айыптар тағылған.
Храпуновтар қазір Женевада тұрып жатыр.