Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қарыз алушылардан 3-5 есе артық ақша алған микроқаржы ұйымдары әшкереленді

Құқық
Қарыз алушылардан 3-5 есе артық ақша алған микроқаржы ұйымдары әшкереленді
Коллаж: Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алматыдағы экономикалық тергеу департаменті комиссиялық дүкендер, автокөлік жалдау қызметтері және онлайн-платформалар арқылы жұмыс істеген жасырын микронесиелік жүйені анықтады, деп хабарлайды Malim.kz.

Мекеменің мәліметінше, қалада 14 заңды және бір жеке тұлғаға қатысты қылмыстық іс тіркеліп, азаматтарға келтірілген шығын толық өтелген.

Департамент басшысының орынбасары Сабырғали Балғалиевтің айтуына қарағанда, қылмысты талдау барысында кейбір компанияның клиенттермен «тауар сатып алу» шартын жасасып, іс жүзінде оларды кепіл ретінде пайдаланғаны, мүлікті қайта-қайта сатып жіберіп, жасырын үстемақы алғаны анықталған.

— Тергеу аясында алты микроқаржылық ұйымға, оның ішінде Creditum және Sofi Finance ұйымдарына қатысты іс сотқа жолданды. Қарыз алушылар кепілдік шарт түрінде рәсімделген микроқарыздар үшін алған сомадан 3-5 есе көп төлеуге мәжбүр болғаны іс барысында белгілі болды, — деді Сабырғали Балғалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Шығынды өтеп, заңсыз құрылымдардың жолын кесу мақсатында 42,6 млрд теңгенің мүлкіне шектеу қойылып, азаматтардың негізгі қарызы бойынша 1,6 млрд теңге кешірілді. Алматы прокуратурасы әлеуметтік осал санаттағы 60 мыңнан астам азаматтың құқығын қорғау үшін сотқа талап арыз берген.

Бұдан бөлек, 7PAYda.kz сайты арқылы 7 мыңнан астам адамға 10 млрд теңгеден асатын заңсыз қарыз берген Aiken Tech ЖШС-нің қызметі тоқтатылды. Сонымен бірге Comfort Time ЖШС-нің жалған зейнетақы аударымын пайдаланып, 400 млн теңгеден асатын 140 қайтарымсыз кредит алуға мүмкіндік берген схема да анықталды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу