Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста Қазақстан азаматтығына қабылдау және одан шығу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Malim.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 305 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі.
Сондай-ақ комиссия 43 адамның Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынбақ.
Мемлекеттік кеңесші еліміздің азаматтығынан шығуды қалайтындар санының азаю үрдісі соңғы бірнеше жыл бойы сақталып келе жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, соңғы 8 жылда Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер саны шамамен 40 есеге азайған. 2019 жылы азаматтықтан шығу туралы 1,7 мың өтініш тіркелсе, 2020 жылы – 944, 2021 жылы – 123, 2022 жылы – 114, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77, 2025 жылы – 68, ал биылғы жылы 43 жағдай тіркелген.
Қазақстан азаматтығынан шығуды қалайтындар санының азаю үрдісі қазақстандықтардың мемлекеттің тұрақты дамуына сенімін және Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық әрі саяси бағытына деген сенімін көрсетеді.
Бұл социологиялық зерттеулер деректерімен де расталады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты 2026 жылдың сәуір айында жүргізген қоғамдық пікір сауалнамасының нәтижесі бойынша азаматтардың 84,4 пайызы ел дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.