Қазақстанда жақын арада мемлекеттік қызметшілер жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы білімсіз жұмыс істей алмайды. Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев жаңа талаптардың қалай енгізілетінін айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, елде мемлекеттік сектор қызметкерлеріне арналған оқыту бағдарламасы қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда курстардан шамамен 50 мың мемлекеттік қызметші өткен.
«Уақыт өте келе жасанды интеллект бойынша курстар міндетті болады. Егер адам оқудан өтпесе немесе қажетті дағдыларға ие болмаса, мемлекеттік қызметте лауазым атқара алмайды. Бұл — дұрыс тәсіл. Әлем өзгеріп жатыр, ал мемлекеттік қызмет білікті, жоғары тиімді әрі бюрократиямен күресе алатын болуы тиіс», — деді Мадиев.
Еске салайық, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметке Қазақстан Республикасының біліктілік талаптарына сай келетін, жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді орындай алатын және заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген азаматтар қабылданады.
Құқық қорғау органдарына қызметке қабылданатын азаматтар уәкілетті органда тестілеуден өтеді, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалау да бар.
Мемлекеттік қызметке кірген адамдар және олардың жұбайлары Қазақстанның салық заңнамасында белгіленген тәртіп пен мерзімдерге сәйкес мемлекеттік кірістер органдарына жеке тұлғалардың декларацияларын тапсыруға міндетті.