Қазақстанда қаңтар ҰБТ-сы басталды. Ол 10 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Malim.kz.
«Бүгін қаңтар айындағы ҰБТ басталды, ол 10 ақпанға дейін өтеді. ҰБТ-ға қатысуға шамамен 187 мың адам өтініш берді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Талапкерлердің 75,2 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 24,6 пайызы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған. Айта кетейік, өтініш беру кезінде талапкерлер тестілеудің күні, уақыты мен пунктін өздері таңдады», – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Бейіндік пәндер комбинациясы бойынша ең көп таңдалғаны – «Математика – Физика» (19,2%). Бұл бағытты педагогика, инженерия, механика, техникалық және технологиялық мамандықтар, энергетика мен құрылыс саласында мансап құруды көздейтін талапкерлер таңдайды.
Екінші көрсеткіш «Биология – Химия» комбинациясына тиесілі – 16,9%. Бұл бағытты болашақ медицина мамандары таңдап отыр. Ал «Шығармашылық емтихан» комбинациясын талапкерлердің 9,7 пайызы таңдаған, ол шығармашылық мамандықтарға түсуге ниетті жастарға арналған.
«ҰБТ барысында тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Ал апелляцияға тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтініш беруге болады. Апелляцияға өтініш берген талапкердің сертификаты апелляциялық комиссия шешім қабылдағаннан кейін жеке кабинетінде қолжетімді болады», – деп атап өтті министрлікте.