Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлау басталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Астана уақытымен сағат 07:00-де елімізде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмысын бастады. Ал 107 арнайы сайлау учаскесі бір сағат бұрын – 06:00-де ашылды.
Жаңа бірпалаталы парламенттегі бес жылдық 145 депутаттық мандатқа «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» Қазақстанның жасылдар партиясы, Қазақстанның халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» демократиялық партиясы және Respublica партиясы үміткер болып отыр. Парламентке сайлауда 5 пайыздық межеден өткен партиялар ғана өтеді. Сонымен қатар бюллетеньде «Бәріне қарсымын» деген жол қарастырылған.
Сайлауда дауыс беру құқығына 12,5 миллионнан астам қазақстандық ие.
Азаматтар өз сайлау учаскесін арнайы онлайн сервистер арқылы анықтай алады. Ол үшін өңірі мен ЖСН-ін енгізу жеткілікті.
Қазақстаннан тыс 64 елде 82 сайлау учаскесі ашылды. Алғашқылардың қатарында Сеулдегі №422 және Токиодағы №425 сайлау учаскелері жұмысын бастады.
Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де жабылады.
Сайлау 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияға байланысты өтіп жатыр. 15 наурызда республикалық референдумда мақұлданған жаңа Негізгі заң бұрынғы Сенат пен Мәжілістен тұратын қос палаталы парламенттің өкілеттігін тоқтатып, оның орнына Қазақстанның жоғары өкілді және заң шығарушы органы ретінде бірпалаталы Құрылтайды құрды.