Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (ҚКК) жұмысы мен мұнай өндіру көлеміне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта ҚКК-ның Қара теңіздегі теңіз терминалында кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылған.
Соған қарамастан, консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Жағдай тұрақталғаннан кейін мұнайды қайта тиеу жұмыстары дереу басталады.
Энергетика министрлігі құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған уақытша шектеулерге және резервуарлардың шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу үшін мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлемін уақытша қысқартқанын мәлімдеді.
Министрліктің атап өтуінше, мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуі технологиялық сипатқа ие және өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ ведомство ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және тиісті мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Қазіргі уақытта кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға барынша жедел қалпына келтіру үшін қажетті шаралар бойынша консультациялар жалғасуда.