Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов таяуда елордада балалары әскерде қаза тапқан аналардың митингіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Біз оларды қабылдадық. Аналар митингке шыққан мәселенің бәрі тергеу іс-шараларына қатысты болды. Тергеуді Бас әскери прокуратураның бақылауымен Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатыр. Ол жерде бізге қатысы жоқ мәселелер болды, — деді Дәурен Қосанов Сенаттың жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі әскердегі тәртіпті күшейту шараларын жүзеге асырып жатыр.
— Командирлермен, психологтермен жұмыс істеп, камералар орнатып жатырмыз. Айына 1-2 рет баспасөз қызметкерлерінің сапарын ұйымдастырудамыз. Әскерде әлімжеттік жоқ. Бірақ, әскерде ер-азаматтар көп болғаннан кейін түрлі жайттар болады. Бұл қоғамымызда да бар. Жігіт болғаннан кейін келіспей, ерегесіп қалады. Ондай да болады. Әскерді қоғамнан бөлмеңіздер. Біз де қоғамның мүшесеміз, — деді министр.
Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстау облысында сарбаз қайтыс болғаны хабарланды.
Президент әскерде қаза тапқан сарбаздарға қатысты істі тергеу кезінде заңның сақталуын қадағалауды тапсырған еді.