Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясындағы көмір шахтасында болған газ жарылысы салдарынан кемінде 90 адам көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Апат соңғы он жылдан астам уақыттағы елдегі ең ірі тау-кен апаттарының бірі болуы мүмкін.
Қайғылы оқиға Циньюань уезіндегі шахтада кешкі уақытта болған. Жарылыс кезінде жер астында 247 адам болған. Қаза тапқандар саны әлі де артуы мүмкін, өйткені шахтада қалып қойған кеншілердің бар-жоғы нақты анықталған жоқ.
Қазіргі уақытта құтқару операциясы күшейтілген режимде жалғасуда. Жарылыстан кейін 20 сағаттан астам уақыт өтсе де, оқиға орнында шамамен 750 құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Ауруханаларға жеткізілген зардап шеккендердің көпшілігі улы газдан уланған.
23 мамыр күні таңертең шахтадан 201 адамның шығарылғаны, оның ішінде сегіз адамның мәйіті табылғаны хабарланған еді. Алайда кейін қаза тапқандар саны күрт өсті. Мұндай өзгерістің нақты себебі әзірге белгісіз.
Оқиғаға байланысты билік екі адамды, оның ішінде шахта иесін де қамауға алды.