freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресей 9 мамырдағы парадқа шетелдік журналистерге аккредитация бермеді

Әлем
Ресей 9 мамырдағы парадқа шетелдік журналистерге аккредитация бермеді
Alexander Nemenov/AFP

Ресей билігі 9 мамырда Қызыл алаңда өтетін парадқа шетелдік журналистерге жіберілген шақыруларды кері қайтарып алды. Оған тек бірнеше ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ғана қатыса алады деп, бейсенбі, 7 мамыр күні Германияның dpa агенттігі мен Der Spiegel апталығы Ресей президенті әкімшілігіне сілтеме жасап хабарлады.

«Қазіргі жағдайға байланысты парадты жариялау форматы өзгертілді. Сондықтан бұған дейін аккредитация берілген шетелдік БАҚ өкілдері енді шараға жіберілмейді», — деп мәлімдеді Ресей билігінің өкілдері журналистерге. Атап айтқанда, шақырулар Der Spiegel, ARD, ZDF (Германия), Sky (Ұлыбритания), AFP агенттігі, сондай-ақ италиялық Rai және жапониялық NHK телерадио компаниялары қызметкерлерінен кері қайтарылған.

Бұған дейін Ресей билігі батыстық журналистердің аккредитациясын растап, оларға Мәскеу орталығында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған іс-шаралардың кестесін жіберген болатын. Кейін бұл шешімнің күші жойылды — Der Spiegel басылымының мәліметінше, Ресейде парад өткізіліп келе жатқан уақыт ішінде мұндай жағдай алғаш рет болып отыр. Шақырулардың нақты қашан жіберіліп, кейін қайтарылып алынғаны нақтыланбаған.

Ушаков: Ресей шетелдік қонақтарды парадқа «арнайы» шақырмаған

Биыл Ресей парадқа шетелдік қонақтарды арнайы шақырмағанын 7 мамыр күні президент көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді. Ол себепті нақтыламады, бірақ 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа көптеген шетелдік қонақтардың қатысқанын еске салды.

Ушаковтың айтуынша, бірқатар шетелдік лидерлер парадқа өздері қатысуға ниет білдірген. Атап айтқанда, Ресейге өзін-өзі жариялаған Абхазия мен Оңтүстік Осетия басшылары, сондай-ақ Беларусь, Лаос елдерінің лидерлері, Словакияның премьер-министрі, Малайзия королі және Серб Республикасының басшылығы келеді. Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинянның парадқа келуден бас тартқаны белгілі.

Парад Украина тарапынан төнген қауіпке байланысты қысқартылған форматта өтеді

Биыл Қызыл алаңдағы парад 2007 жылдан бері алғаш рет әскери техникасыз өтеді. Сонымен қатар Ресей билігі әскери суворов және нахимов училищелерінің, сондай-ақ кадет корпустары тәрбиеленушілерінің қатысуынан бас тартты. Ресей Қорғаныс министрлігі бұл шешімді «қазіргі жедел жағдаймен» түсіндірді. Ал Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әскери техниканың мерекелік шараларға қатыстырылмауын Украинаның «террористік қаупімен» байланыстырды.

Бұдан бөлек, Ресейдің кейбір өңірлерінде Жеңіс күніне арналған жаппай іс-шаралар да тоқтатылуда. Мәселен, Пермь, Нижний Новгород, Саратов, Чувашия және Калуга облысында парадтар өтпейді. Воронеж, Курск, Брянск және Белгород облыстарында мерекелік отшашудан бас тарту туралы шешім қабылданды. Санкт-Петербургтегі парадта да әскери техника қолданылмайды деп жергілікті «Фонтанка» интернет-басылымы хабарлаған.

9 мамыр мерекесіне арналған іс-шараларға енгізілген өзгерістер Украина тарапынан Ресейдің түрлі қалаларындағы нысандарға жасалған шабуылдардың жиілеуімен де байланысты. Мәселен, мамыр айының басында Мәскеудегі Мосфильмовская көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйге дрон соғылған. Ал 7 мамыр күні Пермь өлкесіндегі «өнеркәсіп кәсіпорындарының біріне» ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасағанын өңір губернаторы хабарлады. БАҚ мәліметінше, сөз Пермьдегі «Лукойл-Пермнефтеоргсинтез» (ПНОС) мұнай өңдеу зауыты туралы болып отыр. Бұл кәсіпорынға сәуір айының соңында да шабуыл жасалған еді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу