freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресей Өзбекстанда ұрланған азаматының 23 жылға сотталғанын мәлімдеді

Әлем
Ресей Өзбекстанда ұрланған азаматының 23 жылға сотталғанын мәлімдеді
ФСБ архивінен

Ресей Федерациясының Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ/ФСБ) Ресей азаматы Георгий Пироговтың Польша пайдасына тыңшылық жасады деген айыппен 23 жылға бас бостандығынан айырылғанын мәлімдеді. ФҚҚ таратқан мәлімдемеге сәйкес, ол Польша арнайы қызметіне Ресей Қарулы күштері Украинаға қарсы соғыста қолданып жатқан перспективалы қару үлгілері мен зымыран кешендері туралы ақпарат берген.

ФҚҚ нұсқасы

ФҚҚ мәліметінше, 2022 жылдың сәуірінде Пирогов Польшада жүрген кезінде Польша Әскери барлау қызметінің өкілімен өзі байланысқа шығып, одан «құпия мәліметтерді жинау және беру» тапсырмасын алған.

Арнайы қызметтің нұсқасы бойынша, Ресей азаматы Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешені қызметкерлері арасындағы байланыстарын пайдаланып, зымыран кешендерінің өндірісі мен қолданылуы туралы құпия ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік құпияға қолжетімділігі бар адамдардың жеке деректерін алған. Бұл адамдарды кейін «Ресей қауіпсіздігіне қарсы қызметке» тарту мақсатында пайдаланбақ болғаны айтылған.

Сонымен қатар Пирогов Украина Қарулы күштерінің қажеттіліктеріне криптовалюта арқылы ақша аударды, әскери жабдықтар сатып алды және оларды Польша аумағынан Украинаға жеткізуді ұйымдастырды деп айыпталған.

Алайда ФҚҚ мәлімдемесінде Пироговтың Ресей аумағына қалай келгені нақтыланбаған.

Ресей азаматы Өзбекстанда жоғалып, Мәскеудегі тергеу изоляторынан табылды

Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғысы басталғаннан кейін Грузияға кеткен 37 жастағы Георгий Пироговқа қатысты үкім туралы шілде айында белгілі болды. «Медиазона» басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасап, Мәскеу қалалық соты оны «мемлекетке опасыздық» жасады деген іс бойынша қатаң режимдегі колонияда 23 жылға бас бостандығынан айырғанын хабарлаған. Ол кезде айыптаудың нақты мән-жайлары белгісіз болған.

Басылымның жазуынша, 2024 жылдың жазында Пирогов Өзбекстанға іссапармен барған. 6 шілдеде ол Қоңырат қаласында жоғалып кеткен, ал оның көлігі одан 90 шақырым жердегі Нүкіс қаласынан табылған.

Пироговтың туыстары бұқаралық ақпарат құралдарына оның Бұхарадан Грузияға ұшып кетуді жоспарлағанын айтқан.

9 шілдеде оның Мәскеудегі тергеу изоляторында отырғаны және мемлекетке опасыздық жасады деген күдікке ілінгені белгілі болды. Тамыз айында Ресей азаматының тергеу барысында өз кінәсін мойындағаны туралы хабарланды.

Алайда оның Ресей аумағына нақты қалай жеткізілгені белгісіз.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу