freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Салық органдары аударымдарды тексеруді бастады

Қоғам
Салық органдары аударымдарды тексеруді бастады
Фото: depositphotos.com

Қазақстандықтардың мобильді аударымдары туралы деректерді барлық банктер салық органдарына тапсырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Екінші деңгейлі барлық банктер Қазақстан азаматтарының мобильді аударымдары туралы мәліметтерді салық органдарына толық тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта салық органдары алынған деректерді өңдеп, салыстырып жатыр, сондықтан нақты қанша адамға хабарлама жіберілетіні және қандай санаттағы азаматтар қамтылатыны туралы айту әзірге ерте.

«Бүгінгі таңда барлық банктер мәліметтерді ұсынды, біз оларды қабылдадық. Қазір осы деректер өңделіп жатыр. Қандай да бір қорытынды — қандай санаттар, қандай шаралар — әзірге айта алмаймыз, өйткені алғашқы хабарламаларды тек мамыр айында жібереміз», — деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, салық органдары әлі де мәліметтерді талдап, оларды санаттарға бөлуі керек. Яғни, бұл жеке кәсіпкерлер ме, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ма, резидент еместер ме немесе басқа тұлғалар ма — соны анықтау қажет.

Сонымен қатар, әртүрлі банктерден келген деректерді салыстыру керек, өйткені әңгіме бір азаматтар туралы болуы мүмкін.

«Қазір нақты қанша адамға хабарлама жіберілетінін айту әлі ерте. Мамыр айында хабарламаларды жолдай бастаймыз», — деп қайталады Біржанов.

Бұған дейін 15 сәуірге дейін банктер 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша мобильді аударымдар туралы деректерді салық органдарына тапсыруы тиіс болғаны хабарланған еді. Фискалдық органдар тек үш шарт бірдей орындалған жағдайларға назар аударады:

— аударымдар 100 және одан да көп әртүрлі адамнан түскен;

— бұл үш ай қатарынан болған;

— жалпы сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асқан (1 020 000 теңге).

Сонымен қатар, Қаржы министрлігі бұл автоматты түрде айыппұл салу дегенді білдірмейтінін атап өткен. Алдымен салық органдары хабарлама жіберіп, түсініктеме сұрайды, содан кейін ғана нақты жағдай бойынша шешім қабылданады.

Сондай-ақ мұндай хабарламаға оны алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде жауап беру қажет екені айтылған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу