Шахтинск қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллонынан газ-ауа қоспасының жарылысы болды. Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті, оның бесеуі – тұрғындардың шақыруымен келген полиция қызметкерлері, деп хабарлайды Malim.kz.
Зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілді.
Оқиға туралы хабар Қарағанды облысы ТЖД-ның 112 пультіне полициядан түскен. Хабарлама алынғаннан кейін төрт минут ішінде ТЖМ күштері оқиға орнына жетті. Оқиға орнына келгенде жиһаз бен тұрмыстық заттардың жанып жатқаны анықталған.
Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан бес адамды баспалдақ арқылы эвакуациялады. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды эвакуациялаған, ал қалғандары ғимараттан өз бетімен шыққан.
Тұрғындар үшін ТЖМ-нің вахталық көлігі арқылы жылыту ұйымдастырылып, арнайы жылыту пункті ашылды.
Өрт ТЖМ күшімен 40 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Оқиға орнында ТЖД басшысының жетекшілігімен өрт сөндіру штабы құрылды. Сол жерде өрт сөндірушілер, құтқарушылар, медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеуде.
Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, бөтеннің мүлкін қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасында ем алып жатыр және күзетке алынған. Жазылғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалады. Қазір жан-жақты тергеу жүргізілуде.