freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Сенат бірқатар маңызды Заңды пысықтайды

Саясат
Сенат бірқатар маңызды Заңды пысықтайды
Фото: senate.parlam.kz

Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда палата депутаттар маңызды Заңдарды қарап, бірқатар халықаралық келісімді талқыға салады, деп хабарлайды Malim.kz.

Сенаторлар алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды 2-оқылымда қарайды.

Бұған дейін 1-оқылымда мақұлданған құжатта экологиялық ақпаратты шоғырландыратын бірыңғай ұлттық деректер банкін қалыптастыру көзделеді. Оның құрамына мониторинг жүйелерінің деректері мен өндірістік экологиялық бақылау нәтижелері енгізіледі. Бұл ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етіп, бақылаудың тиімділігін арттырады. Орман және жайылым көміртектік офсеттері институтын енгізеді. Ол жеке инвестицияларды тарту арқылы орман отырғызу жобаларын дамытуға және еліміздің климаттық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді.

Заңсыз қоқыс орындарын жою жөніндегі өкілеттіктер жергілікті атқарушы органдарға беріледі. «Қазгидромет» қызметінің мемлекеттік функциялары мен бәсекелі негізде көрсетілетін қызметтері нақты ажыратылады. Құқық қолдану тәжірибесінде орын алған олқылықтарды жою үшін артық эмиссиялар бойынша есептеу тәртібі нақтыланады.

Отырыстың күн тәртібіне «Психологиялық қызмет туралы» Заң да шығарылады. Онда уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері, сондай-ақ психологтер мен психологиялық көмек алушылардың негізгі құқықтары мен міндеттері белгіленеді.

Құжат бірқатар ережемен толықтырылған. Мәселен, онлайн-платформалар арқылы психологиялық көмек көрсету мәселелері реттеліп, осындай қызметтерді ұсынатын психологиялық қызмет субъектілеріне қойылатын тиісті талаптар айқындалған.

Бұдан бөлек, психологтің Әдеп кодексін сақтау талабы енгізілді, мамандарды психологтер тізіліміне енгізу және тізілімнен шығару тәртібі регламенттелді. Сонымен қатар, адам психикасына белсенді әсер ететін заттарды және әдістерді қолдануға тыйым салынды.

Сенаторлар қарайтын келесі Заң - «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».

Заң электрондық сауданы реттеу бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың жаңартылған талаптарына сәйкес әзірленген. Құжат электрондық сауда тауарларын жеке санатқа бөлуді және «электрондық сауда операторы» ұғымын енгізуді көздейді. Мұндай операторлар интернет алаңдар арқылы сатып алынған тауарлардың логистикасын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ бұл кедендік декларациялау және тауарларды сақтау рәсімдерінің сақталуы мәселелері бойынша кеден органдарымен өзара іс-әрекетті жолға қоюға мүмкіндік береді. Халық үшін кедендік рәсімдер жеңілдетіліп, электрондық сауда тауарлары импортының толық әрі шынайы статистикасы мен құрылымы қалыптасады. Трансшекаралық электрондық сауда саласы ретке келіп, нарықтың ашықтығы артады.

Палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды та талқыға салады. Оның негізгі ережелері техникалық және кәсіптік білім беру мен кәсіби біліктілік жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ көші-қон саясатын реттеуге қатысты. Құжатқа денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және инклюзивті білім беру салаларын қамтитын түзетулер енгізілген. Осылайша, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмыс тәртібі заңнамалық деңгейде айқындалады.

Салымшының қалауы бойынша инвестициялық портфельдің басқарушысына зейнетақы жинақтарын басқаруға берудің нормалары қабылданды. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу, олардың орындалуын мониторингілеу және бағалау қағидалары айқындалды. Түзетулердің жеке блогы үш жасқа дейінгі денсаулығында ауытқу бар балаларды анықтау мен қолдауға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың интеграцияланған модулін енгізуге, арнайы білім беру ұйымдарын лицензиялауға бағытталған.

«Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Заң да ілеспе түзетулерімен сенаторлар қарауына шығарылып отыр. Құжат сенаторлар тарапынан мақұлданғаннан кейін радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму жөніндегі жекелеген операцияларды реттеуден радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің тұтас жүйесін кешенді реттеуге көшуге мүмкіндік береді.

Мұнан бөлек, атом энергиясын пайдалану объектілерінің ерекшелігін, ықтимал қауіп деңгейін, қауіпсіздік талаптарын және осы саладағы халықаралық тәсілдерді ескере отырып, тұрақты мемлекеттік бақылау мен қадағалау режимін енгізу және оны жүзеге асыру тәртібін заңнамалық тұрғыдан бекітетін түзетулер енгізілген.

Сонымен қатар «ядролық мұра объектілері», «Атом электр станциясының ұлттық операторы» ұғымдары енгізіліп, өзге де нормалар қарастырылған.

«Кредиттік рейтинг қызметі туралы» Заң да ілеспе түзетулерімен палата депутаттарының қарауына ұсынылады. Құжат аясында рейтингтік қызметтің негізгі қағидаттары, соның ішінде ашықтыққа, рейтингтердің сапасына қойылатын талаптар, мүдделер қақтығысының алдын алу және ақпараттың құпиялылығы белгіленеді.

Сондай-ақ кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметіне, олардың капиталына, бағалау әдіснамаларына және халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану тәртібіне қойылатын талаптар айқындалады.

Сонымен қатар кредиттік рейтинг алудың ерікті сипаты бекітіледі, мемлекет қатысатын заңды тұлғалар үшін кредиттік рейтингтің болуы міндеті енгізіледі. Қазақстандық рейтингтік агенттіктер үшін жарғылық капитал туралы талап енгізіледі, сондай-ақ рейтингтік қызметті жүзеге асыру үшін мемлекеттік деректер базасынан ақпарат алу мүмкіндігі беріледі.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу