Астанада жаралы азаматты құтқармақ болып қаза тапқан жас фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел марқұм жарына арнап әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Жолдасының жариялаған жазбасынан оның қайғысы мен сағынышы айқын сезіледі. Әділет Зейнелдің айтуынша, марқұм жұбайы Ұлдана оның өмірінің жарығы, тірегі, демеуі болған.
"100 күн... Түсімде сені дәл осылай құшақтаймын... Біз бұлттардың үстінде тұрғандаймыз, сен аппақ киімде, жарық жүзді, тыныш, жаным. Маған қолыңды созасың, мен оны ұстаймын. Сол сәттерде бәрі қайтадан өз орнына келгендей. Жаным жай табады. Жүрегім тынышталады. Сен қасымдасың.
Бірақ кейін оянамын… Сенің жоқ екеніңді түсінемін. Ондай сәттерде көз ашқым келмейді. Өйткені түсімде сен меніменсің, ал шынайы өмір сенсіз тым бос, тым қаңырап қалған.
Адамдар: "Сені түсінемін", – дейді, "Алдыңда әлі бәрі бар", – дейді… Бірақ менің "алдағы өмірім" сен едің. Барлық арманым сенен басталатын. Кез келген болашақта бізді бірге елестететінмін.Сен менің өмірімнің жарығы едің. Сен менің тірегім, күшім, қорғаным едің. "Әр ер адамның артында оның әйелі тұрады" дейді ғой… Ал менің артымда қазір үнсіздік. Бірақ сенің махаббатың мені әлі де ұстап тұр деп сенемін.
Егер сен қасымда болсаң, мені мұнша күйретуге жол бермес едің… Сен мені әрдайым мықты ететінсің. Мен сені сағындым… Мен сені жақсы көремін…" – деп жазды ол.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 18 қарашасында Ұлдана Мырзуан ауыр жарақаттан кейін ес жимастан ауруханада көз жұмды. Ол қызметтік міндетін атқарып жүріп қаза тапты.
8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылындағы тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері опырылып құлап, бес адам зардап шеккен еді. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатқан сәтте, екінші қабаттан құлаған кондиционер оның үстіне түскен.
Марқұм осы батылдығы үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.