Абай облысындағы өрттен 14 орманшы көз жұмды
Қаза тапқандардың жеке басы туралы мәліметтер анықталып жатыр
Өртті сөндіру жедел штабының мәліметінше, іздеу жұмыстары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның денесі табылған. Қаза тапқандардың жеке басы туралы ақпараттар анықталып жатыр.
Осыған дейін үш орман шаруашылығы қызметкерінің денесі табылған болатын. Осылайша жалпы қаза тапқандар саны 14-ке жетті.
Абай облысының әкімдігі Семей орманындағы өртті сөндіру кезінде жоғалып кеткен 14 маманның барлығы қаза болды деген ақпаратты кеше жоққа шығарған еді.
«Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өрт кезінде жоғалып кеткен орманшылықтың барлық 14 қызметкері өлі табылды деген ақпарат тарала бастады. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі растаған ресми деректерге сәйкес, орман шаруашылығында қаза тапқан үш қызметкер ғана табылды. Тек ресми ақпарат көздеріне сенуіңізді сұраймыз», - делінген болатын әкімдік мәліметінде.