"Ақ пен қарадағы" алты кеңес әйелдің міндетіне кірмейді

3 ақпан күні Маңғыстау облысы тұрғыны лото-клубты өртеп жібергенін естіген боларсыздар. Өз қылмысын мойындаған ер адам бұл ісін "мұндай ойындар адамдар мен жастарды қызықтырады, құмарлық - ауру", мен сияқты құмар ойынның шырмауына жастар кіріп кетпесін деген мақсатпен жасадым деп түсіндірді.

Құмар ойынның кесірі айтпаса да белгілі. Танымал әнші Бағлан Әбдірайым 2019 жылы құмар ойын шырмауынан қалай шыққаны жайлы кітап шығарды және бұл кітапта тек құмар ойыншыларға ғана емес, олардың әйелдеріне де арналған. Яғни кітаптағы әйел рөлі мен образына талдау жасау арқылы. Б.Әбдірайым үшін әйел тек жақсы сөйлеп, жылы қабақ таныту үшін ғана керек деген ой түйіндедім және бұл қауіпті ойды жұрт үлгі тұтатын адамдардың бірі кітабы арқылы дәріптейтіні үрей тудырады. Себебі бұл кісі “Baglan Abdraim” өнер орталығында болашақ ұрпақ тәрбилеп отыр. Яғни бұл кісінің жауапкершілігі мен ықпалы жоғары. Толығырақ төменде оқысаңыз болады.

Кішкентай кезімде жақсы көретін топтарымның бірі “Жігіттер» квартеті болатын, қазіргі күнде танымал топ мүшелері әр отбасының отағасы болып отыр. Көбісіне мәлім шығар топ мүшелерінің бірі Бағлан Әбдірайым құмар ойын дертінен зардап шегіп жүрген жандарға кеңес беру, қолдау көрсету, көмектесу мақсатында «Ақ пен қара» кітабын жарыққа шығарған.

Ол осы дертпен күресіп, өзін қолына алып, айыға алғандықтан бұл бастамасын толықтай қолдаймын және алғысым шексіз, себебі құмар ойының қызығынан шыға алмай өміріне балта шапқан жандар қаншама және ондай жандарға бұл кітаптың тигізген көмегі мол екеніне сенімдімін. Оның үстіне кітап тек құмар ойынды доғарғысы келгендерге ғана емес, сол адамдардың жақындарына арналған ақпаратты да қамтиды.

Мысалы “Әйелге айтар алты кеңес” деген жеке бөлім бар. Бірақ Бағлан мырзаға сенсек, ол құмар ойынға кіріп кетсе де әйелі “үйде реніш болса да, мен қанша рет ішіп келіп, араққа салынып, қарызға батып жатсам да, мені кіналап, қарсы сөз айтқан жоқ.” Бағлан мырзаның асыл жары қиын сәтте оған қажет қолдау мен демеу бере алғанына қуаныштымын. Дегенмен басқа әйелдерге бұны кеңес ретінде насихаттау қаншалықты орынды?

Құмар ойындар мен маскүнемдікке салынған күйеулерінен зардап шегіп жүрген әйелдерге берілген кеңеске сараптау жасасақ “күдер үзбеу”, “кінәламау”, “ер-азаматты жазғырмау”, “қанша жерден шаршаса да күйеуіне асты адалынан беріп, жылы қабақ таныту”, “күштісің деп мақтау”, “достарына жақсы қарым-қатынас таныту”, “эмоцияға ерік бермеу, сабыр қылу”, “күйеуі ішіп келетін болса, өзін соған психологиялық тұрғыда дайын ұстау”, “қалай болған күнде де үйдің берекесін сақтауды ойлау”, “сөз таластырмау”, “оның ісіне араласпау”, “оның жұмыстарына, айналысып жүрген ісіне бас сұқпау”, “шешім қабылдауды оның құзырына қалдыру” деген кеңестер берілген. Жарайды, онсыз да өзін қоярға жер таппай жүрген адамды кінәламай, жазғырмай, үміт үзбей, мотивация беру оң әсерін берер. Бірақ бұл айтылған кеңестерге ортақ ой – ер адам маскүнем болса да, құмар ойынның кесірінен ойына келгенін жасаса да оған ләм-мим демей, тамағын беріп, қарсы сөйлемей барлығына шыдап отыра беру керек екен-мыс әйелдерге.

Енді сұрақ… әйел адам ішіп кетсе немесе құмар ойынға кіріп кетсе дәл осы кеңестерді күйеуіне айтар ма едіңіз? Еркекке отбасының тыныштығы үшін барлығына төз, шыда, әйелің ішіп келсе қайта өзіңді дайын ұста деп айтуға қалай қарайсыз? Егер жауабыңыз “жоқ” болса онда неге бұл кеңестер тек әйел баласына айтылуы керек?! Неге о бастан құмар ойынға, араққа салынып кеткен, үйдің берекесін бұзған еркектің орнына әйелі үйдің берекесін сақтау үшін төзуі қажет екен? Әлде әйел үндемей көне берсе еркек өз сабасына түсе ме? Ішкіш әйелдің күйеуіне барып ешкім төзе біл, шыдай тұр, өзішешім қабылдасын деп айтпайтыны белгілі ғой. ОНДА НЕГЕ БҰНЫ ӘЙЕЛДЕН КҮТЕДІ ЖӘНЕ ТАЛАП ЕТЕДІ? Қайдан келген түсінік бұл??? Мені мазалайтын осы сұрақ.

Сонымен қатар Бағлан мырза әйелдерге мынадай ақыл айтады: “Әйел адам еркегіне сенімсіздік танытып, көңілі толмайтынын білсе, ер адамның тірлік жасауға деген ынта-жігері қалмайды”, “Күйеуім жаман дегенмен, сізге ешкім жақсы күйеуін әкеліп бере салмайды”. Еркектің ынта-жігері, өзіне деген сенімі қашаннан бері әйелге тәуелді болған? Сонда көңілі толмай жүрсе де үндемей жүре беру керек пе? Жаман күйеуді жақсы еркекке айырбастауға болмайды деп кім айтты? Неге еш дәлелсіз, еш негізсіз ондай кеңес бересіз? Отбасы тыныштығы қашанғы әйелдің көнбістігі мен үндемеуімен сақталуы керек? Неге қазақ қызы көнсең, төзсең, шыдасаң әлі-ақ бәрі жақсы болады деген үмітпен өмір сүруі керек?

Егер де сіздің аргументіңіз әйел қырықжанды/қырықшырақты болса, онда бұл биологиялық, физиологиялық, психологиялық жағынан еш дәлелденбеген нәрсе, бұл тек қоғам құрастырған түсінік қана, бұл жатыр немесе аналық без сияқты туабіткен, табиғат ойластырған, әр әйелдің бойында бар, әр әйелге тән дүние емес. Әйел болып жаратылғаны үшін ғана ондай талап қою бассыздық.

Неге маскүнем, құмар ойыншы күйеуінен жәбір көріп жүрген әйелдерге “ер адамыңызбен сөйлесіңіз, оны арнайы мамандарға апарыңыз, барлығына төзіп, ауыз ашпай жүре бермеңіз себебі жағдай ушығып кетуі мүмкін, арнайы маман ғана емдеу арқылы көмектесе алады. Ол ішімдікке, құмар ойынға салынып кеткендіктен үйдің берекесі мен тыныштығы қашса, балалардың мазасы кетсе, өзіңізге қандай да бір қауіп төніп тұрса, араққа тойып алғандықтан немесе ақша ұтылып қалғандықтан ойына келгенін істеп, сізге жәбір көрсетсе, басқа адамдардың көмегіне жүгініңіз, бұл үнсіздікпен шешілетін мәселе емес” деген кеңес неге берілмейді?

Ішімдік пен құмар ойынға тәуелді адамдардың өз отбасы үшін және қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін, оларға арнайы ем керек екенін дәлелдейтін дерекетермен бөлісейін. Құмар ойыншылардың әйелін, анасын өлтіргені немесе ақшасын тартып алғаны туралы соңғы жаңалықтардан үзінді:

1. Үш баласымен бірге терезден секірген әйелдің бұл шешіміне күйеуінің құмар ойын ойнағаны мен басқа бақуатты әйелмен көңіл қосқаны, өзінің ақшадан қысылғаны себеп болған делінген. Алматы, Қараша, 2021ж;

2. Крематорияда арақ ішіп, есірткі қабылдап құмар ойын ойнайтын діни қызметкер мен оның таныстары 9 жасар қызды зорлап, өлтіріп, өртеп жіберген. Дели, Индия, Тамыз 2021.

3. Таксист клиентті темірмен ұрып, ақшасын ұрлап, оны құмар ойын мен ішімдікке құртқан. Петрозаводск, Ресей, Қараша 2021.

4. 27 жасар полиция қызметкері құмар ойыннан ұтылып қалған соң экспресс кредит беретін мекемеде жұмыс жасайтын қызды ұрып, тонап кеткен. Москва, Ресей, Наурыз 2021.

5. Күйеуі жұбайының ақшасын ішімдікке, құмар ойынға тартып алады, төпелеп ұрады. Әйелі одан ажырасып кетсе де күйеуі оны пышақтап өлтіріп, түрмеге түскен. Қостанай, Қазан 2020ж.

6. Әйелінің жалақысын құмар ойын мен бильярдқа жаратып, үлкен қызын ұрып тастаған. Ал қыздың анасы ақша табу үшін басқа елге жұмыс істеуге кеткен. Қырғызстан, Қаңтар 2019ж.

7. Бинго клубтарының тұрақты клиенті үлкен шығыннан кейін анасы мен атасын өлтірген. Шымкент, Сәуір 2018ж.

8. Құмар ойынның қызығынан шыға алмаған, әбден қарызға батқан күйеуі әйелін үйді сатуға мәжбүрлеген, бірақ келісім алмағандықтан әйелі мен баласын атып өлтірген. Лос-Анджелес, Қазан 2017ж.

9. 6 жылдан бері құмар ойын тұзағынан шыға алмай, емделу арқылы дертті жеңіп шыққан жас ер адамның оқиғасы.

Тағы бір мәселе, кітап шыққан жылдан бері жиырмаға жуық түрлі БАҚ кітап туралы ақпараттың таралуына өз үлесін қосты деуге болады. Мысалы “Qazaqstan” ұлттық телеарнасы,“АлматыТВ”, “НТК ” телеарналарындағы бағдарламаларда, “Kznews”, “Sputnik”, “Ernur”, “Sn”, “Nege”, “Tengrinews”, “Stan”, “Kaz.nur” ақпараттық порталдарында және “Қармақшы таңы”, “Толқын” газеттерінде 2019 жылдан бері Б.Әбдірайымның "Ақ пен қара" кітабы жайлы түрлі мәлімет шығуда. Бұның барлығы кітаптың одан әрі танымал болуына, сұранысқа ие болуына, ондағы ойлардың таралуына алып келетіні сөзсіз. Тіпті осыдан 1-2 ай бұрын Түркістан облысындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларымен авторлық кездесу  өткен. Алматыда қалалық жасөспірімдер кітапханасында әнші Бағлан Әбдірайымовтың "Ақ пен қара" кітабының таныстырылымы өткен.

Қорытындылай келе бірнеше сұрақ туындайды:

  •  Құмар ойыншы, маскүнем адамдардың қауіпті екенін түсіне тұра әйелдерге «үндеме, жай ғана өзіңді психологиядық тұрғыдан дайын ұста, дұғаңды тілеп, өзі бір шешімге келгенге дейін төзіп жүре бер», деп кеңес беру қаншалықты қауіпсіз және нәтижелі деп ойлайсыз?
  •  Сіз насихаттайтын ой сізге құлақ асатын адамдарға әсер ететінін түсінесіз бе? Сіз қоғамда өз статусы, аудиториясы бар, ықпал жасай алатын адам болғандықтан бір ойды жеткізбес бұрын жауапкершілікті сезінесіз бе? Сіз дәріптейтін ойлар қазіргі күннің өзінде мектеп оқушылары мен жасөспірімдірге жеткен.
  • Бағлан мырза, сіздің ойыңызша әйелдің ер адам өміріндегі рөлі қандай? Әйел баласы тек тамақ жылытып, жымию үшін ғана керек па?

Менің бар айтпағым, жәбір көріп жүрген әйел баласын төзімдікке, көнбістікке шақыру арқылы құмар ойыншылардың мәселесі шешіле салмайды, қайта салдары өте ауыр болуы әбден мүмкін. Үйдің берекесі үшін шыда деген сөзді әйел баласына емес, қайта ер адамға отбасы тыныштығы үшін құмар ойынды, арақ ішуді тоқтат деп айту тиімдірек болады деп сеніммен айта аламын.

Ал сөзімді дінтанушы Тұрар Түгелұлының “Ібіліске ілескен – адамдықтан алыстайды немесе құмар ойындары харам” мақаласында атап өткен құмар ойынға қатысты ақпаратпен аяқтайын “Қазір екі күннің бірінде атып кетті, пышақтап кетті, зорлап кетті немесе тағы да басқалай келеңсіз ақпараттар селдей тасып жатыр. Бастапқыда құлаққа түрпідей тиетін болса, қазір етіміз өліп кеткені соншалық, жаға ұстайтын жаңалық қалмады. Осының барлығы құмарға еліккен адамдардың қолымен жасалып жатқан қылмыстар. Өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату... Міне, көзін шел басқан құмар ойынға елітушілердің арасында өз әйелін, үйін, көлігін бәске тігушілердің де қатары аз емес”, - деген сөзімен аяқтағым келеді.

Жаннұр ДІЛДАБАЕВА,

әлеуметтанушы

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

22.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

22.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

22.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады