Арыстанбек Мұхамедиұлы: атып тастаса да мейлі...
Бүгін бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта «соңғы сөзін» айтты.
«Құрметті сот! Мен кез келген жазаға келісемін, тіпті атып тастаса да мейлі – бірақ тек ақша жымқырды деген айып емес. Қазақтың керемет мақалы бар «өлімнен ұят күшті" деген. Мен 60 жыл лайық өмір сүрдім», – деді бұрынғы министр.
Арыстанбек Мұхамедиұлы Астанадағы Ұлттық музей директоры болып тұрғанда 140 млн теңге жеді деген күдікпен былтыр мамыр айында ұсталған болатын.
Ол сома «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу», «Қазақстан Республикасының ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» сияқты жобаларына бөлінген қаражат екен.
Бұл істе бұрынғы министрді қосқанда, төрт айыпталушы бар. Осыған дейін прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлын тоғыз жылға, қалған үшеуіне сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.