Автопарк: Полиция жұмыс істетпейді
Жақында ғана тағайындалған Алматы облыстық ІІД бастығы генерал Күдебаев қол астындағылардың автобус қуып жүргенін біле ме екен?..
Алматы облыстық полиция қызметкерлері автобус жүргізушілерінің жұмысына жиі кедергі келтіреді. Бұл туралы Malim.kz тілшісіне жолаушылар тасымалымен айналысатын «ДуманТранс.com» ЖШС қызметкерлері айтты.
Бүгін таң ертең 6-дан бастап жолға шығуға тиіс Алматы-Талғар арасына қатынайтын 207 бағыттағы автобустың екеуі жұмысқа шыққан жоқ. Өйткені, кеше ғана облыстық жол полиция қызметкерлері мем.нөмірін шешіп алған.
Мем.нөмірін шешіп алған автобустар. "ДуманТранс.com" автопаркі.
- Бұл бір бүгін болып отырған жағдай емес. Біздің жап-жаңа автобустарымыздың жолға шыққанына 6 айдан жаңа асты, содан бері көріп келе жатқан құқайымыз. Қазір облыстық полицияны көрсем жүрегім айниды. Бәрі шетінен сауатсыз, білімсіз, тесттен өтпеген, өз міндетін білмейтін, мәдениетсіз жігіттер. «Сотрудниктердің» осындай болғанына қынжылам. Шаш ал десе бас алады. Мысалы кеше біздің жігіттермен ерегісіп, әйтеуір бір сылтау тауып, нөмірін шешіп алған. Бүгін екі автобусымыз кем, онсыз да адамдар сыймай жатқанда, қаңтарылып құры тұр, - дейді «ДуманТранс.com» компаниясының директоры Ғалымжан ҚҰСАЙЫНОВ.
Компания басшысының айтуынша, облыстық полиция қызметкерлері автобустарды тексеру үшін арнайы рейд жүргізу керек, ал, олар автобусты ішінде толып отырған жолаушысымен қоса қаңтарып қойып, әр ұсақ-түйекке шұқшиятын көрінеді. Сондағы тапқандары дәрі-дәрмек қобдишасы мен дөңгелекке қатысты мін табу. Жолпол қызметкерлері «аптечканың» ішінде дәрі жетіспейді деген сылтаумен айыппұл жазып, онымен қоймай мемлекеттік нөмірін шешіп алған.
А.ӘБІЛҚАЙЫРОВ
- Кеше Талғардан Алматыға кетіп бара жатқанда тоқтатып алды. Не себеп деп едім, артқы жағыңызда «брызговик» жоқ деді, тасқағар дей ме қазақша... Сосын дөңгелектеріңіз «летний» деді. Сөйтіп, осы екеуі үшін айыппұл салды. 36 жылдан бері автобус айдап жүрмін, автобус дөңгелектерінің қысқы, жазғы болып бөлінетінін бұрын-соңды естімеппін. Қазіргі дөңгелегіміздің жағдайы өте жақсы, салынғанына екі-ақ ай болған. Жолаушылар бір сағаттай күтіп отырды. Тоңып. Сосын, автобусты паркке апарасыз деді. Бұл дұрыс емес қой, үлкен кісілер бар, жас балалар бар, солардың жағдайын ойлауы керек қой алдымен, - дейді 207 бағыттағы автобус жүргізушісі Амангелді ӘБІЛҚАЙЫРОВ.
Кеше мем.нөмірінен айрылған екінші автобустың жүргізушісі Азамат ӘБДІБАЕВ та өзінің кінәсіз екеніне сенімді.
А.ӘБДІБАЕВ
- Мен бұл паркте қазаннан бері істеп жатырмын. Кеше жол полициясы тоқтатты. Құжатымды сұрады. «Аптечка», «огнетушитель» сұрады, көрсеттім. Апаттық белгі сұрады, ол жоқ... Сосын, нөміріңізді шешіңіз деді. Шешіп бердім, адамдарды апарып тастаңыз да автобусты паркке қойыңыз деді. Болғаны сол, - дейді ол.
Әбдібаевтың сөзінше, ол ешқандай жол ережесін бұзбаған. Оны қарама-қарсы бағытта келе жатқан жол полициясы «мавтобусты көре салып, дауыстап тоқтатқан».
«ДуманТранс.сom» компаниясының автобус жүргізушілері таңғы сағат 4-тен бастап түнгі сағат 11-11:30-ға дейін жұмыс істейді. Одан ары үйге барғанша түнгі сағат 1 болады. Жалақылары күніне 9 мың теңге. Бірақ, ауыр жұмыс болғандықтан екі күн істеп, екі күн демалады.
Автопарк қызметкерлері
207 бағыт бойынша бригадир, 6 жылдан бері осы компанияда істеп келе жатқан Жеңіс ТӘУЕКЕЛОВ те жүргізушілердің полицияның үстінен көп шағымданатынын айтады.
- Бұлар тек «отработка» кезінде ғана тоқтату керек қой, бірақ ешқандай себепсіз тоқтата береді. Оның алдында бір әңгіме болған екен, содан тиын бермегеннен кейін де шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, ереже бұзбаған көлікті тоқтатуға ешқандай негіз жоқ қой. Үнемі аңдып жүреді. «Автобус қанша орындық?» деп сұрапты кеше. «Тех.паспортта тұр ғой, қарамайсың ба?» десе, сол үшін ерегесіпті. Білімсіз қысқасы. Ал аялдама мәселесіне келсек, алдында арнайы адамдар келіп, тексеріп, қай жерден аялдама керек екенін, бәрін сызып алып кеткен. Бірақ, содан бері жауап жоқ.
«ДуманТранс.com»-ға қарайтын 203 бағыт бойынша 15 автобус, 207 бойынша 20 автобус бар. Әр 6-10 минут сайын жүреді. Айына 170-230 мың төңірегінде жолаушы тасиды. Алматы қаласына тиесілі болғандықтан, бағасы да қалалық тарифпен, жол ақысы – 80 теңге. Төлем жүйесі – «Оңай» аппараты арқылы. Қалалық МАИ қызметкерлері тоқтатып көрмепті. Ал, облыстық полицейлер кейде жөнсіз айыптар тағып, жүргізушілерді орта жолда тоқтатып тастап, жолаушыларды түсіріп тастауға дейін барған. Төлем «Оңай» арқылы жүргендіктен, олардың ақшасын қайтарып беру мүмкін емес, арт жақта келе жатқан автобусқа сыймай қалады... Осының салдарынан жолаушылар тарапынан наразылық туындайды.
Ж.ЕҢСЕБАЕВА
- Жолаушылар тасымалдау сапасы мен мәдениетін көтеру үшін біздің автобус паркі Талғар мен Алматы арасына осы екі маршрутты ашқан. 203 – 15 наурыздан бастап, 207 – 9 қыркүйектен бастап жүріп жатыр. Қазіргі негізгі проблема – аялдамалардың жоқтығы мен жолдың нашарлығы. Осы мәселені айтып біз Талғар ауданы әкімдігіне, облысқа хат жаздық. Бірақ, әлі ешқандай шара қолданылған жоқ, - дейді компания директорының көмекшісі Жазира ЕҢСЕБАЕВА.
Еңсебаева жаңа ашылған бағыттың қызметін 60-70 пайыз студенттер мен зейнеткерлер пайдаланады дейді. Көп жағдайда адам сыймай қалып жатады. Мұндайда бүгінгідей екі автобустың жұмысқа шықпай қалуы – көп қиындық тудырады.
«Қысқы дөңгелегің жоқ» деп мем.нөмірін шешіп алғанын естіген соң, дөңгелек сатушыларға хабарластық. Өзін Шыңғыс ОСПАН деп таныстырған кәсіпкер автобустардың дөңгелегі қысқы-жазғы деп бөлінбейді дейді.
- Дөңгелекпен айналысқаныма 10 жылдан асты. Жаңағыдай «зимний» дөңгелек жеңіл көліктерге ғана арналған - В категориясына. 1,5 тоннаға дейінгі «Газельдер» болады, оларға қысқы дөңгелек деген бар. Ал, автобустар D категориясына жатады. «Грузовойлар» барлық маусымда бір ғана дөңгелекпен жүреді. Әлемдік практикада солай. Зауытта бәрі есептелген, салмағына, жылдамдығына орайластырылып жасалады. Енді, тым ескі болса айыппұл салуға болады, бірақ, сіз айтып отырғандай жаңа дөңгелекке қысқы емес деп айыппұл салғанды бұрын естімеппін, - деді ол МӘЛІМ тілшісіне.
Мұның мәнін білу үшін Алматы облыстық ІІД ӘПБ қызметкерлерінен пікір алу үшін – Гүлдалаға бардық. Ондағы жауапты қызметкерлер облыстық департамент басшыларынан рұқсат болмаса жауап бере алмайтындарын, облыстан бір ауыз рұқсат болуы керегін айтты. Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі 15 минуттан соң хабарласатындарын айтқанмен, қайта қоңырау шалмады. Кейіннен қайта хабарласқанымызда да жауап беретін арнайы адамдардың орнында жоқ екенін айтып, ресми жауапты тағы кейінге шегерді. Сөйтсек, ауыс-түйіспен әуре болып жатқан бұл мекеменің дәл қазір автобус паркінің «ұсақ-түйек» шағымына мойын бұруға мұршасы жоқ секілді.
Ал, аялдама мәселесіне жауапты ретінде, автопарктің бірнеше рет жазылған хатына жауап бермеген Талғар аудандық әкімдігі өздерінің 203 және 207 бағыт автобустарының жолындағы аялдамаларға құзыры жүрмейтінін айтады.
Ж.ӨМІРӘЛИЕВ
- Алматы қаласының айналасындағы 50 шақырымға қоғамдық көлік жүргізу Алматы қаласы әкімдігінің міндетіне жатады. Алматы-Қорғас (Құлжа тас жолы) жолында 28 аялдама, Алматы-Талғар жолында 49 аялдама бар. Бұл екі жол да республикалық болғандықтан, ондағы аялдамаларға, тіпті, Талғар қаласының ішіндегі орталық көшенің аялдамаларына да аудандық әкімдік жауап бермейді. Біз қазір ұсыныс-хат жолдадық, өткен жылы 14 аялдама ауыстырылды, - деді Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жангелді ӨМІРӘЛИЕВ.
Бір қызығы, ауданға қатынайтын қоғамдық көліктерге ауданның мүлде қатысы жоқ екен. Алматы-Талғар бағыты (207) ҚазАвтоЖолға, Алматы-Бәйтерек бағыты (203) облысқа қарайды. Ал, аудан әкімдігі жай ғана сырттан бақылаушы іспетті, тек ұсыныс айта алады. Аялдамалардың тозғанын, кей жерлерде жоқ екенінен хабардар, тиісті орындарға ұсыныс айтып хат та жазыпты. Әкімдік өкілі «аялдама проблемасы биыл шешіледі» деп сенімді жауап берді.
Автопарк басшылығының аудандық әкімдіктен бір өтінгені – әзірге аялдама салынбаса да, уақытша тоқтауға болатындай етіп жол белгілерін қойып берсе дейді. Бұл туралы әкімнің баспасөз хатшысы бірінші рет естіп тұрғанын, бұл мәселе Жолан ОМАРОВ басқаратын аудандық әкімдікте алдағы уақытта қарастырылатынын айтты.
207 бағыттағы автобус аялдамасы жоқ жерге тоқтап тұр, Талғар қаласы, 12.02.2020ж.
Әкімдіктен шыққан соң, 207 бағыт бойынша жүретін автобустың аялдамаларын санап көрдік. Автовокзалдан бері Алматы бағытында Талғар қаласының ішінде 3 аялдама бар екен. Бірақ, 207 автобус аялдамасы жоқ Абай, Бокин көшелерінің қиылысына тоқтап, жолаушылар мінгізді. Талғар қаласындағы үшінші заңды аялдамадан соң Талдыбұлақ ауылына дейінгі 3-4 шақырымдық жолда мұндай «аялдамалар» көп болып шықты. Әр 400-500 метр сайын жол тосып тұрған адамдар шоғырын ұшыратуға болады.
- Алматыдан қатынап практикадан өтіп жүрміз мектепте. Автобус әр 10 минут сайын жүреді, былай жиі сияқты, бізге болады. Адам көп әрине, үлкендер отырады, жастар тұрып келеді. Аялдамалар аз, арасы алыс... Адамдарды алу үшін тоқтай береді. Адамдардың көбісі қалаған жерінен тоқтатады. Егер тоқтамаса шу шығарады. «Камера тұр, тоқтауға болмайды» десе де тыңдамай тоқтатады, үлкен кісілер әсіресе. Қаладан келіп жүргеніме бір ай болды, мұндайды бұрын көрмеппін, - дейді Талдыбұлақ аялдамасында автобус күтіп тұрған практикант-студент Жадыра ТҰЗАҚБАЙ.
Алматыға барып оқитын Талдыбұлақ тұрғыны, студент әр ауылда өзінің аялдамасы бар дейді.
- Автобус жеткілікті, бірақ, кешке қарай орын болмай қалады. Автобус аздап үлкенірек болса, басқа шағымым жоқ, - дейді Нұржан КЕЛГЕНБАЕВ.
Фотолар автордікі.
Материалды көшіріп басуға болмайды!