Ахметовтен үміт үзгендер Тоқаевқа хат жолдады

Malim Админ

  • 04.05.2021

Шығыс Қазақстан облысының бақандай   бес ауданы (Тарбағатай, Зайсан, Үржар, Катонқарағай, Күршім) Қытаймен шектесетінін ескерсек, жергілікті атқарушы биліктің бұл аймақтардың халқына сергек қарауға тиістігі белгілі. Өйткені, 1997 жылы жүргізілген оңтайландыру саясатының салдарынан шекараға жақын орналасқан бұрынғы аудан орталықтары таратылғаны сол өңір тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің жылдан жылға төмендеуіне әкеп соқты. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ауылдардан халықтың үдере көшіп, басы ауған жаққа қоныс аударғаны алаңдатарлық күйге жеткізіп отыр. Солардың қатарында Үржар ауданының құрамына өткен Мақаншы өңірінің ауылдары да бар.

Осыған орай, Malim kz тілшісіне хабарласқан жергілікті ақсақалдар Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА тікелей хат жолдаудан басқа амалы қалмағанын айтты. Өйткені, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ бірнеше рет хат жолдап, келген жауабына қанағаттанбайтыны өз алдына, берген уәдесінде тұра алмайтындығына наразы. Алдымен, мақаншылық ақсақалдардың 2020 жылдың 11 қарашасы күні Даниал Кенжетайұлына жолдаған өтініш-хатына әкімнің өзі емес, оның бірінші орынбасары Алмасхан СМАТЛАЕВТЫҢ жауап жолдағанын айта кетейік.  Атқарушы биліктің мұндай өзім білермендік әрекетіне шамданған ел ағалары былтырғы 20 қазанда Мақаншы полиция бөлімшесінде жазықсыз қазаға ұшыраған қаратұмалық Азамат ОРАЗАЛАНЫҢ оқиғасына орай әкімнің жергілікті жастармен және ардагерлер кеңесі мүшелерімен кездескенін, сол кезде аудан құру жайына қатысты «қатты ойланатынын» бірнеше рет қайталағанын есіне түсіре келіп,  Сматлаевтың жолдаған жауабы сол кезде айтылған мәселелерге толық жауап бере алмайтындығын мәлімдеп қайыра хат жолдапты (29.12.2020 ж).

Ең қызығы, А. Сматлаев ауданды қалпына келтіру үшін 12 млрд. теңге қаражат қажет болғандықтан, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз екендігін мәлімдепті. Ақсақалдардың айтуынша, Мақаншы ауылында көптеген мемлекеттік құрылымдар қалыпты жұмыс істеп тұрғандықтан және бос ғимараттарды қайыра пайдалануға болатындықтан, мұндай қыруар қаржыны бөлудің ешқандай қажеті жоқ. Хош, сонымен, өңірдің 30 мыңнан астам халқының атынан 7 ақсақал қол қойған хатқа 2021 жылдың 12 қаңтарында Даниал Ахметов өзі қол қойып, қайта жауап жолдапты. «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» барына үміттеніп жүрген мақаншылық қоғамдық кеңес мүшелері Ахметовтен келген жауапты оқығанда, тағы да жігері  құм болып тағаты таусылды.

Ахметовтің айтуынша да, әкімшілік ғимаратын салу, күрделі жөндеу жүргізу, мемлекеттік органдардың штат санын ұстау сияқты шығындарға 12 млрд қажет екен. Сондықтан, бюджеттен ондай қажеттіліктерге бола, ақша шашу орынсыз саналады. Облыс әкімі, тіпті, президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бюджет шығыстарын қысқартуға да назар аударылғанын, мемлекеттік қызметшілерді 25 пайызға дейін азайту көзделгенін де көлденең тартуды ұмытпапты.   

Алайда, Ахметовтің бұл уәжімен мақаншылық ақсақалдар мүлдем келіспейді. Қытаймен шекараға тым жақын жатқан ауылдардағы отбасылар саны азайып бара жатқаны үлкен қауіп төндіріп тұрғанда, өңір басшысының айтқанына бас шұлғып қоя салуға болмайды. Олар сол себептен президент Қ. Тоқаевтың атына хат жолдауына тура келді. Ондағы мына бір үзіндіден-ақ көпті алаңдатқан жағдайдың қандай сипат алғанын көруге болады:

 «...Жасыратыны жоқ соңғы 7-8 жылда көрші Қытай мемлекетінде шекара  маңына қоныстанған жаңа ауылдар, кенттер, қыстақтар, қалалар көптеп пайда бола бастады. Ішкі Қытайдан келіп қоныстанушылардың есебінен шекаралық аудан орталықтарының халқы да еселеп көбеюде. Ал біздің елде керісінше шекаралық аймақтың өңірлері ашық, адамдар жоқ. Бұл қауіп емес пе? Шығыс Қазақстан облысындағы шекара бойында орналасқан Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Марқакөл аудандарының тұрғындарының да қауіпі осы. Иесіз бос жатқан жердің ертең жау шақыратын нысанаға айналуы әбден мүмкін. Бекеттердің (заставалардың) материалдық базасы да төмен.

  Міне, Тәуелсіздік алып, шекарамызды шегендеп алғанымызға 30 жыл болса да, Үржар ауданындағы «Шағантоғай» бекеті (заставасы) бүгінге дейін дизельмен жарықтанып отыр. Бұл масқара емей немене?» деп күйінеді Төлеген ЖИРЕНТАЕВ, Жұмағазы ЖАҚАНБАЕВ, Әбен РАЗУЕВ бастаған ақсақалдар.

 Malim kz редакциясына хабарласқан ақсақалдардың шақыруын құп алып, Қытаймен «қойындасып» жатқан Ақшоқы ауылы мен оған қарасты Саз (Подгорный) елдімекендеріне барып, тұрғындарымен тілдескен едік. Кезінде 50-60 үйге дейін қоныстанып, Тарбағатай тауының баурайында тіршілік көркін қыздырған Сазда қазіргі күні мал ұстап, жан баққан бес-алты отбасы ғана қалыпты. Ұялы байланыс ұстамайды, интернет туралы ойламай-ақ қойса да болады.

-Ірі қара мал ұстап, соны кәсіп етіп отырмыз. Үкіметтен субсидия сұрап, қолдау күтіп көргем жоқ. Балаларым Үржарда тұрады. Өзім осындамын. Аудан орталығы Үржарға баруға қыста жол жоқ. Жаз шығып, жол ашылғанда да бір күнге барып шаруаңды тындырып қайта алмайсың. Жеткенше, түс болады. Ондағы мекемедегілер түстен кейін өз шаруаларын күйттеп кетеді. Бізге Мақаншының аудан орталығы болғаны тиімді болар еді. Егер аудан құрылса, қалаға, басқа жаққа кетіп қалғандар қайта оралатындығына сенімдімін. Бір тәуірі жарық пен ауыз су бар. Жарықтың өзі шекарадағы заставаға тартылғандықтан, пайдасын көріп отырмыз. Оған бола, жағдай жақсы деуден аулақпын. Шекара бойының жылдан жылға иен қалып бара жатқаны алаңдатады. Тіпті, кейбір тұсы қараусыз, ашық жатыр десем де болады. Бұрын Мақаншы ауылында маңызы айрықша шекаралық отряд бар болатын. Неге екені білмеймін соны таратып, жауып тастады. Мен малшы болсам да айтайын, биліктің ондай қадамға барғаны ақымақтық. Тіпті, шекарашылардың әскери мәртебесі анық емес, прокуратураның құзырына өткізгені туралы әңгіме бар. Білесіз бе, Қытай өте жақындап келіп, қоныстанып жатыр. Түнде қарасаң, қорқынышты. Олардың шекара күзеті күшейе түскен. Ақшоқының тұсындағы жотадан қарасаң-ақ Шәуешекте 30-40 этажға дейін көпқабатты ғимараттар бой көтергені көрініп тұрады. Оған ішкі Қытайдан келіп, қоныстанып жатқандар жоқ дей аламыз ба?! Түбі қалай боларын ешкім тап басып айта алмайды. Ал, біздің жақтан ел көшіп жатыр. Жетіскеннен кетіп жатқан жоқ, кезінде осы Сазда 8 жылдық мектеп бар еді, жабылып қалды. Балаларының жайымен көшпеске амалдары қалмады. Енді бірер жылда, біздің балаларымыз азаматтық жасқа жетіп, үй-жайлы болса, ары қарай мұнда қалып не керек?!.. ,-дейді Сазда тұратын Бейбіт КИІКБАЕВ.

Бейбіттің сөзін Назархан ЛАСТАЕВ  та қостады.

-Балалар қалада, азын-аулақ малға қараған тірлік сол. Бұл жерде бес үй ғана отырмыз. Соғыс жылдарында мұнда бес жүз үйге дейін болған деседі. Майданға ат дайындайтын жылқы зауыты болған кәдімгідей. Тоқырау жылдары келгеннен бастап, тұрмыс сетінеп кетті ғой, жалпы. Шекаралық ауылдардың жайын түзеу қажеттігі аз айтылып жатқан жоқ. Бірақ, аудан орталығы Үржар ішкеріде орналасқаны өз алдына, бізден 150 шақырымға дейін алыста жатыр. Мақаншы мен Ақшоқының арасы 80 шақырым. 100 шақырымдай жол жүріп Мақаншыға жетсең, одан ары Үржарға 45 шақырым тағы жүруің керек. Бір қағазға бола шапқылап барып, ертеңіне кешке әупірімдеп жетеміз үйге. Сондықтан, мен де Мақаншының аудан орталығына айналғанын қалаймын,-дейді Назархан.

 Тау бөктеріндегі Саздан түсіп, Ақшоқыға оралғанымызда есік-терезесі бүтін қалпында тұрғанымен, иелері көшіп кеткен үйлердің баршылық екенін байқадық.

-Кезінде осы Ақшоқыда 2,5 мың тұрғын бар еді. 350 -дей бала оқитын. Қазір тұрғын саны мыңға да толмайды. Мектептегі бала саны жүзге жетпейді. Аудан орталығы Үржардан 125 шақырым алыста жатырмыз. Барғанша екі сағат, қайтарға екі сағат. Бір сағатың түстену дейік. Құжаттық шаруаларға екі-үш күн қайта-қайта жол шығынын шығарып шапқылау қайбір жақсы?!.. Өз басым, Мақаншының аудан орталығы болуына толықтай потенциалы жетеді деп ойлаймын. Бақты кеден бекеті, Алакөл жағалауы, Барлық-Арасан санаториі сияқты бюджетті дамытуға септігі тиетін ресурстары бар. Бұл Ақшоқыда интернеттің әлі күнге дейін тартылмағаны да жығылған үстіне жұдырық болып тұр. Жастар тұрақтамайды. «Отау-ТВ» құрып қойды, онысы әлі іске қосылмай тұр. Себебін сұрасақ, аудандағылар ақша жоқ дейді. Бара-бара «Подгорныйдың» (Саз елдімекені) кебін киетін түріміз бар. Үлкен шаруа қожалығының иесі болсам да шөп шабуға тракторист, мал бағуға бақташы іздеп Таскескенге дейін қаңғып барамын. Сенесіз бе, 180 мың теңгеге дейін жалақыға адам әкеле алмай отырмын. Себеп біреу-ақ: алыс ауылға барып ешкімнің нәпақа тапқысы келмейді. Ал, бұл жердегі азаматтардың әрқайсының өз тіршіліктері бар. Жағдай осы,-дейді Төлеубек КӘРІБАЕВ.

Жалпы, өз алдына аудан болу қажеттігін болып-толғандықтан емес, Қытаймен шекаралас жерлердің бос қала бастауына байланысты көтеріп отырған мақаншылықтардың мұң-зарын әлі де айтуға артығымен жетеді. Алайда, «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» жергілікті басшылығынан қайыр жоқ. Амалсыз, Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдауға кірсуден өзге жол қалмаған жайы бар. Дәл осындай мәселе Шығыс Қазақстан облысының Ақжар, Күршім ауданының Марқакөл өңіріндегі ауылдарда да қалыптасып отыр. Алдағы уақытта сатылап оларды да баяндайтын боламыз.     

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

Фотолар автордікі. 

Байланысты жаналықтар

Саясаттан кеткен Даниал Ахметов Парижде спортшыларға қолдау көрсетіп жүр

05.08.2024

Даниал Ахметовтың қызы 51,1 млн субсидия алды

04.07.2023

Ахметов кетіп, Көшербаев келді 

16.06.2023

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

28.12.2022

Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

28.12.2022

Даниал Ахметовтің қаласында жағдай күрделі. «Тұрғындaр үшін үйден шығу мұң»

14.12.2022
MalimBlocks
Саясаттан кеткен Даниал Ахметов Парижде спортшыларға қолдау көрсетіп жүр

Экс-әкім жеңіл атлеттермен кездесу өткізді.

Даниал Ахметовтың қызы 51,1 млн субсидия алды

Даниал Ахметовтың қызы Әделия Ахметова Павлодар облысында өзінің ауыл шаруашылығын дамыту үшін 51,1 миллион субсидия алған,- деп хабарлайды Курсив.

Ахметов кетіп, Көшербаев келді 

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев 9 жылға жуық Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметовті қызметінен босатты. Елдің шығысындағы өңірдің жаңа әкімі болып Ресейде үш жыл елші қызметін атқарған Ермек Көшербаев тағайындалды. 

Жердің бәрі - Ахметовтікі, Шөкеевтікі, Бақауовтікі

Бүгін Мәжілісте депутат министрге сенімсіздік білдіріп, бірнеше шенеунікті ірі жер иеленуші ретінде атады.

Садақашыл қоғам мен уәдешіл үкіметтің бір жылы

Неге бұлай болды, неге адамдар өзіне қол жұмсайды, неге наразылыққа шыға береді, неге зейнет жасын төмендетуді сұрайды, неге жәрдемақыны көтеруді талап етеді деген зерттеулер жүргізілмейтін, тек әр оқиғаның салдарымен ғана күресетін және шамасы келгенше жылы жауып тастауға тырысатын мемлекетте тағы бір жылды өткіздік...

Даниал Ахметовтің қаласында жағдай күрделі. «Тұрғындaр үшін үйден шығу мұң»

Өндірісті шaһaр Өскеменде көптен бері жел еспей, қaлa көк түтінге оранып тұр.  Соның салдарынан өскемендіктердің бaсы aуырып, тaмaғы қышып, бойлaрын әсіздік билей бастаған.