Азаттықтың Орталық Азия редакцияларына 70 жыл толуына орай медиафорум өтуде
Азаттық радиосы Орталық Азия редакцияларының ашылғанына 70 жыл толуына орай Алматыда медиафорум өтіп жатыр.
Форумда АЕ/АР президенті міндетін атқарушы Джеф Гедмин видео мәлімдеме жасап, Орталық Азиядағы тәуелсіз журналистиканың маңыздылығына тоқталды.
– Орталық Азия аумағы мен постсоветтік кеңістік, кейбір дамыған елдер демократия, либерализм, сөз бостандығы мен тәуелсіз БАҚ-қа шабуыл мен қоқан-лоқыға кезігіп отыр,- деді Джеф Гедмин видео мәлімдемеде.
Оның айтуынша, Батыстың кейбір бөлігінде авторитаризм екпіні өрістеп, либерал-демократиялық тәртіп нормаларына күмән келтіру байқалған.
Форумда сондай-ақ Азаттық радиосының Қазақ, Өзбек, Қырғыз редакцияларының қызметкерлері жасаған зерттеу материалдарын көрсетті.
Айта кетейік, Азаттық радиосы ақпарат таратқандай, медиафорумы бір күн бойы өтеді. Бұл жиында бірнеше панельдік талқылау мен таныстырылым болады. Онда радионың өкілдері мен арнайы шақырылған спикерлер аймақтағы баспасөз еркіндігінің жай-күйін талқылайды, азаматтық бостандыққа әсер ететін факторлар және Орталық Азиядағы демократияның дамуы туралы пікір алмасады. Форум барысында редакция өкілдері журналистік зерттеу, төтенше оқиға орнынан ақпарат тарату, сайт бұғатталған жағдайда оқырманмен байланыс орнату тәжірибелерін де бөліседі.