Бекшин: Алматыда қатаң шектеу шаралары енгізілді
Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты 21 наурыз бен 28 наурыз аралығында қатаң шектеу шаралары енгізіледі. Бұл туралы бүгін онлайн брифингіде қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
"Ең біріншіден, бізді алаңдататын – базарлар. Ашық және жабық азық-түлік емес базарлардың жұмысы тоқтатылады. Ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылады. Қоғамдық ас беретін орындар кафе, мейрамханалар мен асханалардың жұмысы тоқтатылады. Сондай-ақ фитнес және спорт орталықтары жұмыс істемейді. Офлайнда оқып жатқан сыныптардағы оқушылар санын 25-тен 15-ке төмендеттік", - еді Ж.Бекшин.
Ж.Бекшиннің қаулысына сәйкес, мыналардың жұмысына шектеу қойылды:
- Аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік дүкендер таңғы 10-нан түнгі 22.00-ге дейін жұмыс істей алады.
- Сән салондары мен шаштаразға тек алдын ала жазылған адамдардың шашын қиюға рұқсат етіледі. Маникюр, педикюр, косметологиялық процедураларды жасауға тыйым салынды.
- Қонақ үй, отель, курорт нысандары 50 пайызға дейін ғана толуы тиіс.
- Ашық және жабық азық-түлік емес базарлардың жұмысына толық тыйым салынды.
- Сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері 22 наурыздан 28 наурызға дейін жұмыс істемейді.
- Ал сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталығындағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына шектеу қойылды. Олар тек үйге алып кету мен үйге жеткізіп беруге ғана тамақ сата алады.
- Кітапханалардың жұмысы тоқтатады.
- Қала және қалааралық қоғамдық көліктер жұмыс күндері штаттық режимде, ал демалыс пен мереке күндері таңғы 6.00-ден 10.00-ге дейін, ал кешке 17.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
- Фитнес және сауықтыру орталықтары жұмыс істемейді.
- Медеу мұз айдынында жаппай сырғанақ тебуге тыйым салынды.
- Ал Шымбұлақ тау-шаңғы курорты келушілер 500 адамға дейін қысқартуы тиіс. Шымбұлақтағы қоғамдық тамақтану орындары тек үйге алып кету мен үйге жеткізіп беруге ғана тамақ сата алады. Шымбұлақтағы жазғы алаңдардың жұмысына тыйым салынды.
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері таңғы 09.00-ден түнгі 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Алдын ала жазылған адамдарды қабылдайды. Демалыс күндері жұмыс істемейді.
- Компьютер, бильярд, боулинг орталықтары жұмыс істемейді. Тек Ashyq жобасына қатысып жатқан орталықтар ғана жұмыс істей алады.
Карантиннің күшейтілуіне қаладағы эпидемиогиялық ахуалдың нашарлауы сеебеп. Сондай-ақ Жандарбек Бекшин денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда вирустың құрамы өзгерген мутациясы анықталды деген хабарламасын еске салды.
"Мутацияға айналған вирустардың қаупі бұрынғы вирустардан 7 пайызға жоғары. Ал жұғу көрсеткіші 70 пайызға жоғары", - деді Бекшин.