"Бір жарым миллион ақшасыз қазақ нан-тұзсыз қалуы мүмкін"

Елнұр Бақытқызы

  • 28.03.2020

Алматыдағы сұлулық салондарының бірінде маникюр маманы болып жұмыс істейтін Айнұр Сәметбаева 19 наурыздан бастап ақысыз демалысқа шыққан. Карантинде сұлулық салоны жабылып қалғандықтан, табысынан айырылған Айнұрға президент Тоқаевтың уәде еткен аз-маз 42 500 теңгесі бір жыртығын жамайтын көмек болар еді. Бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған Айнұр жұмыс берушісі жоқ болғандықтан, бұл жәрдемақыдан үмітін үзді. Үкіметтің төтенше жағдай кезінде белгілген жәрдемақысын Айнұр сияқты өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көпшілігі ала алмайтын болып шықты.

"Сұлулық салонында бір орынды жалдаймын, тырнақ жасайтын барлық құралдар өзімдікі, өз клиенттерім бар. Салон маған тек бір орынды бөліп берді, ай сайын соған ақы төлейтінмін. Яғни өзімді өзім жұмыспен қамтығандардың қатарындамын. Мемлекеттен төменгі жалақы көлеміндегі жәрдемақыны алу үшін жұмыс берушім болуы керек, ол бір құжаттарды ұсынуы керек көрінеді. Менде ол жоқ. Оның үстіне ерікті түрде ашқан зейнетақы қорындағы шотыма тұрақты түрде жарна аудармаймын", - дейді Айнұр.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2 миллионнан астам адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарында. Сауда-саттық пен қызмет көрсету саласында өз күнін өзі көріп, осы күнге дейін үкіметке алақан жаймай келген бұл жұртқа үкіметтің енді  қалай көмектесетіні белгісіз. Өйткені Тоқаев айтқан жәрдемақыға іліну үшін, біріншіден, табысынан қағылғандардың жұмыс берушісі болуы керек. Екіншіден, осы жұмыс беруші соңғы бір жылдың ішінде кемінде үш ай бойы осы жұмысшылардың салығы мен зейнетақы жарнасын төлеген болуы тиіс.

Әйтеуір, Тоқаев айтқан ең төменгі айлық көлеміндегі жәрдемақы кімге берілетінін ресми орындар жариялай бастады. Ол жәрдемақыны ала бастағандар да бар.  Жәрдемақы таратушы ресми орындардың сөзіне қарағанда ең алдымен жұмыс беруші жұмысшыны ақысыз еңбек демалысына жібергенін растайтын анықтама тапсыруы қажет. Қысқасы, үкімет жәрдемақыны соңғы үш айда мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қорына төлем аударған "тәртіпті" жұмысшыларға ғана төлемек. Жұмысшыларына жаны ашыған жұмыс беруші бүкіл құжаттарды төтенше жағдай мен карантинге қарамастан құнттап, жұмыспен қамту орындарына өткізген күннің өзінде, 45 500 теңге тек төтенше жағдай кезінде берілмек.

"Әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін жұмыс беруші жұмыспен қамту орталықтарына жұмысшыларының төтенше жағдайға байланысты табыстан айырылғанын растайтын құжаттар ұсынуы керек. Жұмысшылар тізімі, ақысыз еңбек демалысына жіберу жөніндегі бұйрықты көрсетуі керек. Жұмыс беруші өтініш түсіргеннен кейін халықты жұмыспен қамту штабы жұмыс берушіге көмек көрсету я көрсетпеуді шешеді. Ал "Халыққа арналған үкімет" жәрдемақы алатын жұмысшылардың тізімін түзеді. Жәрдемақыны ақысыз демалысқа шыққан жұмысшылар ғана ала алады. Бірақ жәрдемақы төтенше жағдай кезінде ғана беріледі", - дейді Д.Абаев.

Үкімет төтенше жағдай кезінде белгілеген әлеуметтік жәрдемақы пен көмек қаншалықты тиімді? Шенеуніктер бүкіл халыққа ақша таратып беруді популизм десе де, бәлкім, үкімет жұмыссыз халыққа қарайласып, жәрдемақыны жаппай беруі керек пе еді? Осы сұрақтарды тәуелсіз әлеуметтанушы Камила Ковязинаға қойдық.

­– Үкімет шараларының қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсете жатар. Әзірге бәрі қисынды: несиеге батқан халықтың несие төлемін банктер шегерді, жұмыссыз қалғандарға төменгі деңгейде болса да төлемақы төленбек.

– Бірақ бұл шаралар шын мәнінде мұқтаж халыққа көмектесе ме, мәселе сонда. Қазақстанда көлеңкелі, яғни бейресми жұмыс істеп, ешқандай әлеуметтік төлем төлемейтіндер көп. Статистика комитетінің сайтында мұндай дерек жоқ, алайда Мадина Әбілқасымова еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған кезде жұмысқа қабілетті халықтың 16 пайызы көлеңкелі жұмыс істейтінін айтқан. Яғни бұл адамдар тіркелмеген кәсіпорын, көбіне-көп сауда орындары, ауыл шаруашылық кәсіпорындарында жұмыс істейді. Немесе ресми тіркелген ұйымдарда еңбек келісімшартынсыз жұмыс істеп, ешқандай әлеуметтік төлем аудармайды. Осылайша жұмысқа қабілетті халықтың 16 пайызы көлеңкелі жұмыста жүр десек, ол шамамен 1,4 миллион адам деген сөз. Олардың барлығы қазіргі жағдайда жұмысынан айырылып қалған болуы мүмкін. Бірақ бұл топ ешқандай материалдық көмек ала алмайды, өйткені жұмыс істегенін растай алмайды. Былайша айтқанда, нан-тұзын ажырататын күнкөріс ақшасыз қалды.

Асылы, дәл осы топқа көмектесу маңызды. Неге? Өйткені әдетте көлеңкелі жұмысты білім деңгейі төмен, ерекше біліктілігі мен дағдысы жоқ жұрт істейді. Оларға төтенше жағдайдан кейін де жұмыс тауып кету қиын болмақ. Оның үстіне ең көп қарызға бататын да осы топ, сауалнама нәтижесіне сенсек, тұтынушылық несиені көбіне-көп табысы төмен адамдар алады. Әзірге несие төлемі шегерілді, бірақ  бұл мерзім аяқталған соң, жұмыссыз, табыссыз қалған бұл топ бәрібір несие төлеуге мәжбүр болмақ.

– Шенеуніктер бүкіл халыққа жаппай ақша таратып беруді популизм деді. Дегенмен Батыс елдері жұртқа жаппай көмектеспесе де, жұмыссыз, табыссыз қалған халыққа мүмкіндігінше көмектесіп жатыр. Сіздің ойыңызша, Қазақстан үкіметі төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалғандарға қалай көмектесуі керек?

– Бұл жерде мынаны түсіну керек. Дамыған елдер ақшаны не үшін таратты? Олар мұны жұртқа көмектесу үшін ғана емес, тұтынудың үйреншікті деңгейін сақтап қалу үшін жасады. Ал бұл үкімет өндірушілерді қолдады деген сөз. Өйткені тұтыну азайса, бұл экономикаға үлкен соққы болып тимек. Егер адамдар бірдеңе сатып алудан қорықса, онда оны өндірудің қажеті не? Олай болса жұмысшылар жалдап, шикізат алудың да қажеті жоқ. Ал бұл өте қауіпті, тығырыққа тірейтін дүние. Сондықтан, меніңше, қазір ақша таратып беру популизм емес, ол прагматизм және гуманизм. Әрі-беріден соң бұл адам өмірін, отбасы мен балаларды құтқарып қалатын шара. Сондай-ақ бұл экономиканы қолдайтын шара. Мемлекеттік органдар қазақстандықтардан түсетін өтінішті күтпей-ақ, төтенше жағдайдан зардап шегетіндерді (мұндай мәліметтер ауыл округтері, аудан деңгейінде  болуы керек) анықтап, ең болмағанда ең төменгі төлемақымен қамтамасыз етуі керек.

Фото Pixabay сайтынан алынды.

Байланысты жаналықтар

Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

29.11.2024

Астанаға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді

28.11.2024

Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс мектептері ашылады

27.11.2024

Тоқаев мемқызметкерлерді тапсырмаларды орындамаған жағдайда жазалайтын норманы бекітті

27.11.2024

Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

23.11.2024

Фельдшерлер мәселесін айтып, президентке видеоүндеу жасады

23.11.2024
MalimBlocks
Президент Мәдениет және ақпарат министрін қабылдады

Астанаға Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон келді

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті

Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында орыс мектептері ашылады

Путин Тоқаевқа орыс тілін қорғап, халықаралық ұйым құрғанына алғыс айтты

Тоқаев мемқызметкерлерді тапсырмаларды орындамаған жағдайда жазалайтын норманы бекітті

Олар міндеттерін бұзғаны, Президенттің немесе президент Әкімшілігінің тапсырмаларын орындамағаны, өкілеттігін асыра пайдаланғаны, тәртіп пен әдепті сақтамағаны үшін жазалануы мүмкін

Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

Концертте белгілі әншілер өнер көрсетті

Фельдшерлер мәселесін айтып, президентке видеоүндеу жасады

Олар №225 бұйрықтағы өзгерістерді алып тастауды сұрайды