Көшеде ұстап қала ма деген үреймен өмір сүру - эпилептиктің әңгімесі
Эпилепсия - әлемдегі ең көне аурулардың бірі. Ғасырлар бойы толық зерттеліп үлгермеген бұл ауру науқас бойында үрей тудырып жатады, ал әлеуметтік стигма жағдайды қиындата түседі. Елімізде 70 мың адамға осы диагноз қойылған.
Қоғам арасында қояншық деп аталып кеткен бұл диагноз жайлы біз эпилепсия деп жазуды жөн көрдік, оны басқаша күлгін деп те атайды.
Malim.kz тілшісі 21 жастағы Айсұлу есімді қызбен оның диагнозы, талма мен психиатриялық орталықтағы ем кезеңі жайлы сөйлесіп көрді.
Кейіпкер қалауымен есімі өзгертілді.
Кейіпкеріміздің жеке тәжірбиесі - мұндай ауруды емдеудің нақты дұрыс жолы деген сөз емес. Егер материалда аталған симптомдарды байқап, жайсыздық сезінсеңіз, дәрігер көмегіне жүгінуге кеңес береміз.
Айсұлу
Айсұлу - Алматы қаласында тұрады, менің жақын танысым. Бірде кездесуге кешігіп, аяқ-қолы қан-қан болып келді. Не болғанын алғашында айтқысы келмегенімен, кейін талмасы барын, ұзақ жылдар бойы эпилепсиямен ауыратынын айтты. Сол күні де аялдамада тұрған сәтінде автобусқа мінбек болып жүгірген сәтінде талмасы ұстап, бір аяғы автобусқа іліне бере құлаған. Осы жайт пен жалпы эпилепсиямен өмір сүру машақаты жайлы бүгін өзі толық баяндап берді.
Мұның бәрі қалай басталды?
10-11 сынып оқып жүргенде күн тәртібім өзгеріп, түнде ұйықтамайтынды шығардым. Бір күні таңғы 6 шамасында бірінші рет талып қалдым. Әрі-бері үй ішінде тірлік істеп жүргенім есімде, көзімді ашсам, төсекте жатырмын, әлсіреп қалыппын. Анам жедел-жәрдем шақырыпты. Дәрігерлер мұның эпидепсия болу ықтимал екенін айтты. Себебі тек бір сәттік талма болған жоқ, бұлшық еттер де құрысып қалған болатын. Оның үстіне оның бәрі менің есімде жоқ еді - бұл да бір симптом екен.
Бірінші рет болсын, оныншы рет болсын, әр талмадан кейінгі жағдайым бірдей. Менің есімде қала бермейді, жақындарымның айтуынша талманың ұзақтығы - 5-10 минут. Әдетте ес жиған соң денем мен бұлшықеттерім қатты ауырсынып, әлсіреп қаламын. Сосын басым қатты ауырады. Айтуға ұят, бірақ кейде талып қалған сәтте, ауызым көпіршіктеніп кететін көрінеді.
Оқи отырыңыз: Қаңтар қырғынында туғандар
Диагноз және емхана туралы
Алғашқы кезде диагноз нақты емес, жай болжам болғандықтан, дәрігерлер МРТ түсіріп, эпилептолог дәрігер қаралымына жазылуға кеңес берді. Барлық тексерістен соң, нақты диагноз қойылды. Эпилепсия бала шақта болса, есейгенше жазылып кетуі мүмкін, бірақ қиын. Бірақ көп жағдайда сол 16-20 жас аралығында анықталатын көрінеді. Отбасымызда менен өзге ешкім бұл дертпен ауырмайды. Қазір ойлап, мұның себебі - өмірдегі күйзеліс пен қиындықтар шығар деп ойлаймын.
Алдымен екі аптадай емханада жатып шықтым. Нақты дәрілер тізімі бар. Ұмытпай, күнделікті екі мезгіл ішіп жүру керек.
Бірде Айсұлумен сапарға шығып, 4 күндей бірге тұрып көрдік. Сол күндері күнделікті дәрі ішетінін, уақытын сәл өткізіп алса, қатты алаңдайтынын байқадым. Тіпті бірде анасымен телефон арқылы сөйлесіп отырғанда маған тұтқаны бере салғаны бар. Анасы ар жақтан “Айшолпан, Айсұлуға қарап жүр, дәрілерін ішуді мүлде ұмытпасын. Сосын жалпы үнемі жанында бол, қарап жүр, саған аманат” деді. Бірақ мұндай қатаң ескертудің себебін екеуі де ашып айтқысы келген жоқ.
Диагноз жазылып, мөр қойылған қағазды көргенде қорқып кеттім, жылай бердім. Ата-анам да уайымға салынып кетті. Бірақ дәрігерлердің айтқан кеңестерге құлақ түріп, дәріні уақытылы ішіп жүрсең болғаны екен - кейінірек түсіндім. Қазір анам да сол дәріні уақытылы ішуімді қадағалайды.
Оқи отырыңыз: Айнаға қарау қиындап кетті - сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың хикаясы
Тек ең қиыны - көшеде талмам ұстап қала ма деген үреймен өмір сүру шығар. Негізі эпилептик адамға жалғыз жүруге болмайды. Жанындағыларды “осындай ауруым бар” деп ескертіп қою керек. Мен қысыламын ба, қорқамын ба, білмеймін, әлі күнге танысқан сәтте есіміммен бірге эпилепсиям бар екенін айта алмаймын.
Онысы рас, біздің танысқанымызға бірнеше жыл болды, алайда менің өзім эпилепсиясы бар екенін бүгін біліп отырмын. Қазірдің өзінде соңғы “эпилепсиям бар” дегенді айтқанда Айсұлудың дауысы тым баяу шықты.
Негізі қазір писхологқа барып, осы проблемамды шешуді ойлап жүрмін. Соңғы танысқан екі адамға эпилепсия жайлы бірден айтып та көрдім. Адамдар мен ойлағандай қабылдаған жоқ, бәрі қарапайым. Байқағаным, көбі алғашқы көмек қалай жасалатынын да біледі екен.
Талмалар мен емдеу жолы
Эпилепсия диагнозы қойылған бес жыл ішінде шамамен 15 рет талып қалдым. Соңғысы қыстыгүні сауда орталығында жүргенде болды. Қайта жанымдағылар жедел көмек көрсетіп үлгергендіктен, жарақат алған жоқпын. Сосын өткендегідей жағдайлар болып тұрады. Күн қатты жылып кетті ғой, соған ба екен, біртүрлі әлсіреп жүрмін. Автобус күтіп тұрғанмын, бұл жолы қатты кешікті, аялдамада он минуттан көп тұрдым. Енді келген сәтте орнымнан атып тұрып, екі адым жасап, бір аяғыммен автобусқа мініп үлгерген тұста талып, жерге құлаған екенмін. Есімді жисам, жерде жатырмын, айналамда адам толып қалыпты.
Оқи отырыңыз: "Көбелек" қыз "Менің балам болуы мүмкін емес"
Адамдардың соншалық мейірімді болғаны жүрегімді жылытады. Негізі әр талманың ұзақтығын есте сақтап, тіпті оны жазып жүру керек. Бірақ менің өзімнің есімде қалмайды ғой. Аялдамада көмектескен ер адам бәрін нақтылап, есінде сақтап алыпты. Бүгін де жеңіл жарақатпен құтылдым.
Бірде көмектесу үшін ағам бөлменің есігін бұзып кіруге мәжбүр болған. Негізі ең қорқыныштысы талмаң ұстаған сәтте жалғыз болу шығар. Маған үнемі көмектесетіндер табыла кетеді: адамдар басыма жастық қойып, аузыма қасық салып жатады. Бірде ештеңе таппай, көрші асханадан қасық тауып әкелгендер де болыпты. Кейбіреулер талма ұстаған сәтте ауызға қолын салып, құтқаруға болады деп ойлайды, бірақ есі жоқ адам бармақты оп-оңай тістеп алуы мүмкін.
Айсұлу осыдан кейін біраз үнсіз қалды. Сосын кенет “Эпилепсиясы барлар өліп те кетуі мүмкін ғой, білесің бе?” деді.
Қайта менің жолым болғыш, талмам ұстап алған ең ауыр жарақатым осы шығар, адамдар өліп кетуі де мүмкін екенін білемін. Алғашқы көмектің дер кезінде, дұрыс көрсетілуі өте маңызды. Он бес рет он бес түрлі, бірақ алғашқы көмектің қалай жасалатынынан хабары бар адамдар кезікті. Он алтыншы талмада менің аузым көпіріп, қалтырап, талып жатқанымда көріп, шошып кететін, мұндайдан хабары жоқ адам тап келсе, қайтпекпін? Сондықтан мектептерде биология сабақтарында бұл жайлы айту маңызды деп есептеймін.
Өліп кету - жалғыз қорқынышым емес. Бұл дерт балаларыма немесе немерелеріме берілуі мүмкін. Мұның алдын алу үшін емді үзбей, моншаға бармай, режимді бұзбай, жыл сайынғы тексерістен қалмай, дәрігер кеңесін екі етпей орындап өмір сүру керек. Оның үстіне толық емделу өте қиын дегеннің өзінде, бар талапты орындап, жазылып кету ықтималдылығы бар көрінеді. Менің үмітім сол.
Оқи отырыңыз: Біртанов бастамасы: Дәріханалар заңнан неге қорықпайды?
Ал жалпы қарапайым қатардағы адамдарша өмір сүремін, өзің де енді біліп отырсың. Екі рет дәрі ішетінім мен көлік айдай алмайтынымды есепке алмасақ, еш айырмам жоқ сияқты.
Әңгімеміздің басында кейіпкеріміз эпилепиясияға шалдығуының басты себебі - күйзеліс деп ойлайтынын айтқан еді. Қазір ол сол күйзеліс пен даулы жерлерден бойын мейлінше алыс ұстауға тырысады.
Менің толық айығып кетуге үмітім бар. Ал өмір сүріп жатқан ортаң - өмірдегі ең басты нәрсе деп ойлаймын. Күйзеліс пен келеңсіздіктер, дау-жанжал маған зиян, тіпті үлкен қауіп деуге болады. Сол себептен отбасымнан бөлек кетіп, көпшілікпен араласуды азайттым. Қыстан бері талма да мазалаған жоқ.