Министр Сәтқалиев көліктерді газға ауыстыруды шектегелі жатыр
Көп жерде газ талонмен сатылып жатыр. Салдарынан, көлік жүргізушілері жанар-жағармай бекеттерінде ұзын-сонар кезекте тұр.
Қазақстанда жыл сайын, шамамен, 2 мыңға жуық көлік өртеніп кетеді. Мұның себебі әртүрлі. Бірі токтан, бірі газ құрылғысының ақауынан шығады. Оның бәрі де жүргізушілердің қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан болып жатыр. Еліміздегі автокөліктерге газ орнататын орталықтарда күніне 30-40 машинаға қызмет көрсетіледі. Десе де, мамандар соңғы уақытта көгілдір отынның тапшылығы байқалғалы, сұраныстың да азайғанын айтуда.
Көліктерді қайта жабдықтаумен айналысатын Рустем Төлеуғалиев «оқыс оқиғаның көбі жүргізушілердің машиналарын уақытылы тексерістен өткізбегенінен болады» дейді. Осының алдын алу үшін техникалық байқау құжатына газ құрылғысының сапасын анықтайтын арнайы бөлім енгізу керек деп есептейді.
«Еуропада әр 2 жыл сайын балонның сыйымдылығын тексертіп тұрады. Мысалы, бізде газдың қысымы 16 атмосфера шамасында. Ал, олар зауыттан шыққан кезде 100 атмосфераға дейін жетіп, балонның төзімділігін өлшеп тұрады. Сондықтан екі жылда бір тексеріске берген дұрыс. Ал, бізде ондай атымен жоқ»,-дейді Рүстем.
Қазір Астанада көлікке газ құрылғысын орнату 150 мыңнан басталып 600 мың теңгеге дейін барады. Әсіресе польшалық, италиялық және қытайлық қондырғыларға сұраныс көп. Газ қондыру орталығы маманының айтуынша, АҚШ-та 19 ғасырдан бері қолданылатын технология Қазақстанға бертінде келді. Ал еуропада газбен жүретін автомобильдер өте көп. Кореяда көліктер газ қондырғысы орнатылып бірден шығады.
Мамандар тиісті сақтық шараларын ұстанса, мұндай қондырғылардан келетін қауіп жоқ деп отыр. Дегенмен, енді елімізде автокөліктерді газға ауыстыруға уақытша шектеу енгізілуі мүмкін. Күні кеше Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев көліктерге газ қондыру тәртібін қатаңдатудан басқа жол қалмағанын айтты. Себебі, сұйытылған газды тұтыну көлемі 9 айда 25%-ке, яғни, 250 мың тоннаға дейін өскен.
«Көліктерді мұндай қарқынмен газға ауыстыра беретін болсақ, келешекте газ өңдеушілер ішкі қажеттілікті қамтамасыз ете алмай қалады. Тіпті, сұйытылған мұнай газын өзге елдерден тасымалдауға мәжбүр болуымыз мүмкін. Ол кезде баға мүлде басқаша болып, газға ауыстырған көліктерді бензин құю үшін қайта жабдықтауға тура келеді»,-дейді Сәтқалиев.
Астаналық Серік Мұқанғалиев 2000-шы жылдардан бері газ құрылғысы орнатылған көлік жүргізіп келеді. Ол, газ орнату тәртібін қатаңдату дұрыс емес дейді. Себебі, бағасы бензинге қарағанда арзан. Әсіресе алыс жол жүргенде қалтаға ауыр соқпайды. Өйткені, мұндай машинамен 1000 шақырымға 10 мың теңгедей ғана шығын шығады. Ал егер жанармай құйса бұл қашықтыққа 30 мың теңге жұмсалады екен. «Қазір газ 3 есе арзан. 2000 жылдары 4-5 есе арзан болатын. Ешқандай иісі де шықпайды. Егер көлік жарылатын болса, бензинмен де жарылады. Көгілдір отын барынша тиімді» деген пікірде Серік Мұқанғалиев. Дәл қазіргі кезде Астанада газдың бағасы литріне 76 теңгеден. Бірақ, оның өзі көп жерде талонмен сатылып жатыр. Салдарынан, көлік жүргізушілері жанар-жағармай бекеттерінде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр. Астанамен қатар Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстарында да сұйытылған отынға тапшылық байқалады.