Партия филиалдарын әкімдер басқармасын
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев партия филиалдарын әкімдердің басқаруын сынға алды.
«Билік партиясының филиалдарын әкімдер басқаратын практикадан арылу керек, тіпті оған заң жүзінде тыйым салу керек. Бұл – билікті монополияландырудың ең айқын мысалы. Әкімдер шенеуніктердің жеке мүдделеріне емес, бүкіл қоғамға қызмет етуі керек», - деді Азат Перуашев партия құрылтайында. Сонымен бірге, партия төрағасы Парламент пен мәслихаттардың бақылау функцияларын кеңейту қажеттігін, ең алдымен, оларға қоғамдық резонанс тудырған азаматтық құқықтар мен бостандықтардың бұзылуы, адамдардың қаза болуы немесе биліктегі сыбайлас жемқорлық фактілері сияқты оқиғаларды парламенттік тергеу құқығын беру керек деп есептейді. «Мемлекет бюджетін бекіту мен бақылаудағы Парламент өкілеттіктерін күшейту қажет. Кез келген міндеттерді шешудегі мемлекет мүмкіндіктері бюджетпен айқындалады. Бірақ елдегі мемлекеттік қаражаттың басым бөлігі бюджеттен тыс және қоғамнан жасырын түрде жұмсалады. Дәл сол жерде жүйелі бұзушылықтар болады, сыбайлас жемқорлық жайлайды. Сондықтан барлық мемлекеттік қаржыны Парламенттің бақылауына қайтару – маңызды міндет», - деді А. Перуашев. Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында партияның сайлауалды бағдарлама жобасы ұсынылды. Партия төрағасы Азат Перуашев бағдарламадағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы екенін атап өтті.