Қайырымды жандар қандай марапатқа да лайық

Қазақ арнайы заң, құқықтық құжатсыз-ақ қайырымдылық жасауды жолға қойған, жүрегі кең халық. Дала заңдарындағы жетім-жесірдің мүддесін қорғауды көздейтін баптар ізгілік әліппесінің отбасындағы тәрбиеден бастау алатынын көрсетеді.

  • 07.12.2023

Сол дала заңынан тамыр тартқан қайырымды істер бүгінгі заманауи заңдардың да күретамырына айналған. Мұны 2016 жылдан бастап қолданысқа енгізілген «Қайырымдылық туралы» заңнан анық аңғаруға болады. Бұл құжат Қазақстандағы қайырымдылық шараларының заңдылығы мен тәртібін реттейді. Сонымен бірге, елімізде ізгі істердің басы-қасында жүріп, айналасына жақсылық жасаумен танымал болған азаматтарды марапаттаудың да қағидасы бекітілген.

«Қайырымдылық саласындағы құрметті атақ беру қағидаларын»  дайындауға еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мұрындық болған. Бұл бұйрық айналасына ізгілік дәнін егіп, қайырымдылық жасауда танылған азаматтарды ынталандыруды, сол арқылы ел ішінде жақсы істерді насихаттауды мақсат етеді. Қағидада дәйектелгендей қайырымдылықпен айналысқан азаматтың бәріне құрметті атақ беріле бермейді. Мұндай шешім Құрметті атақ беру жөніндегі комиссияның ортақ қорытындысы негізінде жүзеге асырылады. Бұл шара әділ өтіп, нағыз лайықты тұлғалар марапатқа ие болуы үшін Құрметті атақ беруге ұсынысты қабылдау туралы хабарландыру мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында және уәкілетті органның әлеуметтік желілеріндегі ресми аккаунттарда орналастырады. Комиссия қарауына түскен өтініштер екшелген соң, қайырымдылық жасаған азаматтың қоғамға пайдалы міндеттерді шешуге қосқан үлесі; қайырымдылық қызметтің оң нәтижесінің болуы; қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада іске асырудың тұрақтылығы мен әсері есепке алына отырып, баға беріледі. Осылайша әр өлшемшарт бойынша комиссия мүшелері берген балдар жинақталып, жалпы балл шығарылады. Жоғары ұпай жинағандар комиссия мүшелері арасында дауысқа салынып, мықтысына атақ бұйырады.

Міне, осы әдіспен жылдар бойы меценаттарды марапаттап, халық алдында қайырымдылық шараларын дәріптеп келген арнайы құрылым, топтар бар. Айталық Қазақстан халқына «Алтын жүрек» деп аталатын сыйлық жақсы танымал. «Baurzhan foundation» жеке қоры ұйымдастыратын бұл сыйлық 2007 жылдан бері үздіксіз өтіп келеді.  «Алтын жүрек» ұлттық премиясы мейірім-шуағын өзгелермен өлшеусіз бөлісуге дайын жандардың басын қосуды, қайырлы іс қылуды қарапайым адамдардың күнделікті өмір салтына айналдыруды және оларды ынталандыра түсуді мақсат етеді. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде қайырымды ісімен, жанашыр жүрегімен көпшілік ықыласына бөленген жандарды «Алтын жүрекпен» марапаттау туралы көптеген ұсыныс түседі. Бүгінгі күнге дейін әр жылы меценаттар 12 аталым бойынша сыйлыққа ие болып келген еді. Жүрегі алтын, ісі қайырлы талай тұлға бұл сыйлықтың лауреаты атанғаны есімізде.

Өз мүмкіндігі мен уақытын, күш-қайраты мен қаржысын өзгелердің мұң-мұқтажының өтеміне жұмсайтын қайырымды жандардың еңбегі елеусіз қалмағаны дұрыс, әрине. Осы ұстаныммен жұмыс істеген «Алтын жүрек» премиясы жыл сайын тек мықтыларға марапат беруді басты ұстаным деп бекітті. Сыйлыққа үміткерлерді тек жақсының шарапатын көрген қарапайым тұрғындар ғана емес, қоғамдық бірлестіктердің, заңды тұлғалардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ұсына алуы мықтылар арасындағы бәсекелестіктің көрігін қыздырды.  Сарапшылық және Қоғамдық кеңестер қабылдайтын шешім бірнеше аталым бойынша жеке-жеке қабылданды. 

Мысалы «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» деген аталым бойынша балалар үйлері мен интернаттарға жан-жақты көмек көрсеткендер, «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында оқу орындарына қаржылай қолдау білдіріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларына тегін білім алу үшін арнайы грант бөлгендер, сондай-ақ, қоғамның дамуына, ілгерілеуіне серпін беретін ғылыми жаңалықтарды кітап етіп шығаруға бастамашы болғандар марапатталды. Ерекше жандарды қамқорлығына алғандар «Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» аталымы бойынша сыйлық иеленсе, ауыл спортын дамытуға, ынталы балалардың спортпен айналысуына жағдай туғызғандар «Спортты дамытып, қолдағаны үшін» аталымы бойынша үздіктер қатарына ілінді. «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Жыл меценаты» аталымында дара шыққандар үлкенге құрмет, кішіге ізет танытқаны үшін сыйлыққа ілінді. Сондай-ақ, үздік «Ақпараттық қолдаушы» ретінде қайырымдылық туралы үздік материал жариялаған БАҚ іріктелсе, «Жылдың қайырымды адамы» аталымында қайырымдылықпен танылған жеке тұлғалар «Алтын жүректің» иесі атанды. Бұдан бөлек, «Жыл ұйымы», «Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін», «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін», «Қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін» деген аталымдар бойынша да үздіктер айтулы статуэтканың иесі болып танылғанын айта кеткеніміз жөн. 

«Алтын жүрек» шын мәнінде қайырымдылық шараларының көбеюіне қозғау салды. Айналасындағы кем-кетіктерге бейжай қарамайтын, барымен бөлісетін кең жүректі жандардың көбеюіне ықпал етті. Айтулы статуэткаға екінің бірінің қолы жете бермейді. Өйткені, үздіктерді іріктеудің өзі бірнеше сатыдан тұрады. Айталық іріктеудің алғашқы кезеңінде ұйымдастыру комитеті тиісті құжаттамаларды растаса, екінші кезеңде сыйлықтың Сараптау кеңесі өзара дауыс беру арқылы үміткерлерді таңдайды. Бұл жерде үміткерлердің демеушілік қызметі салыстырмалы талдау арқылы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланған пікірлер арқылы, әлеуметтік зерттеулер арқылы, ең соңында дауыс беру арқылы іріктелетінін айта кеткеніміз жөн. Ал шешуші үшінші кезең марапаттау рәсіміне 10 күн қалғанда басталады. Жасырын дауыс беру арқылы Қоғамдық кеңес іріктелген номинанттар арасындағы үздіктерді таңдайды. 

«Осы сыйлықты тағайындаудың арқасында жыл сайын еліміздегі алтын жүректі адамдардың қатары толып келеді. Бұл қуантарлық жайт. Жүрегі кең, пейілі мол жандар ізгіліктің жаршысы болып жүр. Ал біз өзгелерге жақсы ісімен үлгі болған қайырымды адамдарға алғыс айтудан шаршамаймыз!» - дейді аталмыш жобаның жетекшісі Гүлзат Сахова.

Дәл осындай сыйлықты 2018 жылдан бері «Қазмырыш» компаниясы да тағайындап келеді. «Ізгі жүрек» деген атпен танымал бұл сыйлық әр жыл сайын адамдардың өмірін сақтап қалған, апаттың алдын алған, төтенше жағдайға қарамастан өз өмірін тәуекел етіп өзгелерге өмір сыйлаған Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үміткер бола алады. Мұндағы басты ерекшелік – сыйлықтан үміткер жандардың тізімін ұйымдастырушыларға Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары ұсынады. Қайырымды ісімен көзге түскен азаматтардың ерлігі жергілікті басылымдарда жазылып, көрсетіледі. Аймақ тұрғындары осы азаматтардың жасаған әрекет, шарасына қарай дауыс береді. Осылайша жерлестерінің ең көп дауысын жинап, ықыласына бөленген алғашқы үш қатысушы Металлургтер күнін мерекелеу кезінде көпшілік алдында марапатталады. «Ізгі жүректі» жандарға тағайындалған сыйлықақы мөлшері де осал емес. Оның көлемі жарты миллион теңгені құрайды. Ал қазіргі кезде ел алғысын алған қайырымды жандарға, көзсіз батырларға дауыс беру әлеуметтік желілерде, сондай-ақ «Казмырыш» компаниясының ресми аккаунттарында жүргізіледі. Сайтта тікелей дауас беру мүмкіндігі қарастырылғандықтан, енді жүлдегерді анықтау жеңіл, ашық, әрі оңай.

Дәл осындай сыйлықты Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданының әкімдігі де қолға алған.  «Жомарт жүрек» премиясын алудан үмітті тұлға ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, өзінің қайырымды ісімен елге көмегін тигізуге тиіс. 

Міне, осындай республикалық, облыстық, аудандық деңгейде тағайындалған сыйлықтар жер-жердегі қайырымды жандардың еңбегін ескеруді, жақсы істі насихаттауды мақсат етеді. Жақсылыққа құштар етер жобалар алдағы уақытта да назардан тыс қалмауы тиіс.

 

Байланысты жаналықтар

«Әділдік және Өркендеу» қорының Маңғыстау өңіріндегі белсенділері қарттарға көмектесті

30.04.2024

«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

12.04.2024

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

11.04.2024

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

10.04.2024

Су тасқыны: Еріктілер Құлсары қаласындағы Жем өзенінің сағасына қап төсеп жатыр

08.04.2024

Су тасқыны: Құлсарыда зардап шеккендерді маңғыстаулық тұрғындар өз ауылдарына әкетіп жатыр

08.04.2024
MalimBlocks
«Әділдік және Өркендеу» қорының Маңғыстау өңіріндегі белсенділері қарттарға көмектесті

Белсенділер өз қаражаты есебінен азық-түлік сатып алды.

«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

Бұл жерде тек киім-кешек, азық-түлік пен қажетті керек-жарақ жиналмайды.

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

Өз аудиториясын пайдаланып хайп жинауға емес, елді біріктіріп, көмек жинауға шақырып жатқан блогерлер барлық алғысқа лайық.

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

Табиғи апат ел азаматтарын біріктірді.

Су тасқыны: Еріктілер Құлсары қаласындағы Жем өзенінің сағасына қап төсеп жатыр

Осы қап төсегеннің арқасында 5-ауыл су басудан аман қалды дейді тұрғындар.

Су тасқыны: Құлсарыда зардап шеккендерді маңғыстаулық тұрғындар өз ауылдарына әкетіп жатыр

Ерікті тұрғындар мектеп, мешіт және үйлерде оларға жататын орындары мен ас-суларын дайындап қойған.