Қара алтын өндірушілерге жеңіл салық берілуі мүмкін
Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының күн санап құбылып, құлдырауы еліміздегі өндіруші компанияларды тығырыққа тірей бастағандай. Қиындықтан шығар жол іздеген олар мемлекеттен салықты жеңілдетуді сұрай бастапты. Орталық коммуникациялар қызметіне келіп, журналистерге шыққан Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов қара алтын өндірушілердің бастарына төнген қара бұлтты қалай сейілтуге боларын айтып қалды. Вице-министрдің сөзінше, жер қойнауын пайдалану кодексінде дәл қазіргі жағдайда қолдануға болатын жеңілдіктер баршылық.
—Мұнай бағасының құлдырауынан өндіруші компанияларды шығынға батырмас үшін заңнамада айтарлықтай амалдар көзделген. Мәселен, ренторлық салықты мұнай бағасына байланысты белгілеуге болады. Кодекс бойынша, мұнай бағасы 40 доллардан төмендеп кетсе, брендтік салық алынбайды. Эскпорттық кедендік баж салығы да мұнай бағасына қатысты. Кодекс бойынша, мұнай бағасы түскен сайын осы салық та жеңілдейді. Мысалы, мұнайдың бір баррелі 60 доллар болғанда өндірілген 1 тонна мұнай үшін де 60 доллар салық төленіп келді. Енді 40 доллар болса, кедендік баж да 40 доллар болады. Өз-өзін ақтауы төмен санаттағы кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік бар. Ол да кодексте қаралған. Мұнай компаниялары осы нормаға байланысты өздерінің өтініштерін берсе, Ұлттық экономика министрлігі ұсыныстарын жоғарыда айтқан амалдарға сап, қарастырады», – деді ол.
Сарапшылар қазіргі әлемдік дағдарыстан ел бюджетінің қомақты бөлігін толтырып келген мұнай-газ, тау-кен өндіріс орындарының қалай аман шығарына алаңдаулы. Кейбір мамандар әлемдегі мұнай бағасы қазақ мұнайының өзіндік құнынан да түсіп, құлдырап кетсе, мемлекет алпауыт өндіріс орындарына қолдау керек деп санайды. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың жоғарыда айтқан сөзінен үкімет ел экономикасының дамуына ықпалы зор, алпауыт өндіріс орындарын салық саясатын жеңілдете отырып сақтап қалуға түрлі жоспар құрып, дайындалып жатқаны аңғарылады.