Қазақстан Қытайдан не үшін вакцинаға арналған 3 миллион құты сатып алды?
Қазақстанның QazCovid-in вакцинасын жасап шығарушы Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты Қытайдан вакцинаға арналған 3 миллион бос құтыны тапсырыс беріп алдыртты. Бұл туралы бүгін өткен онлайн брифингіде Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария мәлімдеді.
"Біздің вакцинаның өндірісі үшін флакондар керек, вакцина флакондарға құйылады. Сондықтан сай келетін флакондарды сатып алдық, Өйткені вакцина үшін барлық флакондар жарай бермейді. Арнайы сертификатталған флакон керек. Осындай флакондарды Қытай Халық Республикасынан тапсырыс беріп алдырдық. 3 миллион дана бос флакондар институмызға жеткізілді. Болашақта оларға вакцина құйылады", - деді Күнсұлу Закария.
Осылайша, бұған дейін хабарланғандай, Қытай Қазақстанға 3 миллион вакцина флаконын емес, вакцинаға арналған 3 миллион бос флакон жеткізген.
Қытайдан 3 миллион флаконның Алматыға жеткізілгенін бұған дейін "Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясы" АҚ өз сайтында хабарлаған. "Қазақстан темір жолының" БАҚ-пен байланыс департаментінің директоры Абзал Нұрқасымов бүгін malim.kz-ке "ҚТЖ" вакцинаға арналған 3 миллион бос флаконды әкелгенін айтты.
Бұған дейін Қазақстандағы Қытайдың төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо 26 наурыз күні “Деловой Казахстан”басылымы, “Kazakhstan Today” ақпарат агенттігі мен “Стратегия 2050” сайтына шыққан сұхбатында Қытай Қазақстанға 3 миллион вакцина флаконын жеткізгенін мәлімдеген.
Бірақ наурыздың 30-ы күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой министрлікке Қытайдан вакцина келгені туралы ақпарат түспегенін айтып, мүлде хабары жоқ екенін жеткізді.
“Бізде мұндай ақпарат жоқ. Ресми тұрде ешқандай мәлімдеме түскен жоқ. Егер ондай вакцина Қазақстанға келген болса, ол әуелі бізге, регуляторға түсіп, ел ішінде қолдануға рұқсат алуы керек. Бізге ондай өтініш түспеді. Сондықтан қазіргі кезде ондай мәлімет менде жоқ”, – дейді Цой.