Сайланбалы орындарда әйелдер мен жастардың үлесі артты

Биыл наурыз айында елімізде барлық деңгейдегі  мәслихаттардың сайлауы болып өтті. Бұл сайлаудың ерекшелігі –   партиялық тізіммен  әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді.

  • 10.10.2023

Мүмкіндігі шектеулі жандарға да квоталар бөлінді. Түркістан облысының жұртшылығы бұл жаңашылдықты қуанышпен қарсы алды. Өйткені, басқа аймақтармен салыстырғанда жастардың ең көп үлесі Түркістан облысында. Сондай-ақ, аймақтағы қыз-келіншектер мен әйел азаматтарын қоғамдық, саяси өмірге белсене араластыру ісінде Түркістан облысына жүктелетін жауапкершілік те жоғары. Осы ретте  партиялық тізіммен  әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілгені елдегі, аймақтағы саяси жаңарудың белгісі болды. 

Парламентке және жергілікті өкілетті органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізді. Сайланбалы орындарда әйелдер мен жастардың үлесі артты.

Әлемдік тәжірибе бойынша әйелдердің сайланбалы органдарда өкілдік етуін арттыру құралдарының бірі – әйелдер үшін арнайы квоталар енгізу. Партиялық арнайы квоталар Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады және тиісті нормалар Германияда, Норвегияда, Францияда және Бельгияда сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген. Қазіргі таңда қалыптасқан әлемдік тәжірибені және Қазақстан әйелдер істері жөніндегі қабылданған құжаттар төңірегінде ұсынылып отырған заңнамалық нормалар әйелдерді елдің қоғамдық-саяси процестеріне ары қарай белсенді тартуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз парламентке және жергілікті өкілді органдарға жастардың келуіне ықпал етуге тиіспіз. Осы бөлікте ұсынылып отырған заңнамалық шаралар, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған конструктивтік ойлары бар белсенді жастарды тартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан демократиялық үдерістің даңғылына түсті. Мұны күнделікті тұрмыстан аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қалыптасқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы соның айғағы. Қазақта «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген бар.  Халықтың, қоғамның талабына сай түрленіп жатқан саяси жүйенің бүгінгі көрінісі сол демократияның даңғылына баспалдақ.

Кейінгі уақытта Президент тапсырмасына байланысты сайлау жүйесіне  көптеген жаңашылдық енді. Кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін  жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси  реформа аясында бірер жыл бұрын ауыл әкімдерін тікелей  сайлау механизмі іске қосылды. Азғантай уақыт аралығында көптеген елді мекенінде баламалы негізде сайланған жаңа әкімдер жауапты қызметіне кірісті. Алдағы уақытта бұл демократиялық үрдіс  жалғасын таппақ. Ендігі қадам – аудан әкімдерін сайлау болмақ.

Пилоттық жоба ретінде Түркістан облысымызда төрт ауданның әкімі сайлауы өтті. Осы аудандардың жұртшылығы саяси  науқанда белсенділік танытты. Өйткені, бұл саяси үрдістер халық талабына сай жүзеге асты. Бастысы жаңашылдық мемлекетіміздің дамуына оң септігін тигізді.

Мемлекет басшысы референдумнан кейінгі Үндеуінде маңызды мәселелер көтерген болатын.

«Референдум еліміздің тарихындағы маңызды кезең болды, ол ұлттың бірлігін және нақты өзгерістерге дайындығын көрсетті. Дауыс берушілердің жоғары болуы – қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігінің айғағы болды. Сайлау учаскесіне келіп, елімізде басталған реформаларды қолдағандардың барлығына алғыс айтамын. Нағыз патриоттық таныта отырып, сіз Қазақстанның прогрессивті дамуына зор үлес қостыңыз. Ел үшін осы бір тағдыршешті сәтте заңды құқығын пайдаланып, өз ұстанымын білдірген барша азаматтарға алғысым шексіз. Негізгі заңға енгізілген өзгерістер соңғы кезең емес, реформаларымыздың басы ғана. Біз елді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде біз барлық билік институттарының жұмыс істеуінің тиімді үлгісін қалыптастырамыз, олардың арасындағы тежемелік пен тепе-теңдік тетіктерін күшейтеміз. Дәйекті саяси реформалар ұлттық экономиканың дамуына, ұлттық кәсіпкерліктің нығаюына ықпал етеді. Енді бізге экономикада ашық және әділ ойын ережелерін қалыптастыру, заңнаманы реформалау керек. Барлық жасанды монополияларды жою және сыбайлас жемқорлыққа сенімді тосқауыл қою маңызды», деді президент.

Мықты мемлекет болудың кепілі – сапалы әрі мықты заңдар. Қоғамның әрбір мүшесінің құқығы қорғалған құжаттар. Еліміздегі соңғы жылдары жүзеге асқан саяси реформалар осы жұмыстардың тұрақты жүріп жатқанын көрсетеді.

Асима ЖҮНІСОВА,

Жетісай ауданы, «Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ басшысы.