«Сақшы» қалай қазақша сөйледі?

Биыл салалық басылымдардың көшбасшысы саналатын «Сақшы», «На страже» газеттеріне 90 жыл. Мерейтойға орай Ішкі істер министрлігінде салтанатты шара өтті.

  • 26.11.2023

Оған қазақстандық полицияның жылнамасына айналған басылымға әр жылдары үлес қосқан журналистер арнайы шақырылды. Тоғыз онжылдықта «Сақшы» талай журналистің ақпарат алаңында атының танылып, қаламгерлік қабылетінің шыңдалуына себепші болды. Ең бастысы, бұл басылым отандық ішкі істер қызметінің тоқсан жылдық тарихының жылнамасына айналды. «Сақшыны» парақтаған жан осы жылдар ішіндегі полицияның даму белестерін, ізденістер мен іркілістерден толық хабардар болар еді. Өйткені, полициямен етене жұмыс істеген журналистер саланың жетістігі мен кемшілігін жан-жақты көрсетіп, жалпы халықты отаншылдыққа, ортақ тәртіпті сақтауға, өзгенің құқығы мен бостандығын құрметтеуге тәрбиеледі. «Сақшыны» қазақша сөйлету оңай болған жоқ. Себебі, кеңестік кезеңді айтпағанның өзінде, тәуелсіздік алған тұстан бергі уақытта да полиция құжаттарын мемлекеттік тілде дайындау жеңіл болған жоқ. Ал осындайда «Сақшының» отандық полицейлерді қазақшаға үйретуде, құжаттарды мемлекеттік тілде дайындау стандартын қалыптастыруда, ішкі істер органының терминдерін қазақшалауға тигізген көмегі ұшан-теңіз. Ведомстволық газеттер ел халқы күрделі кезеңді басынан кешірген екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де жарыққа шығуын тоқтатқан жоқ. Тек тоқсан жылда гаеттің атауы ғана өзгерді. 50-жылдары газет "Қазақстандық милиция» деп аталса, 1960 жылдан бастап «На страже» деген атаумен оқырманға жол тартты. 1999 жылдың сәуір айында қазақ тіліндегі «Saqshy» газетінің бірінші нөмірі жарық көрді.  Салтанатты жиында Ішкі істер министрі Ержан Саденов сала журналистеріне осындай жанкешті еңбектері үшін алғысын айтып, арнайы сыйлықтар тапсырды. Расында, «Сақшы» журналистерінің еселі еңбегі қандай марапатқа да лайық. Әсіресе, ұлтжанды азаматтар Қазақ елінде шығатын «На страже» газетінің екі бетінің ғана қазақша басылуына өкпелі еді.  Белгілі ақын, қарымды қаламгер Базарбай Исаев «Сақшыны» қазақша шығаруда айрықша еңбек сіңірді.  Оған дейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Эрнст Өмірзақұлы Басаров «На стражеде» полиция қызметкерлеріне арналған қазақша бет болғанына мүдделік танытса, Базарбай Исаев бұл міндетті әрі қарай жетілдіріп, қазақша арнайы газеттің шығуына күш жұмсады. Әрине, бұл қадамның оңайға түспегенін Исаевтан артық ешкім білмейді.  Қарымды қаламгер «Егеменді елміз бе?» деген мақаласында: «Газетімізде қазақша жалғыз бетті шығара бастағанымызға да бір жыл болып қалды. «Сақшы» бетін шығаруға байланысты корректор, машинистка, сондай-ақ, аудармашы-тілші штаты арнайы қарастырылған болатын. Соған қарамастан осы күнге дейін, яғни, бір жыл бойы жалғыз өзім осы бетті шығарып келдім.      Қазақ жерінде тұрып, қазақша газет шығаруға қол жеткізе алмағанды былай қойғанда, «Сақшы» бетін қызықты, мазмұнды етуге ешкімнің мән бермей отырғанына қынжылмасқа бола ма? «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп халық тауып айтқан ғой. Бұл мәселені неге көп болып көтермейміз?  «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» дегенді естен шығармай, бұға береміз бе? «Егемендік алдық!» дегенге екі езуіміз екі құлағымызға жетеді. Қайда сол егемендік?!» деп оқырманға жанайқайын жеткізген екен. Исаевтың арманының аяқты асты болмай, жүзеге асуына жалпы халықтың, мақаланы оқып, өз пікірін жолдаған, қолдауын көрсеткен полиция жетекшілерінің де еңбегі зор.

Мұны Базарбай Исаевтың мақаласынан кейін газетке үн қосқан материалдар легінен байқау қиын емес. Мәселен «Қазақша газет керек» атты мақаласында Индер аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы Амангелді Құлбатыров «Былтыр «Сақшы» газеті өз алдына отау тігіп, шығатыны жайлы жақсы хабар оқып, бәріміз мәз болып қалып едік. Сол кезде Шымкент облысы, Ленин аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері халық арасында газеттің бір мың данасын тарататынын айтып жазған. Оны Жезқазған облысы, Ұлытау аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қолдап еді. Олар газеттің 1200 данасын таратуға бел буып отырғанын хабарлаған. Сондай-ақ Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы әріптестеріміз өздерінің төл газетін оңаша отау тігер күн болса, екі мың данасын таратуды өздерінің міндетіне алған. Сөйтіп жоғарыда аталған аудандық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері үлкен ерлік жасап, біздерді қуантқан болатын.

Біз қазақ газетінің қажет екенін түсіндік. Осыны басқа аудандық Ішкі істер бөлімдерінің басшылары мен барлық әріптестерім ұқса екен. Сөйтіп өзіміздің ана тілімізде шыққалы отырған газеттің белсенді насихатшысы бола білсе деп тілеймін» деп жаса, Алматы облысы, Шелек ауданы, «Қорам» совхозының тұрғыны Мақсұт Шалабаев «Сегіз беттік газеттің жалғыз беті қазақша шығатынына қайран қалдым. Ана тілінде шықса, мен де жазылар едім» деп ортақ іске үн қосқан-ды. Мұның өзі полиция саласында қызмет ететіндердің қазақтілді басылымға сусап отырғанын, тәуелсіз елде үнжарияның алдымен қазақша шығуы тиістігін қолдайтынын көрсетеді. Сонымен бірге, осы кезде жарияланған мақалалар халықтың қазақша басылым шықса қаржылық та, моральдық та тұрғыдан көмек көрсетуге дайын екенін ұқтырған болатын. Осындай жақсы істің жаршысы болуға әзір белсенді азаматтардың арқасында «Сақшы» 1992 жылдың 11 маусымында жеке газет болып баспадан алғаш басылып шықты. Сүйінші ақпараттан кейін республикамыздың түкпір-түкпірінен шынайы құттықтауын жолдаған оқырмандар газеттің таралымын көбейтуге белсене кірісті. Сөйтіп көпшіліктің ортақ іске үлес қосып, қазақша газетті аяғынан тік тұрғызсақ деген ынта-жігерінің арқасында алғашқы жылы-ақ «Сақшының» таралымы «На стражеден» еселеп өсті. Республикалық басалымдар 10 мың тиражға әрең жеткенде «Сақшы» жиыра мыңды межеледі. Мұның бәрі жасампаз істің өміршең болуы халық қалауына, халық тілегіне байланысты екенін көрсетсе керек.