Шымбұлақтағы экстремалдар сайысы
Спорт – ең алдымен мәдениет. Кез келген спорт түрінің дамуы оның қаншалықты қоғамдық деңгейге көтерілуінде. Қазақстанда қысқы спорт түрлерін, оның ішінде тау шаңғысын бұқаралық деңгейде дамытуда Шымбұлақтың орны ерекше екені дау тудырмайды. Қазір "Шымбұлақ" тау шаңғы кешеніне барған сайын әлдебір жарыстардың өтіп жатқанын жиі көруге болады. Оқушылар арасында, әуесқойлар арасында, әлдебір клубтық сайыстар, т.б. Кешен біраздан бері экстемалды спорт түрлерін жақсы көретіндер үшін де жаңа мүмкіндіктер сыйлап жүр.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп жатқан Gorilla Winter Jungle – трамплиннен секіріп, ауада, жерде түрлі трюктер жасайтын шаңғышылар мен сноубордшылар арасындағы сайыс алматылықтар үшін ерекше қызық. Биылғы экстремалдар сайысы сенбіге белгіленген. Бұл алдымен арнайы келіп тамашалаушыларға ғана емес, демалысын тауда өткізгенді жақсы көретін өзге де шаңғышылардың тамашалауына мүмкіндік береді.
Халықаралық деңгейдегі бұл жарыста ерлер Big Air (Freeski, Snowboard) және Jibbing (Freeski, Snowboard) бағдарламалары бойынша сынға түсті. Спортшылардың шеберлігін халықаралық деңгейдегі танымал райдерлер бағалады.
Бір қызығы, былтыр жүлде алғандарды биыл да жеңіс тұғырынан көріп қалдық. Соның бірі биыл қатарынан үшінші орын алған Сәкен Кагаров. Ол спорттың бұл түрі Қазақстанда енді-енді дамып келе жатқанын айтады.
- Мен өзімді Қазақстан үшін кәсіби спортшы санаймын. Әлемде, әрине, өлшем басқаша. Қазақстанда бұған дейін көп мүмкіндіктер болған жоқ, енді ғана қызығушыларға бұл спортпен айналысу үшін жағдай жасала бастады. Қатарынан екінші жыл үшінші орын алдым, ұйымдастырушыларға рахмет, - дейді Сәкен.
Жарыс қорытындысы бойынша Big Air I Snowboard бағдарламасында бірінші орынды Александр Смелов алды. Ресейлік спортшының отандасы Михаил Ильин екінші орын алса, Степан Деоносьев үшінші орынды иеленді.
Jibbing I Snowboard-тан Михаил Ильин – үздік, Әділет Оразбаев – жігерлілігі үшін марапатталды.
Big Air I Freski бойынша Артем Афансьев, Даниил Тавдишвили, Сәкен Кагаровтар үздік үштікті бөлісті.
Jibbing I Freski бойынша үздік деп танылған Артем Афанасьев пен жеңіске деген ұмтылысы үшін Тимур Губаев көзге түсті.
Әйелдер арасындағы жастықшаға секіру мен jibbing бойынша қырғызстандық спортшы Александра Нестерова екі аталым бойынша да үздік деп танылды.
Жеңімпаздарға 55 мыңнан 330 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Фото: Malim.kz