Тағдыры ауыр балалар көп – бәрін бауырыма басқым келеді

Айшолпан КЕРІМ

  • 12.03.2021

Есік қаласындағы И.Ершованың отбасылық үлгідегі балалар үйінде қараусыз қалған он бала өмір сүреді. Бірінің анасы түрмеде болса, кейбірін ата-анасы ешқандай себепсіз тастап кеткен. Бірақ ештеңеге қарамастан, балалар қазір өздеріне жаңа отбасы сыйлаған  анасымен бақытты өмір сүруде.  Ирина Ершова Malim-ге түрлі тағдырлы балалары мен көпбалалы ана болу туралы айтып берді.

Ирина отбасылық балалар үйін ашпас бұрын он бір жылдан аса патронаттық бала тәрбиесімен айналысқан. 

Менің анам да ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған балаларды тәрбиелеумен айналысты. Кейін мен де он бір жылдан аса патронаттық негізде бала тәрбиелеп келдім, туған балаларым да бар. Отбасылық үлгідегі балалар үйін ашу кенет пайда болған, еріккеннен кіріскен ісім емес, сонша жыл ішінде осы іс өмірімнің мәні екенін түсінгендеймін. Айтпақшы мен тек ана емес, жас әже болып та үлгердім, бауырыма басқан балаларымнан немерем барі. 

Ирина Ершова - отбасылық үлгідегі балалар үйінің анасы

Он үш жасына дейін мектеп көрмеген балам бар

Қазір Ирина жеті ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Үлкені жақында 15-ке толады екен. Біз барғанда балалардың жартысы мектепте болды.

«Отбасылық балалар үйі статусын алғанымызға жарты жыл әлі болған жоқ. Бұл жұмысты кез келген адам істей алмайды, өз баласына қарай алмайды, өзгенің баласын қайтсін? Оның үстіне он баланың мінезі он түрлі, әрқайсысының көңіліне қарап, бөлек тіл табыса алуың керек.

Бұл балалардың ата-анасы да әртүрлі. Кейбірі тұл жетім, біреуінің анасы маскүнем. Тіпті балаға тәрбие берудің орнына шаруа қожалықтарын жағалатып, жұмыс істетіп қойғандары да болды. Сүйтіп жүріп, он үш жасына дейін мектеп көрмеген балам да бар. Келгенде қолына қалам ұстауды білмейтін, әріп танымайтын. 

Балалар бұл жерге жетіскендерінен келмейді. Саша аяғына алты қабат шұлық киіп, тоңып қалған күйде келді. Баланың мұндай күйін көргенде, көшеде қараусыз қалған, мейірім көрмеген барлық баланы жаныма алғым келеді.

Балаларды тауып, бұл жерге орналастыруға қамқоршылық пен қорғаншылық органдары көмектеседі. Менің ойымша, мемлекеттік негіздегі балалар үйінен отбасылық үлгідегі үй әлдеқайда тиімді. Жетімдер үйіндегі балалар ештеңе істемейтіндіктен, бәрі олар үшін бірдеңе істеуі тиіс деп есептейді. Он сегіз жасқа дейін қоғамнан оқшауланып өмір сүрген соң, кейін қоғамға сол балалардың сіңісіп кете алмайтынын көріп жатамыз. Өздері мейірім көрмей өскен соң, өзгеге де, баласына мейірім көрсете алмайды. Солайша тағы бір тасжүрек ұрпақ дүниеге келеді. 

 Ал біздің үйде кәдімгі отбасылық өмір, балалар мені «Мама» дейді. Бір жерге шықса, қайтіп келетін жері, артынан күтіп отыратын адам бар екенін біліп өседі. Оны ештеңеге қарамастан жақсы көретін адам барын біледі, балаға мұндай тәрбие беру арқылы біз қоғамның түзелуіне әсер ете аламыз.

Мұндай өмір балаларға да ұнайды, ұнамаса, ол балалар үшін бұл жерден қашып кету түк емес. Мемлекеттік балалар үйінен бала қашты дегенді жиі естиміз ғой.

Үй өзімдікі, мемлекеттің отбасылық үлгідегі балалар үйін ашуым үшін қойған басты талабы – басымда үй болуы еді. Мемлекет бала асырауға көмек көрсеткенімен, тұрғын үймен, көлікпен қамтамасыз етпейді. Бірақ мен ешкімнен ештеңе күтпеймін де, бұл іспен біреу бірдеңе берсін деп айналысып жүрген жоқпын.

Әдетте балалар жүдеу, жұпыны халде келеді. Келген соң бала бірден жұмысқа салынбайды, дем алады, тынығып, балалармен ойнап, араласа бастайды. Үйренісіп кетуі тым ұзаққа созылған бала да әзірге болған жоқ. Тек бір-екі күн үрке қарап, жатырқауы мүмкін. Өте қиын өмір жағдайынан кейін, әке-шешенің ұрыс-керісінен соң мұндай жағдайға үйренісу оңай ғой. Бала болған соң, жаман нәрсені тез ұмытады емес пе?

Алина мен Карина деген қыздарым қазір тұрмыста, балалары бар. 

Балалардың үлкені енді он беске толады. Білуімше, алдағы уақытта балалардың тегін жоғары білім алуға мүмкіндігі бар. Алайда, қазірдің өзінде балалардың бәрінің ЖОО-ға шамасы жете қоймайтыны байқадым. Дәл сол балаларды «оқуың керек» деп қинағым келмейді. Жаны қаламайтын нәрсені жасатып, кейін бұл балалардың тағы бір күйзеліске түскенін қаламаймын. 

Мектепте балалардың ерекшелігі жайлы ашық айтылуына қарсымын, мұны мұғалімдер де біледі. Балалар да өздерін ешкімнен кем санамайды. Мектеп аз қамтылған отбасы балаларына тегін тамақ береді, ал балаларым ол тамақты жеп, басқалардан айрықшаланып тұрғысы келмейді. «Біз аз қамтылған отбасы емеспіз ғой, аш та емеспіз» дейді. (күліп) Сол үшін үйден тамағын дайындап беремін. Балаларым қарапайым отбасыдан шыққан оқушылардан жақсы көрінбесе, мүлде кем емес.

Мен бұл іс үшін, осы балалардың анасы болғаным үшін айлық аламын, баланы асырау үшін де мемлекет ақша бөледі. Қаражат туралы, өкінішке қарай, айтуға болмайды. Алайда көп те, аз да емес, жетеді.

Біз үлкен отбасымыз, азық-түлікті қаптап алып қоямыз, бір айға жетпей қалатын кездер болады. (күліп). Қыдырсақ та, он біріміз бірге шығамыз.

Түрлі тағдырлы балалар, тасжүрек аналар бар

Адамдар «Не үшін бұл іспен айналысасың?» деп сұрағанды ұнатады. Осы іс үшін миллион алады деп ойлайды. Мұғалімнің балаға сабақ үйреткені сияқты қарапайым бір кәсіп қой. Әркім жанына жақын іспен айналысады, сол сияқты осы бір қараусыз қалған балаларды бауырыма басып, қоғамға сіңістіру де менің ісім.

Ата-анасы тірі балаларым да бар, Андрей есімді баламды Сайранда жүрген жерінен тауып алдық, кейін анасын іздедік. Түрлі тағдырлы балалар, тасжүрек аналар бар. Жеті жылдан кейін Андрейдің анасын таптық, сөйлесіп көр десек, бала өзі бас тартты. «Ол әйелге мұқтаж болған кезде, мені керек қылмады, енді қазір жұмыс істеп, табыс таба бастағанда өзін асырайтын адам іздеп жатқан ананың маған керегі не?» деді. Біз балаларды туғандарына қарсы қоймаймыз, үнемі «араласып көр, барып көр» деп айтып отырамын. Саша есімді балама «Барып, анаңды көріп қайтқың келмей ме?» деп сұрағанда тіпті ренжіп, жылап қалды. Тек еске салғанның өзінде қиналып қалған баланың жарасын қайта қасып, қайдан келгенін еске салудың өзі өте ауыр.

Каринам жылап отырып, анасы алдап кеткенін айтып бергені бар. «Анам жетімдер үйіне келіп, ертең алып кететінін айтты. Біз сіңлім Заринамен бір апта бойы терезеге телмірумен болдық. Келмеді» - деді. 

Қызығы осы жылдар ішінде қолымда болғандар ішінде өздері ата-анасын іздеген бала болған жоқ. Өзіміз іздейміз, тапсақ, балаға хабар береміз. 

Баланың басын қатырып, туған анасы екеніме сендіруге тырыспаймын

Ирина Ершова - отбасылық үлгідегі балалар үйінің анасы

Бұл отбасының анасы болу маған да оңай емес. Уайым көп, он бала үшін жауаптымын. Біреу ренжітіп қойса, құлап қалса, сүрініп кетсе деген түрлі ой бітпейді.

Балалар өздерінің, менің кім екенімді біледі. Мен олардың басын қатырып, туған анасымын дегенге сендіруге тырыспаймын. Батыстың осы идеясын қолдаймын. Бізде бала асырап алғандардың көбісіне он сегіз жасына дейін өгей екенін жасырып, қатты қателеседі. Бірден айтқан дұрыс, жетілген шақта өзіңнің мүлдем «басқа» екеніңді білу қандай күйзеліс екенін білесіз бе?...

Тағы бір байқағаным, балалар ер адамдардан қорқып қалған, оларды агрессор санап келеді. Бұл да біздің қоғамның, отбасылық институттың әлсірегенінің белгісі шығар.

Балалар Иринаны ерекше мақтап, үйде қандай талаптар бар екенін айтты. «Өтірік айтуға, төбелесуге және оттық пен сіріңке қолдануға болмайды. Ереже бұзылса, бұрышқа тұруың мүмкін. Бірақ мамамыз – керемет адам, менің оған алғысым шексіз» - деді Кристина.

Әңгімеміздің соңында Ирина мектеп пен қоғамда балалары бетпе-бет келетін келеңсіздіктер туралы қынжыла айтты.

И. Ершованың отбасылық үлгідегі балалар үйі

«Бірде балама ескерту жасап, мектепке шақырды. Мұғалімі тәртіпсіз болып, жүгіргенін айтып шағымданды. Бірақ жүгірген тек менің балам емес, үлгерімі төмен бала да жалғыз менің ұлым емес. Бірақ кейде мұғалімдер осындай кемшілік баланың жетім болуынан екенін бетке басқысы келетіндей болады. Барлық мұғалім бірдей дей алмайсың, әрине, бірақ баланың теріс қылығын көрсе, бірден олардың қарапайым, толық отбасыдан емес екеніне назар аудара жөнелетіндер бар. Менің балаларым сол қарапайым отбасыдан шыққандардан артық болмаса, мүлде кем емес»

Байланысты жаналықтар

Қазақстанның барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтеді

23.09.2024

Отбасыңызға уақыт бөлесіз бе? Сауалнама нәтижесі

29.08.2024

Полиция Жәнібек Жұмағұловтың ата-анасын іздеп жатыр

27.06.2024

Балаларды интернет қаупінен қалай сақтандырамыз?

02.06.2024

«Денсаулығы нашарлап, қиналып жатыр». Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібек соңғы жаңалығын бөлісті

24.05.2024

25 жыл бойы асыранды екенін білмеген қыз ата-анасын іздеп, көпшіліктен көмек сұрады

23.05.2024
MalimBlocks
Қазақстанның барлық мектебінде ата-аналар жиналысы өтеді

Отбасыңызға уақыт бөлесіз бе? Сауалнама нәтижесі

Ата-аналардың балаларымен бірге уақыт өткізуіне кедергі келтіретін басты себеп – жұмысбастылық

Полиция Жәнібек Жұмағұловтың ата-анасын іздеп жатыр

Оның қашан және қандай себепке байланысты шетелге кеткені анықталып жатыр.

Балаларды интернет қаупінен қалай сақтандырамыз?

Полиция ата-аналарға негізгі ережелерді ұсынды

«Денсаулығы нашарлап, қиналып жатыр». Бельгиялық әйел асырап алған Жәнібек соңғы жаңалығын бөлісті

Ол басына түскен қиын жағдай туралы айтып берді.

25 жыл бойы асыранды екенін білмеген қыз ата-анасын іздеп, көпшіліктен көмек сұрады

Қазіргі таңда Айдананың өзі Ақтау қаласында тұрмыста, төрт баласы бар екен.