Той жасаған шенеунік қызметінен кетті

Malim Админ

  • 09.08.2021

Қарағанды облысы жер қатынастар басқармасының басшысы Қалел МАҚСҰТОВ карантин кезінде той жасағаны үшін қызметінен түсіп қалды. Бұл туралы Мalim.kz сайты хабарлайды.

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бұл шешімін аппараттың жиынында мәлімдеген. 

«Бүгінгі күннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды.Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған. Облыста коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!», - деді өңір басшысы.

Экс-шенеунік қызының тойын 7 тамызда жасаған. Қарағанды қаласындағы «Ариста» мейрамханасында 400-ге жуық адамға дастархан жайылыпты. "109" нөміріне бірден хабарлама түсіпті.Оқиға орнына Қарағанды қаласының полиция, санэпидбақылау және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мобильді топ шықты. Мекеменің жанында көптеген көліктер болғандықтан және мейрамхананың өзінде 400-ге жуық адам болғандықтан, аумақты қоршау үшін полицияның қосымша наряды шақырылды.

Карантин режимін бұзу фактісі бойынша СЭҚ қызметкерлері акт ресімдеді. Мекеме иесіне және іс-шараларды ұйымдастырушыларға айыппұл салынады. Өткен демалыс күндері облыс орталығы мен Теміртау қаласының басқа да мекемелерінде карантин режимінің өрескел бұзушылықтары анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысы "қара-қызыл" аймақта орналасқан. Өңірде күн сайын Covid-19 жұқтырудың мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен шектеулер күшейтілді.