Тоқаевқа ашық хат: Іс жүзінде қолдау көріп отырған жоқпыз

Malim Админ

  • 22.09.2020

Ашық хат

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Отандық шағын және орта бизнестің үлкен алаң тудырып отырған мүшкіл халіне байланысты сізге жүгінуге мәжбүрмін. Коронавирус пандемиясы мен одан кейінгі карантин өзіңіз білетіндей, шағын және орта бизнеске үлкен шығын әкелді. Біршама қазақстандықтар өздерінің сүйікті ісімен қоштасып үлгерді. Өйткені олар мұндай соққыға төтеп бере алмады. Қалған кәсіпкерлер де әрең жан бағып отыр. Ал мемлекет қазір болмағанда қашан көмекке келеді? Сіз несие бойынша төлем мерзімін ұзартуды тапсырдыңыз. Бұл барлық кәсіпкерді жігерлендірді. Дегенмен, біраз уақыттан кейін банктер кейінге шегеру үшін пайыз қосуды жалғастырғандықтан, несиені қалайда төлеу қажеттігі анықталды. Оның үстіне қарыздың кейінге шегерілгені үшін өсімпұл төлеу керек.

Біз үнемі жаңалықтардан Үкіметтің бизнесті қолдау шараларын қабылдап жатқанын оқимыз. Бірақ іс жүзінде бұл қолдауды сезініп отырған жоқпыз. Жай ғана бұл көмек мұқтаждарға жетпейді. Тек ірі кәсіпорындарға ғана көңіл бөлініп, оларға ауқымды субсидиялар беріледі. Шағын және орта бизнес жұмыссыз қалуда. Ал жергілікті билік есептерінде бәрі әдемі, бар мәселе шешіліп жатқандай көрінеді. Шын мәнінде олай еместігін мен шағын бизнес өкілі ретінде білемін. Сарапшылардың болжауынша, жақын арада Қазақстанда шағын және орта бизнестің 70% жуығы жабылуы мүмкін. 2 миллионнан астам адам жұмыссыз қалады. Бұл әлеуметтік «жарылысқа» айналуы мүмкін. 

Әрі қарай да әрекет етпесек, жылдар бойы құрған барлық нәрсені жоғалтамыз. Содан кейін оны оңалтуға бірнеше жыл кетеді. Бұған жол бермеу үшін мен ШОБ-ты қолдау мен одан әрі дамыту құралдарын ұсынғым келеді. Барлық кәсіпкерлер мені бірауыздан қолдайтынына сенімдімін.

Біріншіден, ең көп зардап шеккен ШОБ өкілдеріне пайызсыз несиелер, тікелей қаржылық субсидиялар беру қажет. Қарыздар бойынша тұрақсыздық айыбы мен өсімпұлды жою керек.

Екіншіден, көп зардап шеккен ШОБ өкілдерінің ғимараттарды жалға алу және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеу керек.

Үшіншіден, қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз ету керек.

Төртіншіден, импорттық және экспорттық рәсімдерді жеңілдеткен жөн.

Бұл – дәл қазір ШОБ мұқтаж болып отырған көмектің бір бөлігі ғана. Бірақ осының өзі кәсіпкерлер жағдайын айтарлықтай жеңілдетуге көмектеседі. Одан бөлек, бұл құралдар бизнестің біртіндеп көлеңкеден шығуына көмектеседі, бұл мақсатқа Үкімет жылдан-жылға қол жеткізіп келеді.

Кеңірек алып қарасақ, отандық бизнеске байланысты басқа да мәселелерді көрер едік. Бұл, мәселен, мамандар тапшылығы. Тіпті кәсіпорындарда ағаш ұсталары мен сырлаушылар жетіспейді. Көптеген кәсіпкерлер еңбек мигранттарын жұмысқа алуға мәжбүр. Бірақ, бұл да үлкен сын-қатер әкеледі, айыппұл салынады, қудаланады. Сонымен бірге, бұл сыбайлас жемқорлықтың өсуіне де ықпал етеді.

Шетелдік азаматтарға жұмыс істеу патентін беру процесін жеңілдетуге болар еді. Одан бөлек, осындай мамандарды даярлау үшін арнайы курстар ашып, БАҚ және кино арқылы халық арасында осындай кәсіптердің беделін көтеру керек.

Отандық шағын және орта бизнес мәселелерін үздіксіз жалғастыра беруге болады. Қордаланған түйткіл көп. Ең бастысы – оларды тез арада шешуді бастау керек. Әйтпесе, ШОБ-тың басым бөлігін жоғалтып алуымыз мүмкін. Бұл ел экономикасына өте ауыр соққы болады.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мемлекет пен шағын және орта бизнестің және тұтас халықтың арасында сенімді қарым-қатынас орнағанын қалаймыз. Праймериз — қазір, бәлкім сол сенімді аздап болса да қайтаруға болатын кезең. Сонымен бірге, бұл сайлау ынталы азаматтарға мемлекет қолдауына сүйеніп, елімізде бір нәрсені өзгерту талпынысына мүмкіндік беретін құрал болуы тиіс. Егер праймериз өзінің тиімсіздігін көрсетсе, қазақстандықтар шенеуніктердің келесі қадамдарын шындап қабылдамайды.

Өзім туралы айтар болсам, мен өз Отаным үшін, өз бизнесім үшін әрдайым шын тілектес болып келемін. Өндірісте бірнеше жыл жұмыс істедім және отандық ШОБ-тың барлық қыр-сыры мен кемшіліктерін жақсы білемін.

Мен баяндаған ұсыныстар қолдау тауып, сіз жүргізетін ШОБ қолдау саясатында іске асады деп үміттенемін.

Отандық өндіруші,

Жәкенбаева Мансура Шәріпханқызы

Байланысты жаналықтар

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Кәсіпкерлер: Карантинде "демалған" жоқпыз, нокаут алдық

09.04.2020

Тоқаев мырза, сіздің сыныңызды елеген ешкім жоқ

19.02.2020
MalimBlocks
Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Кәсіпкерлер: Карантинде "демалған" жоқпыз, нокаут алдық

Тоқаев мырза, сіздің сыныңызды елеген ешкім жоқ