"Ұтылған ақшаға үй салуға болар еді" - құмар ойыншы

Айшолпан КЕРІМ

  • 31.08.2021

Құмар ойын кез келгеннің қалтасын тесіп, адамның да түбіне жетеді, өмірін ойрандап,  бос арманға жетелейді. Мұны құмардың құрбанына айналған жақыны бар кейіпкеріміз бен әлі күнге құмархана есігін жағалап жүрген жігіттің әңгімесі де растайды.

Дастан Алматының іргесіндегі Абай ауылында тұрады. Әйелі, екі баласы бар, құмар ойынға қызығатыны тағы бар.

«Бірінші рет казиноға бес жыл бұрын барып көргенмін. Ақша ешқашан артық етпейді ғой, өзім біреуге жұмыс істеймін, айлықтан-айлыққа дейін күн көру қиын. Ол кезде жас та едім, досым танысының «куш» алып, жағдайын біршама жақсартып алғанын айтты. Екеуміздің де ойымыз кетіп, жалақымызды алған күні бірден Қапшағайға жол тарттық.

Қызығы – сол кезде «Бұл дұрыс емес-ау» деген ой болмапты. Ондай ой тек бармағыңды тістеп, қалтаң қағылып, күзетші казинодан қуып шыққанда келеді екен. Бірақ қолыңа ақша түссе, бәрін ұмытып, қайтадан сол есікке жүгіресің».

Дастан алғашқы ұтысын әлі де ауыз толтырып, мақтана әңгімелейді. Бірақ бес жыл ішінде ұтқанынан, ұтылғаны көп екенін де біледі. Казиноның есебіне кеткен ақшаға кішігірім үй көтеріп, болмаса жөні дұрыс көлік міне алатынын да жақсы түсінеді.

«Ақша ұтқан кезіңді сөзбен түсіндіре алмайсың. Өзіңді әлемдегі ең күшті, ең керемет адам сезінесің. Көшеге шығып, ақшаны кинодағыдай лақтырғың келеді. Тіпті ойнап отырған уақыттың өзі басқаша. Қаның қызып, бөлек әлемге кіріп кетесің. Ойын кейде жарты сағатта аяқталса, кейде сол казинода бірнеше күн түнеп те кетесің. Алғашқы ұтысымның 300 000 теңге болғаны есте, одан кейінгісін білмеймін. Бірде ұтып, бірде ұтылып жүріп, кейінірек ақшаны санаудан қалдық қой. Әйтеуір ұтылған ақшаға ауылдан кішкентай үй салуға болар еді ме деп қоямын. Әлде мынау астымдағы ескі көлікті жаңартуға болар ма еді...

Балаларым өсіп келеді, әйелім ренжіп, «Одан да балаларға бірдеңе алмайсың ба?» деген сайын «Енді ойнамаймын» деймін. Деуін дейсің ғой, бірақ, бұл іштегі кесел сияқты бірдеңе... Әйтпесе неге «Ұтып, ескі көлікті қоқысқа тастап, жаңасын мінемін, балаларға жақсы үй салып беремін» деп барып, неше рет желің шығып қайтса да, Қапшағайды жағалайсың тұрады дейсің бізді?..

Дастанның ескі деп отырғаны тозығы шыққан өзбектің Nexia-сы. Алғашында әңгімелесуге келіскенімен, жақындары жайлы айтқан соң «Құмарға алған қарызым шаш етектен, барып, «таксовать» етіп, тиын табайын» деп, көлігін гүрілдете жөнелді.

«Казиноға соңғы рет қашан бардыңыз?» деп үлгердік. «Ой, «соңғы» деп неше рет бардық Қапшағайға» деді де, жүріп кетті.

Дастанмен әңгімеміз аяқсыз қалған соң, Диана есімді ескі құрбымның құмар ойыншы жолдасы бары есіме түсіп, хабарласып көрдім. Ажырасып кетіпті.

«Алғашында ондайы барын білмедік қой. Қыз-жігіт болып жүргенде қаржылық мәселелері барын, ата-анасы көмектескенін айтқанында да түк сезбеппін. Кейін үйленген соң айлықсыз  келгенде банк картасын онлайн-алаяқтар тонап кетті деп алдады. Онысы әдетке айналды, кеш келетінді шығарды. Ең ақыры, менің, өзінің атына түрлі техниканы несиеге алып, оны өзге дүкендерге сатып жіберіп, ақша жасайтын болды. Бәрін апарып, казиноға ұттырып, өзі басы салбырап үйге келеді. Қарызға баттық, бірге тұру мүмкін емес болып кетті. Осынша уақыт түсінуге, сол сұмдықтан шығуға көмектескім-ақ келді, бірақ болмады. Ол нәрсе жақындары қарызын жауып берумен бітпейді, ұзақ ем керек. Ешкім ешкімнің артын тазалап, өз өмірін құрбан етуге міндетті емес».

Қазір Диананың атында жолдасы ілген жалпы 700 000 теңгенің несиесі бар. Ол бұрынғы күйеуі сол соманы өтеуге көмектеседі деп үміттенбейді де, тек құмархана үшін қайта-қайта ақша сұрап, қоңырау шалуын доғарса дейді.

Соңғы дерекке сәйкес, құмар ойыны бизнесі бойынша Азия елдері көшбасшы атанған. Ұлыбритания еліндегі жастардың 48% 5-18 жас аралығында құмар ойынға тәуелділік пайда болатыны анықталған. Біздің елімізде, өкінішке қарай, әлі мұндай зерттеу жасалмаған.

Байланысты жаналықтар

Букмекерде бәс тігу қағидалары бекітіледі

24.07.2024

Букмекерлердің сыртқы жарнамасына тыйым салынды

18.07.2024

«Шенеуніктерге тыйым салынады»: Ерлан Қарин жаңа заң туралы пікір білдірді

08.07.2024

Тоқаев ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойды

08.07.2024

Жүз мыңнан астам қазақстандық өзіне құмар ойын ойнауға шектеу қойды

04.07.2024

«Қазақстан темір жолы» қалт-құлт етіп тұр: Компания банкрот болуы мүмкін екені айтылды

12.06.2024
MalimBlocks
Букмекерде бәс тігу қағидалары бекітіледі

Бұйрық жобасы жария талқыға шығарылды

Букмекерлердің сыртқы жарнамасына тыйым салынды

Осыған ұқсас ереже бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде интернет-ресурстарға да қарастырылған.

«Шенеуніктерге тыйым салынады»: Ерлан Қарин жаңа заң туралы пікір білдірді

Мемлекеттік кеңесші сөз соңында заңда лудомонияға шалдыққандарды сауықтыру мәселесі қарастырылғанын айтты.

Тоқаев ойын бизнесі мәселелері туралы заңға қол қойды

Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Жүз мыңнан астам қазақстандық өзіне құмар ойын ойнауға шектеу қойды

Онлайн қызмет іске қосылғанға дейін тізімде 3 мыңнан астам адам болған.

«Қазақстан темір жолы» қалт-құлт етіп тұр: Компания банкрот болуы мүмкін екені айтылды

Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған.