Халық үшін нағыз қауіп - антиваксерлер
Коронавирустың таралуы асау өрттей қаулап барады. Шарпымаған жері жоқ. Елдің барлық өңірі қызыл аймаққа өтіп, ажал төндіріп тұр. Өкпесі күйген, Құдайдың тегін ауасымен қиындықсыз тыныстауға зар боп қалған науқастар күн санап емес, сағат сайын көбейіп барады. Ана күні ғана 3 мың еді, кеше 7 мыңнан асып жығылды. Былтыр ғалымдар коронавирустың күші мен залалын таппай жатқан сәтте дәл осылайша сырқаттар көп болмаған. Ал биыл, былтыр коронавирустан қорыққан жұрт биыл коронавирустың түбіне жететін вакцинадан үркіп әлек боп, түзу жерде сүрініп жүр.
Негізі, дәл қазір «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», сөйтіп, өзіміз қайта қайта айтқанды ұнататын «әр қазақ менің жалғызым» деген сөзіміздің растығын дәлелдеп, ауруды таратпау, ағайын, көршіге қиянатымызды тигізбеудегі шешуші сәт еді, бірақ, қазақ қоғамы біріккеннің орнына вакцинашылар және антивакцинашылар боп екіге бөлініп алып, қырқысып жатыр. Вакцинаға қарсылар өз жеке бастарының қалауын алдыға тартқанымен олар сол жеке бастарының қалауы жалпы қоғамға, айналасына, туған-туысына, ата-анасына, жора-жолдасына, көрші-қолаңына, жүрген жеріне қаншалықты қауіп-қатер төндіріп тұрғанын елегісі келмейді. Ал ондайлар көп болған сайын коронавирус та кетпейді, вакцина алғандарға қауіп азаймайды. Дегенмен, осы екі топтың ортасында шарасыз отырған жандар да бар. Олар вакцина салдырғысы келетіндер, бірақ, ала алмайтындар. Денсаулықтары және медицина талабымен вакцина ала алмайтындарға сөз берген едік.
Сенімді болар едім, ал мен қорқамын
Айнұр, 25 жаста, үй шаруасында
Жүктілігіме байланысты коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірге салдыра алмаймын. Мұндай жағдай маған ұнамайды. Өйткені вакцина салдырған болсам, ертең ауырып қалмасыма, вирус жұқтырып алмауыма белгілі бір дәрежеде сенімді болар едім. Ал қазір іштей қорқамын. Кейде жаңалықтарды көріп уайымдаймын. Жүкті әйелдер ауырып қалыпты деп жатады ғой. Сосын, менің жағдайымда уайымдауға болмайды, іштегі сәбиге кері әсері тиеді деп өзімді алдағандай боламын. Бірақ, бәрібір санаңда тұрады екен. Ал денсаулығы кеп тұрса да вакцина салдырмайтындарды, оның үстіне көпшілікті жинап, аурудың тарауына себеп боп жүрген антиваксерлердіеш түсінбеймін. Өз басым міндетті вакцинацияны қолдамаймын, ерікті болғаны дұрыс. Алайда вакцина салдырмағандар тек өздерін үшін шешім қабылдамай, өзгелерге де «салдырма» дегендерін түсінбеймін. Түптеп келгенде олар қаласа да, қаламаса да зияндары бізге, вакцина салдыра алмағандарға, әлсіз топтағы үлкен кісілерге, әже-аталарға тиеді. Антивакцерлер осы жайттарды неге ойламайтынын түсінбеймін.
Бір ажалдан аман қалдым
Марина, 30 жаста, бала бағушы
Медициналық себептерге байланысты вакцина салдыра алмайтынымды білдім. Негізі, өз басым вакцина салдырғанды дұрыс көремін. Антиваксерлердің әрекетін де түсінбеймін. Егер шынымен вакцинаға қарсы болса, өзі салдырмағанның өзінде өзгеге зияны тимесін, апта сайын птр тестін тапсырып тұрсын, қауіпсіздік шараларын сақтасын, жиындарды тыйсын, тойға бармасын. Не өздері вакцина салдырмайды, онымен қоймай қазір өзгелерді де салдырмауға үгіттеп жатыр. Олай болған жағдайда халық үшін вакцина емес, нағыз қауіп – сол антиваксерлер, ауруды таратушы да солар болады. Алғаш рет былтыр ауырып шыққанмын, бірақ ол кезде нақты коронавирус па, жоқ па деп тексерілген жоқпын. Жақында қайта ауырдым, ауруханаға түстім, расталды, бір өлімнен аман қалдым, өте ауыр болды. Егер вакцина салдырғанда, оңай құтылар едім деп ойлаймын. Вирус тез құрып кетсе екен деймін. Әйтпесе, біздің жағдайымыз қиын.
Жылап, жылап, жерлеп келдік
Ермек, мектеп мұғалімі
Былтыр коронавирус келіп жайпап жатқан кезде вакцина шықса бәрі реттеледі дедік. Соған сендік. Қазір керісінше боп барады. Жаман пәлекеттің қазіргі таралуына қарасақ, жағдай қиын. Биыл мектеп есігі тағы да жабық тұра ма? Былтыр өте ауыр жыл болды. Ұлым бірінші сыныпты үйде отырып оқыды. Мектеп табалдырығын аттап баспады. Мен соған жүрегім ауырды. Біз оны мектепке барасың деп қаншама дайындадық. Соңында өтірікші болдық. Баланың көңілін қалдырдық. Ал биыл не жорық екенін түсінбеймін. Вакцина бар, бірақ ел салдырғысы келмейді. Неге? Түсініп болмаймын. Қарындасым бар, вакцина салғысы келмейді. Шілденің ортасында нағашы ағамызковидтен өліп қалды. Вакцина алмаған, ұялғанымыздан барып, жылап, жылап, жерлеп келдік. «Вакцина салдыру керек екен-ау» деген бір ағайын жоқ. Өлім-жітімді көбейтейік деген ниет жоқ. Не деген надандық? Өзім үш рет бардым, дәрігерлер мені жатқа біледі. Бауырым жарамайды, күшті дәріні көтере алмайды. Аурушаңмын. Салмай кері қайтарып жібереді. Енді жүрміз, көшеге шығудан да қорқамын. Үйдегі кәрі анамды уайымдаймын. Вирус жұқтыртып аламын ба деп.
Ал жағдайы кеп тұрып, сақтанбай жүргендерге қарап, басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ деген осы екен ғой деймін. Денсаулықтың қадірін білсе, интсаграмда жұртты кері үгіттегенше, имандылығын көрсетіп, елді сабырға, дұрыс жолға шақырар еді ғой.
Вакцина салдыруға болмайтын адамдардың тізімі жүкті және емізулі баласы бар аналармен бітпейді:
ауыр аллергиясы барлар;
вакцинаның құрамындағы заттарға жоғары сезімталдылығы бар адамдарға;
18 жасқа толмағандарға;
65 жастан асқандарға салынбайды;
бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары;
эндокриндік жүйенің бұзылуы (қант диабеті);
қан түзілімі жүйесінің ауыр аурулары;
эпилепсия, инсульт және басқа да орталық жүйке жүйесінің аурулары;
жүрек-қан тамыр аурулары;
иммун тапшылығы;
аутоиммунды аурулар;
өкпе аурулары, демікпе және өкпенің обструктивті аурулары;
метаболиттік синдром мен диабет, аллергиялық реакциялар, атопия мен экзема;
қатерлі аурулар, соның ішінде қан аурулары.
Қазіргі таңда елімізде 5 429 636 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырып үлгерді. 3 837 063 ел азаматы толық иммунизациядан өтті.
Оқи отырыңыз: Алмаз Шарман: Реанимация бөліміне вакцина салдырмаған науқастар түсіп жатыр