Интернет-алаяқтыққа жәрдемдесу, заңсыз кәсіпкерлік, дропперлік қызметті ұйымдастыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Бұл туралы Malim.kz ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Ақтөбе қаласының аумағында телефон және интернет-алаяқтық салдарынан азаматтардан жымқырылған ақшалай қаражатты қабылдау, конвертациялау және заңдастырудың тұрақты схемасын құрған қылмыстық топ әрекет еткен.
Топ құрамында оннан астам адам болған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар 150-ден астам дропперді тартқан.
Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған ұялы телефондарды пайдаланған. Бұл оларға дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және қаржылық операцияларды олардың қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік берген.
Блокчейн-талдау құралдарының көмегімен жымқырылған қаражатты заңдастырудың толық схемасы қалпына келтірілді. Алдымен жәбірленушілердің ақшалай қаражаты транзиттік банктік шоттар арқылы өткізіліп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына аударылған. Одан кейін қаражат криптовалюта платформасына жіберіліп, онда USDT цифрлық активтерін сатып алуға пайдаланылған. Операцияларға заңды сипат беру мақсатында жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар қолданылған. Қылмыстық схеманың соңғы кезеңінде заңсыз кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған, - деп хабарлады ҚМА.
Қазіргі уақытта еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.
Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды.
Тергеп-тексеру жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салсақ, бұған дейін алаяқтар Қазақстанда дропперлер арқылы 400 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғаны туралы хабарланды. Банк шоттарын заңсыз беру немесе басқа тұлғалардың мүддесі үшін ақша аударымдарын жасау 7 жылға дейін бас бостандығынан айырады.
Сондай-ақ, Астанада дропперлікпен айналысқан 2 жас жігіт ұсталды. Олардың банк мобильді қосымшаларын және криптовалюта биржасындағы аккаунттарды өз атына тіркегені анықталды. Кейін бұл құралдар қылмыстық схемада пайдаланылған.