Халықаралық ғарыш стансасында (ХҒС) сегіз айға жуық жұмыс істеген «Союз МС-28» ғарыш кемесінің экипажы Қазақстанның Жезқазған қаласының оңтүстік-шығысындағы далаға сәтті қонды. Қону штаттық режимде өтті. Экипаж мүшелері қонғаннан кейін дәрігерлердің алғашқы тексеруінен өтіп, кейін тікұшақпен Қарағанды қаласына жеткізілді.
Экипаж құрамында NASA астронавты Chris Williams және ресейлік ғарышкерлер Sergey Kud-Sverchkov мен Sergei Mikaev болды. Бұл Уильямс пен Микаев үшін алғашқы ғарыш сапары болса, Кудь-Сверчков екінші рет ғарышқа ұшты. Олар орбитада 241 күн болып, Жерді 3 856 рет айналып, жалпы 102 миллион мильден (шамамен 164 млн шақырым) астам қашықтықты еңсерді. Осы уақыт ішінде ондаған ғылыми тәжірибе жүргізіліп, адам ағзасының микрогравитацияға бейімделуі, жаңа материалдар мен технологиялар зерттелді.
«Союз МС-28» кемесі 2025 жылғы 27 қарашада Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған болатын. Экипаждың орнына 14 шілдеде Байқоңырдан ұшқан жаңа халықаралық экспедиция ХҒС-та жұмысын жалғастырып жатыр. АҚШ пен Ресей арасындағы саяси келіспеушіліктерге қарамастан, Халықаралық ғарыш стансасы бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық сақталып келеді. Қазақстан болса, басқарылатын ғарыш кемелерінің негізгі қону алаңы ретіндегі стратегиялық рөлін тағы бір мәрте дәлелдеді, деп хабарлайды Malim.kz.