Зайытовтың сөзі манипуляция ма?
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың «Қазақстанда алаяқтықтардың 80 пайызын намаз оқитындар жасайды» деген сөзі қоғамда қызу талқылану үстінде.
Осы сөзі үшін мәжілісіменді жерден алып жерге салып жатқандар да, айтқан сөзіне дұрыс деп баға беріп, қолдағандар да баршылық. Зайытовтың айтқан сөзі манипуляция емес пе? Бұл қоғамның санасына қаншалықты әсер етеді? Осы сұрақтарды Malim.kz тілшісі сала мамандарына қойып көрді.
Белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов дін, тіл қазақ қоғамы үшін үйреншікті тақырыпқа айналғанын айтып, Зайытовтың сөзін «манипуляция» деді.
– Мұндай мәлімдемелер екі жағдайда жасалады. Біріншісі, мемлекеттік қызметте жүрген саяси азаматтар жауапкершілікті толық сезінбегеннен, білімінің таяздығынан эмоцияға салынып, өзінің жеке өмірінде болған немесе бір фактіні көріп соны елге жайып көрсетеді. Яғни бір мысалды бүкіл елдің масштабында көрсетуге тырысып, қателікке ұрынады. Екіншісі, осындай манипуляциялар Ақорданың тапсырмасымен де болады. Елдің назарын басқа жаққа бұру керек болған кезде, қоғамдық поляризацияны күшейту мақсатында дін, қазақ тілі – осы негізгі екі тақырып жиі ойнатылады. Бұл – көп адамдар үшін қауіпсіз тақырыпқа айналып кетті. Мысалы, Қаңтар оқиғасына қатысты қойылатын сұрақтар үлкен жауапкершілік талап етеді. Сондықтан көп адам Қаңтарға қатысты жәйтті сұруға қорыққандарынан көтермейді, салыстыратын болсаңыз. Ал, дін, тіл деген көп адамдар үшін абстракті дүние және жауапкершілікті сезінбей өзінің ойын айтуға батыл сезіндіретін тақырып,- дейді Шалқар Нұрсейітов.
Ол Ринат Зайытовтың кез келген мәлімдемесі қоғамда ньюсмейкерге айналып кеткенін, бұл қоғамның өспегенін көрсеткіші екенін айтты.
– Ринат саясаткерден бөлек, бірінші кезекте ол ақын, эмоцияның адамы. Жаңағыдай мәлімдемені ақын айтқан бір бөлек, депутат айтқан бір бөлек. Егер депутаттық мандат болмай айтқан кезде реакция мүмкін басқаша болар ма еді. Дегенмен де, дін, тіл деген қазақ үшін қызыл кеңірдек болып айтысатын тақырып. Ринат Зайытовтың кез келген мәлімдемесі өкінішке қарай біздің қоғамды ньюсмейкерге айналып кететін болды. Адекват қоғам болсақ, ондай мәлімдемелерге әлеуметтік желілерде реакция білдірмес еді. Барлығы заң шеңберінде шешілетін еді. Ринатты жақтап жатқандарға да, даттап жатқандарға да популизмге ұрынып, аудитория жинап өзінің бар екенін көрсетіп қалуға тағы бір мүмкіндік. Сондықтан басында айтып өткенімдей, мұндай мәлімдемелер поляризацияны күшейтіп, діншіл қауым мен зайырлы қоғамды құруды қалайтын азаматтардың арасындағы ара-жікті одан сайын ажырата береді,- дейді саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов.
Ал медиа-экспрет Есенгүл Кәпқызы Ринат Зайытовтың айтқаны қоғамдағы стеротипті қалыптастырудың жолы және қоғамдық сананы манипуляциялау екенін айтады.
– Кез келген мәселені айтқан кезде белгілі бір құжатқа я зерттеулерге, ресурстарға сүйену керек. Яғни, айтқан нәрсе нақты болуы қажет. Ал Ринаттың не нәрсеге сүйеніп айтқанын біз білмейміз. Біздегі кей депутаттар ойланбастан, нақты дәлел-дәйек келтірместен айта салады. Мысалы, шет елдің депутаттары міндетті түрде айтқан нәрселеріне нақты факті келтіріп сөйлейді. Ал біздің депутаттар ешқандай фактіге сүйенбей көзбен көріп, қолмен ұстағандай айтады. Жалпы, депутаттар, қоғамдық тұлғалар осындай нәрсені айтқан кезде популистік болсын, манипуляциялық болсын, пропагандалық болсын – әйтеуір бір дәлел келтіруі қажет. Дәлелсіз сөйлеуге болмайды,- деді Есенгүл Кәпқызы.
Malim.kz тілші Зайытовтың бұл мәлімдемесіне қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) баспасөз қызметіне хабарласып, пікір білдірулерін сұраған. Олар жазбаша жауап дайындап жатқандарын, кейін жолдайтындарын жеткізді. Алайда әзірге діни басқармадан жауап келмеді.