ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ЖОЛЫНДА ҚОҒАМ БОЛЫП БІРІГІП, ҰЙЫМШЫЛДЫҚ ТАНЫТА БІЛУ ҚАЖЕТ

Malim Админ

  • 30.05.2023

Мемлекет басшысы 2022 жылы 16 наурызда күллі қазақстандықтарға «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған болатын. Сол Жолдауда тың әрі ірі экономиалық және саяси реформалар іске асатыны айтылды. Біршамасы іс жүзінде жүзеге асып та үлгерді.

Бұдан былай Президент өзінің өкілеттігін атқару кезінде партияға мүшелігін тоқтатады. Енді Президент 7 жылға және бір рет қана сайлануға құқығы бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқара отырып, Парламенттің рөлі нығая түспек.

Бұл туралы Президент аталған Жолдауында:

-- Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады. Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма "қолдан басқарудың" орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.  Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар "ойын ережесін" түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.

 Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн. Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек.

Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады. Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. "Аз болса да, саз болғаны" жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын.

 Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар. Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн.

 Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады. Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет. Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет, -- деген болатын.

Сонымен қатар, саяси партияларды тіркеу жеңілдеді. Бұрын тіркеу шегі 20 мың болса, қазір 5 мың адамға азайды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетілді. Бұдан өзге, биылдан бастап мәжіліске депутаттар 70 пайыз партиялық тізіммен енсе, 30 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайлануда. Сондай-ақ, мәслихатқа депутаттар 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз мажоритарлық жолмен енгелі отыр. Ал аудан-қала мәслихаттарына 100 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайлауға түсті. Бұл да сайлау жүйесіндегі елеулі өзгеріс. Мемлекет басшысының шешімімен елімізде Жетісу, Абай және Ұлытау облыстары құрылды. Бұл өңірлерді басқарудағы айтулы өзгеріс болмақ. Өткен жылы 16 маусымда Ұлытау төрінде Ұлттық құрылтай өтті.

Ал, бұл туралы Мемлекет басшысы: «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым.  "Қуатты өңірлер – қуатты ел" деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды. Бұған дейін Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та дұрыс қадам болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім. Содан бері азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен бүгін бірқатар бастама көтергелі отырмын.

Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.

Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.

Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын.

 Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.

 Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады.  Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді.

 Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын.

 Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі. Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс», -- деген болатын.

Өткен жылғы елеулі оқиғаның бірі 5 маусым күні Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум жарияланды. Бұл 27 жылдық үзілістен кейінгі ел тарихында екінші референдум еді. Референдум нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпы дауыс беру арқылы қабылданған елдің қолданыстағы негізгі заңының үштен біріне, яғни Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізуге байланысты дауыс берді. Конституцияға түзету енгізу туралы ұсыныстарға сәйкес, Президент, әкім, сот белгілі бір партияда мүше бола алмайды. Сонымен қатар, Президент туыстарына жоғары лауазымды қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды. Бұл Мемлекет басшысының тың бастамалары болатын.

Елордада 12-13 қазан күндері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтті.

2022 жылдың ең елеулі оқиғасы 20 қараша күнгі ҚР Президент сайлауы болды. Жаңа президентті сайлауға 12 миллионға жуық сайлаушының 8,3 миллионы қатысты. Сайлауға алты кандидат түсті. Республиканың қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыспен жеңіске жеткен болатын. Мұның өзі елдің сенімі, халықтың аманаты болатын.

Алдағы уақытта да Жолдауда, Референдумда көтерілген мәселелер іске асатын болады. «Бір басшыға мың қосшы» демекші, Жаңа Қазақстанды Президентпен бірге ел болып біргіп құруды жазсын.

Алтынсары Үмбетәлиев,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.