freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Осындай шешім қабылдадым": Еліміздің бас педагогы оқушылар үшін қуанышты хабарды жеткізді (ВИДЕО)

Білім-ғылым
"Осындай шешім қабылдадым": Еліміздің бас педагогы оқушылар үшін қуанышты хабарды жеткізді (ВИДЕО)
parlam.kz. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Астанада 9-11 (12) сынып оқушылары арасында физика және биология пәндерінен өткен республикалық "Дарын" олимпиадасының жеңімпаздарына ерекше құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова олимпиадада жүлде алған әрбір оқушының дипломына өзі қол қойған. Министр бұл әрекетінің себебін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған бейнежазбасында түсіндірді.

Оның айтуынша, ол да мектеп кезінде пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанған. Сондықтан оқушылардың еңбегін ерекше бағалап, дипломдарға жеке өзі қол қоюды жөн көрген. 

"Құрметті жас достар! Міне, қазір түнгі сағат 01.00. Біз жұмыстамыз. "Дарынның" республикалық пәндік олимпиадасының жеңімпаздарының барлық дипломдарына өзім қол қойып отырмын. Неге? Өйткені, мен де мектеп жасымда осы пәндік олимпиадаға қатысқамын. Жетінші сыныптан бастап қатысып, 9-10 сыныптарда облыстық деңгейде жүлдегер атандым. Сондықтан, бүгін орын алған балалардың еңбегін бағалап, өзім қол қойып берейін деген шешім қабылдадым", – деп келтіреді министрдің сөзін Azattyq Rýhy сайты.

Жұлдыз Сүлейменова жеңімпаздарды құттықтап қана қоймай, жүлде ала алмаған оқушыларға да мотивация берді. Ол әрбір тәжірибе болашақтағы үлкен жетістікке апаратынын атап өтті.

"Осы жолғы олимпиададан орын ала алмаған жас достарға айтарым – мойымаңыздар. Өйткені, қазіргі әрбір тәжірибе болашақтағы үлкен жеңістеріңіздің бір бөлігі", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар министр қазіргі таңда мемлекет олимпиада жеңімпаздарын жан-жақты қолдап отырғанын еске салды. Оның сөзінше, халықаралық жарыстарда жүлде алған оқушыларға да, оларды дайындаған мұғалімдерге де қаржылай сыйақы қарастырылған.

"Барлық республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, Халықаралық олимпиадаларға жолдама алған жастарға тек қана сәттілік тілеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сіздердің халықаралық олимпиадалардағы жүлделеріңіз үшін қаржылай сыйақы белгіледі. Сіздерді дайындаған ұстаздарыңыз да жақсы қаржылай сыйақы алады. Сондықтан, бүгін алған білімдеріңіз ертеңгі күні еліміздің дамуына үлес қосады деп сенемін. Баршаларыңызға үлкен сәлем жолдаймын", – деп түйіндеді Жұлдыз Сүлейменова.

Бұған дейін Қазақстанда мұғалімдерді аттестаттау жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілеттінін жазған едік.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу