Қазақстанда мұғалімдерді аттестаттау жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап ұстаздар үшін ең көп сынға ұшыраған талаптардың бірі – авторлық бағдарламаларды әзірлеу міндеті алынып тасталады. Бұл шешім педагогтардың ұсыныстары мен шағымдары негізінде қабылданған.
"Көптеген ұстаздармен кездестім. Олар аттестаттаудан өту барысында авторлық бағдарламаның қажет еместігін ашық айтып жатыр. Сондықтан министрліктің ұстанымы нақты – бұл талапты алып тастаймыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Осы өзгеріске байланысты аттестаттау ережесіне түзетулер енгізіліп, енді мұғалімдер авторлық бағдарлама дайындауға міндеттелмейді.
Министрлік мәліметінше, бұл бастама педагогтарға түсетін артық жүктемені азайтып, аттестаттау үдерісіндегі формализмді қысқартуға бағытталған. Бұған дейін "педагог-шебер" біліктілік санатын алу үшін мұғалімдер арнайы авторлық бағдарламалар әзірлеп, оны тәжірибеде қолдануы тиіс болатын.
Алайда талдау нәтижелері бұл талаптың тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мәселен, 2025 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы сараптамалық кеңес қараған 875 материалдың тек 303-і ғана мақұлданған. Қалған 572 жұмыс қайта өңдеуге жіберілген. Бұл ұсынылған бағдарламалардың жартысынан көбі талаптарға толық сай келмейтінін көрсетеді.
Сонымен қатар мақұлданған бағдарламалардың өзі білім беру ұйымдарында кеңінен қолданылмай отырғаны анықталған.
Министрдің сөзінше, енді педагогтарға қойылатын талаптар олардың нақты кәсіби нәтижелеріне негізделуі тиіс. Яғни құжат жинауға емес, мұғалімнің біліктілігі мен тәжірибесіне басымдық беріледі.
Осыған байланысты министрлік "педагог-шебер" санатын беру талаптарын қайта қарап, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін әділ бағалауға мүмкіндік беретін жаңа, тиімді бағалау тетіктерін енгізуді жоспарлап отыр.
Жаңа өзгерістер ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, білім беру сапасын арттыруға да оң әсер етеді деп күтілуде.