Жақсылық жаныңды жадыратады

Өмір тақтайдай тегіс емес. Бірде қуанасың, бірде жылайсың, бірде құлайсың, бірде тұрасың. Қайғырғанда сынып кетпеуіңе, сүрінгенде мертігіп қалмауыңа себеп болатын бір күш бар, ол – ізгілік, ол – мейірім, ол жақсылық жасауға жаны құмар адамдардың жылуы.

  • 09.12.2023

Қайырымдылықтың не екенін, қолдаудың қандай болатынын қиындықпен бетпе-бет келген, өмір сынағына қасқайып қарсы тұрған жандар жақсы біледі.

– Мені өмірге қайта әкелген – жанашыр жандар. Тұңғыш балам дүниеге дімкәс болып келді. Оны қайда қаратамын деп жүргенде екінші баламды өмірге әкелдім. Екеуімен алысып әр күнімді жылаумен өткізетінмін. Бірақ, бәрі жақсы болар деп үміттендім. Өмірімді жақсартуға ұмтылдым. Мен қиындыққа берілгім келмегенмен, күйеуім шыдамады. Ажырасып кетті. Сондай қиналған сәтте көршілердің, ауылдық медбикенің көмегін көп көрдім. Ата-анамның жанына келген соң баламның емімен түбегейлі айналыстым. Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімдігі қаржылай қолдауын аямады. Өзімнің «Арди» орталығына жұмысқа тұрып, баламның сол жерде ем алуына жағдай жасады. Жүре алмайтын баланы арқалап автобусқа отыру оңай емес еді. Бірақ, біз қиындықтан қорықпадық. «Ардидің» жанашыр мамандары тығырықтан шығарардай Жайығымды арбаға салып алып аялдамаға жеткенше асығатынмын.

Негізі мүмкіндігі шектеулі баласы бар адамдарды қоғам әртүрлі қабылдайды. Бірі мүсіркей қараса, бірі өз шаруасын тастай салып, арбаны сүйреуге көмектесіп кетеді. Қолындағы барын беріп, қарсы болғаныңа қарамай ақшасын қалтаңа салып кететіндер қаншама! Осындай мейірім көңіліңді өсіреді, мәселеңді уақытша болса да ұмыттырады. Біз қайырымдылық дегенде үлкен шараларды, қомақты сыйлықтарды айтып жатамыз. Шындығында қайырымдылықтың үлкені – айналаңдағы адамдардың саған жылы сөз айтқаны, қолдағаны. Мен осындай қарапайым адамдардың қолдауын көп көрдім.

Ұлым Жайыққа – балалар церебральды параличі диагнозы қойылған. Өз бетінше қозғала алмайды. Сырқатын емдеу үшін «Арди» орталығында көптеген жаттығулар жасап, білікті дәрігерлердің бақылауымен ем қабылдадық. Балама өзі сияқты балалардың ортасында отырған қатты ұнайтын. Бірақ, қаланың шет жағында тұратын бізге орталыққа күнде жету қиын еді. Алматы қаласы әкімдігінің Инватакси қызметін жолға қоюы бұл мәселемізді де түбегейлі шешті. Алғашында көліктер жетіспей, таксиге алдын ала жазылып, біраз уақытымызды кетіретінбіз. Кейіннен мүгедектерді тасымалдау бойынша әлеуметтік қызмет көрсететін бірнеше мекеме құрылып, жететін жерімізге дер кезінде барып-келетін болдық. «Арди» орталығы демеушілердің қолдауымен балама жаңа арба да сатып алып берді, өзімнің осы салаға бейімделіп білім алуыма да мүмкіндік туғызды. Осылайша педагог-психолог дипломымды жылы жауып қойып, өз балама көмектесу үшін, әрі балам сияқты сырқат бүлдіршіндерге көмектесу үшін емдік массаждың қыр-сырын үйреніп, жаңа кәсіпті меңгердім.

«Осы орталықта жүргенде кең жүректі, қолы ашық адамдардың көп екеніне көзім жетті. Сондай жомарт адамдар талай баланың жазылып кетуіне себепші болды», – дейді Арайлым Аманбайқызы.

Ал Алматы қаласында «Думан» ықшамауданында тұратын Ақбота Несіпбаеваның алты баласы бар. Жолдасы – құрылысшы. Он сауағынан өнері тамған ұста. Алты баланы бағу үшін жолдасы тізе бүкпей, жұмыс талғамай еңбек етеді.

– Алты баламыздың бар екенін, жалдамалы пәтерде тұратынымызды білген соң Алматы қаласы Медеу ауданының әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тізіміне қосты. Тұрғын үй кезегіне тұруымызға көмектесті. Балаларды мемлекеттік балабақшаға орналастырып, тегін үйірмелерге баруына қолдау көрсетті. Бір қызығы, осы тізімге қосылғандарға демеушілерден келетін сыйлық, азық-түлік себеті, киім-кешекте есеп болмайтын. Әсіресе, балалар күні, мерекелерде мұндай көмек берушілердің саны тіпті артып кетеді. Міне, сол кезде менің қайырымды жандардың көп екенін анық көзім жетті. Құрбан айт болса, жалдамалы пәтерімізге бірінен соң бірі келіп ет тастап кетіп жатады. Біреулері қайырымдылық қорларына есеп беру үшін суретке түсіріп алып жатады. Ал кейбіреуі тіпті етті кімнің алғанына, кімге беретініңе назар аудармайды. Балаларды тегін ойын, концерт, театрларға апару үшін билеттер әкеп беретіндер де көп еді. Басында күйеуім қарсы болды. Балалардың әдемі ойыншық, тәтті-дәмділерді алып қуанғанын көрген соң үндемейтін. Басында намыстанғанымызбен, қайырымдылыққа деп пакет-пакет азық-түліктің келетініне балалар да, өзіміз де үйрене бастадық. Бірде қайырымдылыққа арналған бағдарламаны көрдік. Сонда имам: «Шамаң келсе, жұмыс істеп ақша таба алсаң, біреудің берген тегін дүниесіне қызықпа! Тегін дүние – уақытша көмек, бірақ ол балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп, масылдыққа тәрбиелейтінін ұмытпа!» - деді. Мына сөз маған да, күйеуіме де қатты әсер етті. Расында, аз ғана уақыттың ішінде балалардың түгілі, біздің тегін көмекке етіміз үйреніп кетті. Баяғыдай намыстану, елден ұялу жоқ. Тіпті, біреулер бізге көмек беруі керек сияқты қабылдайтын болыппыз. Сол бағдарламаны көргеннен кейін күйеуім қайырымдылық көмек алуыма тыйым салды. Артынша Медеу ауданының әкімдігіне барып, бізді көмек алатындар тізімінен сызып тастауларын сұрадым. Қазір өзім де жұмыс істеймін. Күйеуім екеуміз ақшалай көмек бере алмасақ та, қарт адамдардың үйін жөндеуге, көлікпен керек заттарын тасып беруге тырысамыз. Сөйтіп балаларымызға өзіміздің қайырымды ісімізбен үлгі болуға тырысып жүрміз, - дейді Ақбота Несіпбаева.

Жалпы, Алматы қала – мүмкіндіктер мекені. Мұнда айналасына қайырымдылық жасап, барымын бөліскісі келетін жандар баршылық. Содан болар, оңтүстік астана игі бастамалардың жаршысы болып жүреді. Мәселен, қыркүйек айынан бері Алматыда «30 игі іс» қайырымдылық акциясы қолға алынған болатын. Осы шараға Медеу аудандық білім бөлімі мен жекеменшік балабақша меңгерушілері де қатысып, өз үлестерін қосуда. Соның ішінде білім басқармалары жас отбасыларды, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды тізімдеп, олардың ұл-қызының балабақшаға тегін баруына көмек беріп отыр.

– Мемлекетіміз көп балалы жанұяларға барынша жағдай жасап, қаржылық салмақ түсірмеуге тырысып келеді. Айталық қазір көпбалалы отбасылардың балалары толықтай тегін балабақшамен қамтамасыз етілген. Мектеп асханаларынан тегін ыстық тамақ ішеді. Дегенмен, бізде жас отбасылардың, кейбір әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына көмек керек-ақ. Пәтер жалдап тұратын жанұяларға жеңіл болуы үшін біз жекеменшік балабақша иелерімен келісімге келіп, балаларды тегін қабылдауға қол жеткізіп жатырмыз. Әкімдіктің ұсынысын қолдап, қайырымдылық акциясына үлес қосқан жекеменшік балабақша телеріне алғысымыз шексіз, - дейді Алматы қаласы Медеу ауданы білім бөлімінің жетекшісі Ағайша Сапарова.

(Көрнекі фотолар ашық дерек көздерінен алынды)

Байланысты жаналықтар

Қабдеш Жұмаділов. "Ұлтшыл" деген атағымды бәрінен биік қоямын

20.02.2025

Лира Қоныс: Бұрынғы қазақ минималист халық еді

14.02.2025

Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім

07.02.2025

Амангелді Құрметұлы: БҰҰ ыдырауы мүмкін

25.01.2025

Күйші Секен Тұрысбектің домбырасын ұрлаған кім?

18.01.2025

Сәуле Досжан: «Роман оқылмайды» деген стереотип пікірді жоққа шығарды

30.12.2024
MalimBlocks
Қабдеш Жұмаділов. "Ұлтшыл" деген атағымды бәрінен биік қоямын

Лира Қоныс: Бұрынғы қазақ минималист халық еді

Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім

Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы төрағасы орынбасар­лығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға тү­сіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жү­ріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қыз­мет­керінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жа­сап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Со­лайша, ұйымды Әділет министрлігіне тір­кеттік.

Амангелді Құрметұлы: БҰҰ ыдырауы мүмкін

Күйші Секен Тұрысбектің домбырасын ұрлаған кім?

Қасымда жүргендер үсітменен арыз жазды.

Сәуле Досжан: «Роман оқылмайды» деген стереотип пікірді жоққа шығарды

Оқиғалар көз алдымнан кинолента сияқты өтіп жатады. Сондай кезде жұмыс өнімді жүреді. Ондай кезде жайлы жер талғамаймын, ұшақта отырып та жаза беремін.