Ахмет мерейтойына не дайындап жатырмыз? Кино, сериал, академиялық жинақ...

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 18.08.2021

Келесі жылы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Әрине, біздегі қалыптасқан жағдай бойынша, әлде әдет дейміз бе, осы 150 жылдығында Ахмет Байтұрсынұлына қатысты бар шаруаны «атқарып» тастаймыз. Мұрасын түгендейміз, кино түсіріп, кітап шығарамыз.

Соңғы кездері отандық телеарналар тарихи сериалдарға мән беріп жатыр. Оған себеп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографис­тер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл – шығармашылықты тұралататын жағдай» деген сөзі еді.

Ахмет туралы сериал

Бір ғана Қазақстан арнасының өзі биыл Ахмет Бай­тұрсынұлы, Жәңгір хан, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев, Мұқағали Мақатаев жайында сериал түсіреді. Осы ретте біз Ахмет Байтұрсынұлы туралы сериалды айтып отырмыз. Корпорация төрайымы Ләззат Танысбай мамыр айында «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Ахмет. Ұлт ұстазы» те­лехикаясын Кәрім Мәсімовтың 2011 жылы осы атаумен шыққан кітабының желісінде түсірмекпіз. Сериал түсірілімін жоспарлағанда Ахмет Байтұрсынұлының өміріне арналған зерттеу еңбектерін іздестірдік. Сүйенуге болатын, та­қырыпқа сай жалғыз биогра­фиялық еңбек осы болып шықты. Басына қандай іс түссе де, еш­қашан әділет пен ар жолынан таймаған ұлы тұлғаның қайсар­лығын көрсету аса жауапкершілікті талап етеді. Басты рөлді сомдайтын актер рөліне онлайн кастинг жарияланды. Қазір келіп түскен өтініштерді қарап жатырмыз. Ре­жиссерлікке жас болса да, бір туындысымен-ақ өзін дәлелдеген Мұрат Есжанды бекіттік. Шы­ғармашылық топ құрамында ақын Ұларбек Нұрғалым, Алаш мұрасын зерттеп жүрген жас ғалым Ұшқын Сайдырахман бар» деп, Ахмет туралы сериалды жарыққа шығаратын шығармашылық ұжымы таныстырған болатын. Мұрат Есжан бытыр «Хабар» арнасынан шыққан «Абай жолы» сериалының режиссері. Ұларбек Нұрғалым сценарисі еді. Осы жылдың аяғына дейін сериал жарыққа шығуы тиіс. Алты сериядан тұрады. Сол сұхбаттағы Ләззат Танысбайдың сөзіне қарағанда, тарихи сериалдарға 9-14 млн теңге аралығында қаржы бөлінеді. Режиссер Мұрат Есжан фейсбук парақшасында сериалға кастинг жариялағанын айтқан болатын.

Абай сәтті шығарған "MurAi Production" компаниясы енді Ахметті қалай шығарады екен? «Сүйенуге болатын, та­қырыпқа сай жалғыз биогра­фиялық еңбек» Мәсімовтің кітабы көрермен көңіліне ойдағыдай жете ме?

Осындайда біздің ахметтанушылар осы уақытқа дейін неге «сүйенуге болатын, та­қырыпқа сай биогра­фиялық еңбек» жазбаған деп таңғаласың...

Ахмет туралы көркем фильм

Ахмет Байтұрсынов туралы көркем фильм де түсіріледі. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен. Мамыр айында «көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбек жолына арналған фильм» түсіруге байқау жариялаған болатын. Мекеменің фейсбук парақшасында: «2021 жылғы 31 мамырда Алтын Орда тарихына, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы мен белгілі ақын Жамбыл Жабаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған толық метражды киножобаларды шығару бойынша байқауға қатысуға өтінімдер қабылдау аяқталды...

2 маусымда конкурсқа келіп түскен барлық өтінімдер «ҰКҚМО» КЕАҚ жанындағы Сараптама кеңесінің қарауына шығарылды» деп, байқаудың аяқталғанын әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Бірақ сараптама кеңесінің қорытындысы сайтқа жарияланбаған.

Біз Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз хатшысына хабарластық. Алдымен мекеме сайтында көрсетілген нөмерге хабарласып, кино туралы ақпарат сұрап едік, баспасөз хатшысы Жангелді деген жігітке хабарласуымды сұрап, телефонын берді. Жангелдінің тегін сұрап едім, білмейді екен. Кейін Жангелдінің өзіне қоңырау шалып: «Ахмет туралы фильмді кімдер түсіреді? Қашан экранға шығады?» деп сұрадым. Ол бастығына хабарласып, сұрайын деді.

Жарты сағат өткеннен соң, басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Камалұлымен сөйлестім деген баспаөз хатшысы: «Ол киноның ақшасы бөлінген. Бірақ қазір кім түсіреді, қашан түсіреді, әлі белгісіз екен», - деді.

Байтұрсынұлының академиялық жинағы

М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты Ахмет Байтұрсынұлының толық академиялық жинағының электронды базасын дайындамақ. Бұл жоба келесі жылы аяқталып, жарыққа шығуы тиіс. Осыған дейін Байтұрсынұлының алты томдығы шыққан болатын.

«Байтұрсынұлын қазір композитор ғып та жібердік. Соны қарайтын мамандар бар ма қазір? Егер Ахаң композитор болса, 5-10 әні тұруы керек қой. Сол сияқты Ахаң ананы айтқан екен, мынаны жазған екен деген дақпырттар көбейіп бара жатыр.

Біздің институттың негізгі қойып отырған мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының толық шығармалар жинағының академииялық нұсқасын дайындап, электронды базасын жасақтау, шығару. Ең басты дүние. Ахаңның аузынан не шықты? Соның бәрін жинақтау керек. Қашан шықты? Қайда шықты?

Ахаңның сөзін мен былай ойлаймын деген жеке пікірлер болмайды. Мәселен, «Әдебиет танытқышты» жазды. Оның ішінде қаншама мысалдар бар. Сол мысалдарды Ахаң қайдан алды? Абайдың өзінен қанша мысал келтіреді. Сол Ахаң келтірген мысалдар қазіргі мәтіндермен бірдей ме? Бірдей болмаса, қай қолжазбадан оқыды? Ол қолжазба қайда? Соның бәрін салыстырып қарау керек. Академиялық жинақты дайындағанда осындай дүниелерді де қалдырмай жазу керек. Ахаң келтірген жар-жардың мысалы қайдан алынған. А. Диваевтан ба, Мәшһүр Жүсіптен бе? Осы жұмыстардың бәрін тыңғылықты дайындап, келесі жылы осы академиялық жинақты шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді  М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов.

Байтұрсынұлының 12 томдық толық шығармалары жинағы

Бұл акмдемиялық жинақтың қанша том болатыны әзір белгісіз. Бірақ Сұлтан Хан Аққұлы бастаған ғалымдар Байтұрсынұлының 12 томын шығармыз деп отыр. «Алаш» ғылыми зерттеу институты мен А. Байтұрсынұлы мұражай-үйінің жанындағы ғылым әдістемелік орталығы шығармақ боп отырған Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдығы қазақша, орысша жазылған барлық дүниелерді қамтымақ.

«Алаш» ғылыми зерттеу институты директоры Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ: «Ахмет Байтұрсынұлының мұрайжай-үйінде ғылыми-зерттеу, әдістемелік орталық бар. Райхан Имағамбет бастаған. Сол екеуіміз бірігіп істеп жатырмыз. Ахмет Байтұрсынұлының тұңғыш толық шығармалар жинағы. Қазақ, орыс тілдерінде. 12 томдық.

Бұны келесі жылы 150 жылдық мерейтойға дейін шығармақшымыз, жазға дейін», - деді.

Бір жылда 12 томдығы мен академиялық жинағы қатар шығайын деп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының бұл бағы болса екен...

Тұлғалық энциклопедия

Сонымен қатар, астанадағы «Тіл-Қазына» орталығы «Ахмет Байтұрсынұлы» тұлғалық энциклопедиясын шығарады екен. Оны құрастыруға Сұлтан Хан Аққұлы да қатысатынын айтты.

Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директорының міндетін атқарушы Ербол Тілешов.

***

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтеді. Қазақ тіл білімінің, әдебиет теориясының негізін қалаған аса көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері.

Осы атқарылар шаруалар өз деңгейінде жақсы шығуына тілектеспіз. Әрі күтеміз...

Байланысты жаналықтар

Қазақстандық фильм «Оскар» сыйлығына ұсынылды

27.09.2024

Тұрсынбек Қабатовтың әйелі заманауи сериал түсіріп жатыр

24.09.2024

«Тақтар ойыны» сериалындағы темір тақ аукционға шығарылмақ

07.09.2024

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы

05.09.2024

Тәуекел Мүсілім отбасымен қалай демалғанын көрсетті

29.08.2024

Актриса Нұргүл Мыңғатова ауылдың жігітіне тұрмысқа шықпақ

27.08.2024
MalimBlocks
Қазақстандық фильм «Оскар» сыйлығына ұсынылды

Америка киноакадемиясының дауыс беруі үш кезеңде өтеді

Тұрсынбек Қабатовтың әйелі заманауи сериал түсіріп жатыр

Сериал арқылы жасөспірімдердің психологиясын түсінуге оңай болады дейді

«Тақтар ойыны» сериалындағы темір тақ аукционға шығарылмақ

Жалпы 2 мыңнан астам зат саудаға қойылмақ

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы

Ұлт ұстазы, Алашорда көсемдерінің бірі, «Алаш» партиясының негізін қалаушы тұлғалардың бас идеологы, қазақтың тұңғыш газетасы «Қазақты» шығарушы, алғашқы Бас редакторы, «Әліппе» оқулығын құрастырушы, қазақтың төл әліпбиін жасаушы Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай уезін Ақкөл ауылында туған. 1938 жылы «Халық жауы» деген жаламен атылды.

Тәуекел Мүсілім отбасымен қалай демалғанын көрсетті

Актер табиғат аясында демалған.

Актриса Нұргүл Мыңғатова ауылдың жігітіне тұрмысқа шықпақ

Күйеу жігіт - ауылдың баласы, шоу-бизнеске мүлде қатысы жоқ