Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайынбыз
100-ге жуық мемлекеттен 4000-ға тарта сайыскер келеді
Астанада 8-14 қыркүйек аралығында ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ деп аталатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді деп жоспарланған. Ұлттық спорт түрлеріне негізделген сайысқа спортшылардан өзге ондаған елден жүз мыңдаған турист келеді деп күтіліп отыр.
Еліміздің спорты мен мәдениетін, өнерін, сайыскерлеріміздің тегеурінін байқататын сипаты бөлек доданың байрағы желбірер күн жақындап қалды. Бесінші мәрте өткелі жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойынына әзірлік қарқынды жүргізілуде. Жуырда ұлттық спортқа қызығушылық танытатын астаналықтар Бәйтерек монументінің маңында бас қосты. Кең көлемдегі алаңда айтулы бәсекені арқау еткен шағын көрініс те қойылды.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Қондыбаев Абылай Қанатұлының сөзінше, қазіргі таңда әзірлік жұмыстары аяқталуға тақау.
«Ұлттық құрамалар жеңіс шыңына шығу үшін аянбай тер төгіп жатыр. Тыңғылықты, тиянақты дайындалып, көшпенділер ойындарын өте жоғары деңгейде өткіземіз деген жоспарымыз бар»,-дейді ол.
Бір аптаға созылатын дүбірлі додаға 100-ге жуық мемлекеттен 4000-ға тарта сайыскер келеді деп жоспарланған. Көшпенділер ойынына қатысушыларды іріктеу 15-шілдеге дейін жалғасады. Ал біз қонақтарды қалай қарсы аламыз? «Толағай алыптар сайысы» федерациясының президенті Темір Спатаевтың пікірінше, бұл аламанда ең әуелі халқымыздың қонақжайлылығын, кішіпейілділігімізді білдіруіміз керек. «Екіншіден, біз өте жоғары дәрежеде дайындығымызды көрсетуге тиіспіз. Өйткені ел жан-жақтан келгенде сынап та келеді, қазақ елінің қандай батырлары бар екен деп көруге келеді. Сондықтан біз барлық жағынан дайын болғанымыз жөн»,-дейді федерация президенті.
Көшпенділер ойындарына дайындық есебінде әрі даланың батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында жуырда Толағай алыптар сайысы өтті. Білегі тоқпақтай, жауырыны қақпақтай спортшылар жарыстың 5 түрі бойынша өзара сынға түсті.
Қажымұқанның ізбасарлары күш сынасқан дода 4 маусым рәміздер күніне орай ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бұл – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Астана қаласы бойынша іріктеу кезеңі. Яғни, үздіктердің ішінен оза шапқандар алдағы республикалық турнирде бақ сынайды.
«Алыптар сайысы спорттық бағдарламаға енген сайыс түрі. Республика бойынша іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Айтулы біріншілікке Астана қаласы алыптарын іріктеу кезеңін өткізудеміз. Бүкіл өңірлерден шыққан жеңімпаздар халықаралық бәсекеге қатысады»,-деп түсіндірді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев.
Әлем үздіктерін тоғыстыратын ауқымды жобаға өтініш білдіргендер жетерлік. Шын мықтылар іріктелетін бәсеке тартысқа толы болары анық.
«Шетелдерден қатысуға ниеттілер өтінім беріп жатыр. Қазіргі таңда 84 мемлекет бақ сынау үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Біз де сақадай сай екенімізді көрсету мақсатында Қазақ күресі, Асық ату, Дәстүрлі садақ ату, Арқан тартыс федерациялары халық алдында шеберлігін көрсетуді қолға алған. Ел назарында жүріп шыңдалудың да берері мол»,-дейді V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырушы Мұратбек Сұлтанбекұлы.
Негізінен халықаралық деңгейдегі ойындар көшпелі ұлттардың мұрагерлеріне тиесілі. Ал, Астанада өтетін Дүниежүзілік жарыстың басты ерекшелігі – басқа да елдер бақ сынауға мүмкіндік алып отыр.
Фото: Gov.kz