Ермек Маржықпаев бокс федерациясын сынады
Министр федерация басшылығының уәдеде тұра алмағанын айтты.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж олимпиадасының қорытындысына арналған алқа отырысында отандық былғары қолғап шеберлерінің нәтижесіне тоқталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Естеріңізде болса, қазақстандық боксшылар Париждегі аламанда жеті салмақтың бәрінде бақ сынағанымен, бір ғана күміс медальмен оралды. Министр федерация үш медаль алуды мақсат еткенін еске салды.
Бокстан ерлер құрамасы барлық салмақ дәрежесінде бақ сынады. Қабылданған міндеттемелерге сәйкес олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен оралуға уәде берді. Ал команда тек 1 күміс жүлде жеңіп алды. Екінші Олимпиада қатарынан спортшылар бір де бір алтын медаль ала алмады. Қазақстандық бокс мектебі өзінің көшбасшы позициясының арқасында әлемдік спорт аренасында әрқашан танымал болды. Біздің боксшылар 1996 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Барлығы 61 спортшы қатысып, 22 медаль жеңіп алды: 7 алтын, 7 күміс және 8 қола. Бокстан ұлттық құрама бұл Олимпиадада ең жақсы нәтиже көрсете алған жоқ, - деді министр.
Айта кетейік, ерлер боксында құрамаға жалғыз жүлдені 80 келінің өкілі Нұрбек Оралбай салды.
Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi