Футболдан әлем чемпионаты. Бірінші тур ойындарына шолу

Топтық кездесулер сенсацияға толы

Malim Админ

  • 25.11.2022

Қатарда жалауын көтерген  футболдан әлем чемпионатының бір аптасы көзді ашып-жұмғанша өте шықты.  Бір жеті ішінде қай құраманың бағы жанды, қайсысы шаң қапты, баяндайық. 


Төрткүл дүние көз тіккен ауқымды турнирдің алғашқы кездесуі жарысты өткізіп отырған Қатар мен Эквадор арасында өтті.  Турнирдің финалдық сатысына қатарлық футболшылар тұңғыш мәрте қатысты. Ал Эквадор бұған дейін үшінші мәрте бақ сынаған. Ойын нәтижесінде Эквадор қатарлық құраманы тізе бүктірді. 

Кездесудің алғашқы минутынан эквадорлық футболшылар алға ұмтылды.  Тәжірибесі мол қарсылас команданың өкілі Энвер Валенсия 16-минутта пенальтиден есеп ашты. Бұл - биылғы әлем чемпионатында соғылған алғашқы гол. Ал 31-минутта Валенсия есепті  үстемеледі.  Екінші кезеңде алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылды. Алайда, көздеген мақсатына жете алған жоқ.  Осылайша Қатар футболшылары қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді.

Екінші ойын осы  әлем чемпионатындағы фавориттердің бірі - Англия құрамасы мен Иран арасында жалғасты.   Топтық кезеңде британдықтар Иран өкілдеріне ешқандай мүмкіндік бермеді, есеп: 6: 2.   

Бұл кездесудің тағдыры бірінші таймда ашылды, ағылшындар Иран командасының қақпасына үш жауапсыз доп салып, ойын қорытындысын алдын-ала анықтады. Иран қақпасына алғашқы допты мундиалдың ең қымбат ойыншысы, Англия мен Дортмунд Боруссиясының 19 жастағы жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем соқты. Көп ұзамай Букайо Сака мен Рахим Стерлинг нәтижені үстемелей түсті. Өз жоспарларын ойдағыдай орындаған Гарри Саутгейттің шәкірттері екінші таймда арқаны кеңге салып, ойынды жалғастырды. Маркус Рашфорд, Букайо Сака (дубль) және Джек Грилиштің арқасында тағы үш гол соғылды.  Ирандықтар ағылшындарға Мехди Таремидің дублымен жауап берді. Нәтижесінде Англия 2022 жылғы әлем чемпионатындағы алғашқы ойынды 6-2 есебімен түйіндеп, үш ұпаймен В тобына көшбасшылық етті. 

Әлем чемпионатының екінші ойын күнінде В тобында АҚШ және Уэльс құрамалары тең түсті. Кездесу барысында құрамалар тең деңгейде ойын көрсетті. Бір-бірінің қақпасы маңында жиі шабуылдар ұйыдастырды. Нәтижесінде 36-минутта АҚШ құрамасынан Тимоти Веа есеп ашты. Ол белгілі футболшы, қазір Либерияның Президенті Джорд Веаның туған ұлы.

Уэльс футболшылары таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бірінші кезеңде ойлаған мақсатына жете алған жоқ.  Ал 82-минутта уэльстік Гарет Бейл пенальтиден гол соғып, осылайша бәсекелі ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.

Екінші ойын күнінде А тобындағы Нидерланды құрамасы Аль-Тумама стадионында Сенегалмен кездесті. 1994 жылғы Мундиалдан бастап топтық кезеңде жеңілмеген Ван Гал шәкірттері мен, осыған дейін өздері қатысқан екі әлем кубогындағы бірінші ойындарын жеңіспен аяқтаған Алиу Сиссенің командасы бұл ойынға сақадай  сай келді.

Алғашқы минуттардан Нидерланды құрамасы шабуылды жиі ұйымдастырды. Гол соғатын бірнеше мүмкіндік те болды. Алайда Сенегал қорғаныста сақ ойнады. Бірінші таймда таблодағы есеп өзгермеді. Тек ойынның 84 минутында Жас шабуылшы Коди Гакпо Эдуар Менди қақпасынан саңылау тауып, есепте Нидерланды құрамасы алға шықты. Ойын соңына қарай 29 жастағы Дэви Классен есепті еселеп кетті. 2-0. Ойын соңына дейін Сенегал гол соға алмады. Луи Ван Гал шәкірттері алғашқы ойында сенімді жеңіске жетті.

Үшінші ойын күнінде сенсация тіркелді. Турнирдің фавориті саналған Аргентина құрамасы Сауд Арабиясынан жеңіліп қалды. Жаһанның үздік футболшысы, жеті мәрте алтын доп иегері атанған Мессидің өзі ұжымына көмектесе алмады. Бірінші таймның 10 шы минутында Леонель көзге түсіп, пенальтиден гол соққан еді. Алайда қызықтың бәрі екінші таймда басталды. Сауд Арабиясы Аргентина қақпасынан саңылау тауып, қатарынан екі гол салды. Осылайша әлем чемпионатының алғашқы сенсациясы орын алып, Сауд Арабиясы құрамасы жаһанның екі дүркін чемпиондары Аргентинаны 2:1 есебімен жеңіп кетті. 

С тобындағы екінші матч Мексика және Польша құрамалары арасында өтті. Бірінші таймда Роберт Левандовскийдің пенальтиден есеп ашатын тамаша мүмкіндігі болған, алайда Мексикалық қақпашы Гильермо Очоадан айласын асыра алмады. Екінші таймда қос команда шабуылды жиілетті. Дегенмен ойын соңына дейін бір-бірлерінің қақпасынан саңылау таба алмады.

D тобындағы Франция құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы ойынын Аустралияға қарсы өткізді. Бірінші гол ойынның 9-шы минутында Уго Льористің қақпасына соғылды. Көзге түскен Крэйг Гудвин. Дешамның командасы білгенінен жаңылмады. Адрьен Рабьо мен Оливье Жиру гол соғып, ойының алғашқы бөлігін жеңіспен аяқтады. Екінші таймда француздар тағы екі гол соқты. Килиан Мбаппе 68, Оливье Жиру 71-ші минутта есепті еселеді.

Қорытынды есеп 4-1, жеңіс Франция құрамасының еншісінде. Бұл ойында екі гол соққан Оливье Жиру Франция құрамасы тарихындағы көп гол соққан шабуылшы атанды. Ол 51 голы бар Тьерри Анримен теңесті. Сондай-ақ бұл топтағы екінші ойын Дания мен Тунис құрамалары арасында өтті. Қос команда 0-0 есебімен тең тарқасты.

F тобының ойындары да жалғасын тапты. Әуелі Морокко мен Хорватия құрамалары кездесіп, 2018 жылғы әлем чемпионатының ең үздік ойыншысы Лука Модрич шаршы алаңға шықты.

Алайда алтын доп иегері әдемі ойын көрсете алмады. Қос команда бар болғаны қақпаға төрт рет қана тура соққы бағыттады. Басымдық Хорватия құрамасында болғанымен ойында есеп ашылмады. Қос команда бір бір ұпайдан ғана еншіледі.

Дүбірлі доданың төртінші ойын күнінде тағы да сенсация тіркелді. Е тобындағы Германия құрамасы Жапонияға жол берді.    Жанкүйерлер Германия құрамасы Жапонияны оңай жеңіп кете алады деген ойда болған еді. Әлемдік додада төрт мәрте чемпион атанып, бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінген неміс футболшылары қай кезде де мықтылар қатарында саналады.

Бұл кездесу барысында да Аргентина және Сауд Арабиясы кездесуіндегі жағдай қайталанды. Алдымен Германия құрамасынан 33-минутта Илкай Гюндаган пеналтиден есеп ашқан еді. Екінші кезеңде Жапония қарсыластың қарқынына лайықты төтеп бере білді.  Есесіне қарымта шабуылда гол соғатын мүмкіндік іздеді. Нәтижесінде 75-минутта Рицу Доан таразы басын теңестірсе, Такума Асано 83-минутта Жапонияны алға шығарды.       

Е тобында сынға түсіп жатқан Испания алғашқы кездесуінде Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата ұтты.  Бұл - әзірге 2022 жылғы әлем чемпионатындағы рекордтық көрсеткіш. Алайда, ол рекордты жаңарта алған жоқ.

1954 жылы Венгрия Оңтүстік Кореяны, Югославия Заирды (Конго Демократиялық Республикасы) 9:0 есебімен тас-талқан етсе, 1982 жылы Венгрия футболшылары Сальвадорды 10:1 есебімен жеңді.

Әлем біріншілігінің бесінші ойын күнінде G тобында Швейцария Камерун құрамалары шеберлік байқасты.  Ойын басталған сәттен футболшылар жасыл алаң төрінде тайталасқа түсті. Бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.  Екінші кезең басталған сәтте швейцариялық футболшылар алға қарай ұмтылды. Бұл әрекеті нәтижесіз болған жоқ.

Ойынның 48-минутында Брил Эмболо аталған құраманы алға шығарды. Оған камерундық құрама жауап беруге тырысты.  Айта кетсек, екі құрама өз тарихында тұңғыш мәрте кездесіп отыр. Сол тарихи ойында Швейцария қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

H тобында Уругвай мен Оңтүстік Корея кездесті. Кездесу барысында уругвайлық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Десе де, олардың қарқынды ойынына корейлік құрама лайықты төтеп берді. Уругвайлық футболшылар қарқынды арттыра түсті. Алайда, оларға дәлдік жетіспей жатты. Кездесуде қос құрама 0:0 есебіне қанағат етті.

Осы топтағы  Португалия мен Гана құрамалары жасыл алаңға сынға түсті. Бұл жолы бірінші таймда ойын тізгінін бірден қолға алған португалиялықтардың, соның ішінде Криштианудың гол соғатындай бірнеше мүмкіндігі болды.  Екінші кезеңде америкалық төреші Исмаил Эльфат ганалық қорғаушы Мохаммед Салису Роналдуды өз айып алаңында шалып жықты деп есептеп, 62-минутта пенальти белгіледі. Криштиану 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ – 1:0. Ганалықтар да қарап қалмай, 73-минутта сол қапталдан суырылып шыққан Мохаммед Кудустан пас алған команда капитаны Андре Айю таразы басын теңестіріп кетті – 1:1. Дегенмен 78-минутта Португалияның тағы бір жұлдызы Жоау Феликс командасын қайтадан алға шығарды. Ал арада екі минут өткенде, алаңға тыңнан қосылған Рафаэл Леау есепті 3:1-ге жеткізді. Алайда 89-минутта Абдул Рахман Баба сол қанатта Жоау Канселуді алдап өтіп, дәл пас берді. Мұны екінші таймда ойынға қосылған Осман Букари мүлт жіберген жоқ – 2:3. Аса тартысты өткен матч 3:2 есебімен еуропалықтардың пайдасына шешілді.

Бүгін G тобында Бразилия мен Сербия командалары алғашқы кездесуін өткізді.  Бразилиялықтар осыған дейін бес мәрте әлем чемпионы атанса, сербиялықтар да оңай шағылатын жаңғақ емес-ті. Бұл жолы бірінші тайм Тите жаттықтыратын бразилиялықтар жиірек шабуылдағанымен, есеп ашылған жоқ. Екінші кезеңде Бразилия қарқынды тіпті үдетті. Драган Стойковичтің шәкірттері барынша қорғанып бақты. Бірде қақпашы Ваня Милинкович-Савич, бірде қорғаушылар голдан аман алып қалып жатты. Дегенмен 62-минутта Ришарлисон оңтайлы сәтті пайдаланып кетті – 1:0. 73-минутта Ришарлисон допты қайшылай теуіп, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның ұлттық құрама сапындағы 19-ыншы голы еді. Бұдан кейін Каземиро бағыттаған доп қақпа маңдайшасына тиді. Сөйтіп, осыдан төрт жылғы бұрынғы есеп қайталанды – 2:0, Бразилия басым түсті.   Осылайша, әлем чемпионатында барлық топта бірінші тур ойындары мәресіне жетті.  

Байланысты жаналықтар

30 мыңнан астам астаналық ашық аспан астында Олимпиаданың ашылу салтанатын тамашалады

27.07.2024

Қай ел олимпиада чемпионына қанша ақша береді?

26.07.2024

2024 жылғы Олимпиаданың ашылуын тікелей эфирде қашан және қайдан көруге болады

26.07.2024

Олимпиада ойындарында спортшы сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады

26.07.2024

Бүгін 2024 жылғы Париж Олимпиадасы салтанатты түрде ашылады

26.07.2024

Конференция лигасы: «Тобыл» сырт алаңда оңбай ұтылды

26.07.2024
MalimBlocks
30 мыңнан астам астаналық ашық аспан астында Олимпиаданың ашылу салтанатын тамашалады

Іс-шараның басты мақсаты – Олимпиада ойындарында ел атынан қатысатын қазақстандық спортшыларға қолдау білдіру.

Қай ел олимпиада чемпионына қанша ақша береді?

Қандай мемлекеттер олимпиада чемпионына қанша ақша береді? Кейбір елдің спортшылары дүбірлі додады жеңіс тұғырына көтеріліп, материалдық жағдайын да жасап алады. Чемпионға қомақты ақшалай сыйақы беретін мемлекеттер қатарында Қазақстан да бар.

2024 жылғы Олимпиаданың ашылуын тікелей эфирде қашан және қайдан көруге болады

Салтанатты рәсім бұрынғы Олимпиадалардан өзгерек болмақ.

Олимпиада ойындарында спортшы сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты бүгін болады

Бүгін 2024 жылғы Париж Олимпиадасы салтанатты түрде ашылады

Дүбірлі дода 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Конференция лигасы: «Тобыл» сырт алаңда оңбай ұтылды

«Тобыл» клубы қарымта матчты 1 тамызда өткізеді.