Министрдің құрбаны

Malim Админ

  • 17.04.2020

- Дархан,- деп директор барлық ұжымға ретімен тапсырма беріп келе жатып, менің есімімді жеке атады, - Сен үш тілде еркін сөйлейсің ғой, мектептің шаруасына да қанықсың, ауылды да жақсы білесің. Министрдің алдында өзің гид боласың,- деп маған қадала көз тастады.

- Сөйте ғой, түр десе түр, бой десе бой, ой десе ой бар,- деп қосыла кетті директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Кішкене ғана мұғалімдер бөлмесіне жиналған ардагер апайлардан бастап мен сияқты жаңа келген жас маманға дейінгі барлық мұғалімге кезектен тыс, шұғыл жиналыс өтті. Күн тәртібіндегі басты мәселе мектеп, тіпті, ауыл, аудан үшін аса маңызды болмақ. Дүйсенбі күні аулымызға мектебімізден түлеп ұшқан, бүгінде білдей бір білім министрі келеді екен. Кеше ауданда әкімдер мен директорлар жиналысы болып, бүгін таңда ауыл әкімінің жиналысы, түсте мектептегі жиналыс өтті. Мәртебелі мейманды күтіп алудың қызу дайындығы басталып кетті.

Астанадан шыққан министрге Алматыдан, облыс орталығынан, тіпті, ауданнан арнайы күтіп алуға барған кісілер бар. Олар министрдің жүрген-тұрғанын, айтқан өтініш-лажын лезде қағып алып біздің мектепте жүрген күтіп алушыларға ұялы телефон арқылы уақ-уақ  жеткізіп жатыр. Жаңа ғана құрметті қонақтар ауылға екі сағат көлемінде жетеді деген ақпар түсті.

Ауылды аяғынан тік тұрғызып жүрген белді белсенді кісілер де жетерлік. Ауылымыз адам танымастай сәт сайын өзгеріп, түрленіп түлеп жатыр. Мектепке келер жолдың шетін күрек бойы қазып түрлі тал егіп тастадық. Қисайып, тамырсыз келгендердің діңінен жіңішке сымтемірмен жан-жағына шеге қағып байлап, түп-түзу етіп қойдық.  Мектеп ауласына өзен жағасынан арнайы шым ойып әкеп, ер мұғалімдер 10-11 сыныптың ұлдарын кетпен-күрегімен тракторге тиеп алып кеп, жердің бетіне жер қабаттадық.

Министр мырзаның бітірген мамандығы математик екен. Сондықтан міндетті түрде сабаққа қатысып, оқушылардың есеп шығарғанын көреді деген сыбыс бойынша оныншы сыныпта оқитын інімді өзгеден ерекше дайындады. Математиканы жақсы білетін болғандықтан,  министр кіріп сабаққа қатысатын сегізінші сыныптың есептерін тақтаға шығаратын болып, бір есепті бір жолмен апта бойы қайталап, күніне бес реттен шығарып тұрды. Апайлардың қадағалағаны сонша, інім түнде ұйқысырап жатып формулалар айтатын халге жетті. Мен де қалыспаймын. Мектеп тарихынан тартып, өзі бітірген жылдардағы қызықтарды, ол кісінің жүрген көшелері мен отырған партасына дейін түр-түсімен дәлме-дәл айтатын боп жаттап жатырмын. Кеше маған министр киген костюммен түстес киіну керексің деп, қаладан талдап отырып қымбат костюм мен жылтыраған туфли киіп келдім. Білім бөлімінің сыйлығы деп қабылдадым. Жап-жаңа костюмімді төрге іліп қойғам, әлгіге қарасам болды, айтар сөздерімді шабыттанып, жігерленіп тұрып жаттай бергім келеді. Екеуміздің ерекше дайындығымызға қарап әке-шешеміз алаңдай бастады.

Бәрі жақсы болып жатқан бір кезде тағы бір хабар келді. Министр әке-шешесінің қабіріне барып құран оқытады екен. Ести сала облыс орталығындағы мешіттің имамына кісі жіберіп, намазының жартысын қаза қалдырған күйде, сәлдесіне шалынғанына да қарамай әкімдіктің қара тұлпарына мінгізіп, ауылға қарай жолға шықты. Ол жай ғана имам емес, соноу Мысырдан барып білім алған, 30 пара құранды түгел жатқа оқитын қари екен. Қаридың білім білігі жайлы сөз енді тарай бастағанда тағы хабар келді. Министр ата-анасының басына құр қол бармай, аруақтарға арнап құрбан шалдырмақ ниеті бар екен. Мұны естіген ауыл әкімі, полицейлерді шақырып, жақын маңдағы фазендалардан нивамен барып, қой әкелсін деп тапсырма берді. Көліктің көк түтінін бұрқырата олар кете салғанда, Оматай ата әкімге жақындап:

- Құрбан шалынатын мал еркек болуы керек. Қошқар сойылады негізі деді. Әкім санын соқты да, жүргізушісін шақырып:

- Қызметтік көлігіммен ұшып барып, дәу қошқар тауып кел, - деді қобалжып. Асқабыл ата да Оматай атаға жақындап:

- Япырмай, ақ қошқар дұрыс па, қара қошқар дұрыс па? - деді әлденеге алаңдап. Бұл сыбырды  елеңдеп тұрған әкімнің құлағы шалып қалды. Көз алдына дәу-дәу біреуі ақ, біреуі қара екі қошқар мен олардың қасында костюм шалбарымен қатып шіреніп тұрған министрді елестетті. Жалт бұрылып:

- Ақ болсын, сол дұрыс, әдемі көрінеді,- деді Архимедтің «эврика» деп қуанғанындай. Әкімнің қуанышын сап тиғысы келмегенсіп Оматай ата ақырын ғана басын шайқады. Құрдасының құптамағын көріп Асқабыл атаның сақалы тікірейіп кетті де:

- Ойбай-ау, ақ болмай ма сонда? - деді.

- Алла тағала құрбандыққа Мұса пайғамбарға қара қошқар түсірген екен. Өзіміздің Мұхаммед пайғамбар да қара түсті малдың қуаты күшті болады десе керек, сондықтан қара болуы қажет,- деді ентелеп тұрған екеуіне саусағын шошайта. Енді үшеуі ерекше бір ықыласпен қыбыла жаққа бетін бұрып :

- Я Құдай, қара қошқар табылса екен, - деп бет сипады.

***

Директордың ауырып жатқан баласын ыстығының көтерілгеніне қарамай емханадан әп-әдемі формасын кигізіп мектепке әкелді. Оны көріп сынып жетекшісі шыр етті.

- Мұхаметжановна, біз білім бөліміне біздің сыныптан бір оқушы ауырып жатыр деп есеп беріп қойдық. Сіз ұлыңызды алып келіпсіз...

- Әрең бір келген министрді өз көзімен көріп қалсын. Бірдеңе қылып кемітіңдер онда. Әшейінде сабақтан қашып жүретін жүгірмектер түгел жиналыпты ғой, - деді менің балама тиме дегендей.

Есесіне ауырған баланың сыныптасы бар еді, ата-анасының су жаңа кәстөм алуға шамасы келмей былтырғысын түсін оңдырып болса да, киіп жүретін. Сол бейшара  көп баланың алдында тұр екен, директордың көзі түсті. Мектептің сәнін кетіреді деп ойлады да, Жазира апайға анау баланың көзін құртыңдар, қайтарып жібер, - деді.

Министр келеді дегелі оқушылар жастарына сай әр түрлі жұмыстарға жегілген еді. Бүгін бәрі мәз.  Мектептің сыртында жүргені болмаса сыныптарына әлі кірмеген еді. Кейбірі тіптен мәз, сабақ болмайды, қандай тамаша деп жүр. Министр жақындады деген сәттен бастап балапан ертіп балпаң басқан тауықтардай әр сынып жетекшісі, рет ретімен оқушыларын шұбыртып аяқтарын санап бастырып сыныптарына кіргізді. Оқушылар өз сыныптарын әу баста танымай қалды. Әсіресе биология кабинеті ерекше құлпырып кетіпті. Құдды зоопарк дерсің.  Терезе толған гүл. Аквариумде жүзген балықтар дейсің бе, түрлі құстардың макеті, адамның қаңқасына дейін тұр. Қыздар шошып кетті. Өмірінде бірінші рет көріп тұрғасын қайтсін енді. Сыныптағы жабдық шкафтарға жақындауға болмайды.  Бір метрден ары жақындауға қатаң тиым салынған. Аудан, облыстағы үйлер мен сыныптардан әкелінген ерекше мүмкіндік беретін жабдықтар жетерлік. Оған бір бала селфиге түсіп, оны инстаграмға салғаны сол еді, аудандық бір бала:  «Анау артыңдағы шкаф біздің үйдікі. Бізден директор сұрап әкетіп еді» деп танып пікір жазып қойыпты. Көп ұзамай селфи жасаушылар да, фондағы экспонаттардың иелері де табылып жатты.

Директор мен аудандық білім бөлімінің басшысы  алдын ала әр сыныпқа кіріп, ешнәрсеге қол тигізуге болмайтынын, алда-жалда министр сұрап қалғанда лабараториялық құралдарды қолдануды жолын жаттап алу қажеттілігін  қадап айтты.  Содан кейін, айтсам ба айтпасам ба деп ойланып тұрып:

- Егер министр мектептеріңе қандай көмек керек, жаңа технологиялар, аспап, құрылғылар керек пе деп сұраса, не айтасыңдар? –деді сынай.

- Рақмет сізге, бізде бәрі бар деп айтамыз, - деді біраз оқушылар жамырай. Енді біреулері: «Бізге көп нәрсе керек дейміз» деп те айтып қалды. Білім бастығы мен директор елең етіп әлгі балаларға қарады. Директорды жеп жіберердей сұқтанып еді, директор қабағын түйіп жөткірініп:

- Ешкім артық ештеңе айтпайтын болсын. Жарай ма? - деді зілді үнмен.

Тағы да балалардың көбісі: «Жарайды» деп шу ете қалды. Кісілер шығып кеткесін, сынып жетекшісі бағанағы балаға қадалып:

- Өркен, ондай нәрсе айтпайды. Артық сөйлемеу керек. Қазір министр келгенде дымыңды шығарма ұқтың ба?!

- Жарайды, апай, бірақ мынаның бәрі шынымен біздікі емес қой. Әлде енді осында қала ма? - деп кабинет ішіндегі бөтен заттарды көрсетті.

- Енді, алып кетеді, білесіңдер ғой бастықтар...

- Апай, министр көмектесем деп тұрса, неге айтпайсыздар, ол кісі мынаның бәрі біздікі екен деп ойлайды, жағдай жақсы екен дейді. Сонда кім кімді алдайды?...

***

Әкім мен ақсақалдар қошқардың қандай боларын ойлап абыржып тұрғанда екі көлік жарыса жетті. Біреуі ақ қой, біреуі қара қошқар алып кепті. Ақ қой көліктен түспеген күйі іші кеуіп, қаңсып жатты. Ал қара қошқардың өмірінің соңындағы қызыққа толы сәттері басталды.

Қара қошқардың байлап қойып оған қарағандар арасында қиын талқылау басталды. Ендігі мәселе құрбанды министр өзі бауыздай ма, әлде қасапшы ма? Оматай ақсақал айтты:

- Министрдің өзі бауыздауы керек, арғысын қасапшыға қалдырады.

- Ойбай көтек, министрдің кәстөмі, тап-таза қолы былғанып, иіс сіңіп қалмасын,- деп, Асқабыл ата шыр етті. Әкім тағы да жерден жеті қоян тапқандай қуанып, жүргізушісіне:

- Дүкеннен барып он құты ең қымбат деген шампун алып кел,- деп бұйырды.

Осы кезде орынбасарым да жағымсынып, айтқызбай істеген боп:

- Тайқазанға су жылтыңдар,  үлкен ванна кімнің үйінде бар? -деп дауысын зорайта сұрады. Ешкім жауап қайтарып, бізде бар демегесін, аяғы жеңіл бір жігітке, трактор тапшы, біздің үйдегіні алып келейік, - деді.

Министр келуге бір сағат қалды. Су жылып, ванна әкелініп, ауыл дүкеніндегі ең қымбат деген, теледидардағы Тәуекел Мүсілім шашын жуатын сусабындар қатар-қатар тізілді. Мына әбігердің бәрі бір өзіне екенін қанша күйіс қайырса да, ойына келмеген қошқар самарқау маңырап қояды. Кенет екі жігіт келді де, тып-тыныш тұрған қошқарды тыпырлатқан күйі жып-жылы су толтырылған ваннаға маңыратып әкеп сүңгітіп жіберді. Жүндеріндегі жабысқан шөп-шалаң, жабағыларды жан-жағынан жұлқылап тазалап жатыр. Қара қошқар ойлануға мұршасы болмаса да, аң-таң. Дәрілегенде суға салушы еді оған мүлде ұқсамайды. Қырқама десе қайшысы ол жоқ.  Жігіттер төрт аяғын төрт шаққа керді де, шампунды құйды. Жүндерінің арасына саусақтарымен салалап тұрып езіп жатыр. Жаңа ғана мөп-мөлдір тұнық су, қошқардың шуашымен сары сідік көпіршік лайға айналып шыға келді. Лайланған суды төгіп, жаңартты. Бұл жолы қалған бес құты шампун бір-ақ босады. Киіздей илектеніп тұрған жүндері ваннадан шыққанда ешкінің түбітіндей сусылдап шаға келді. Балалар келіп, жүнін тартып әлек.  Ана қой түсінбей дал. Маңырап мазасы кетіп-ақ тұр. Жылы желдің өзі тап-таза терісіне тигенде тоңып дір-дір етеді.

Құрбандыққа қошқар дайын.  Бұрын соңды болмаған ерекше процесске таңырқаған жұрт, бірді-бірге жалғап әңгіме өрбітіп жатыр.

Әкім дайындыққа риза болып жымиды.  Ақсақалдар алқасының бағанағы белді мүшелері Оматай ата:

- Қандай қазанға асамыз, - деді.

- Ойбай тап-таза қошқардың етін жаңа қазанға асу керек, - деді Асқабыл ақсақал. Әпсәтте жаңа қазан сатып алынды.

Министр асылған еттің сорпасын ішеді екен, Астанада жүріп әбден сағынып қалыпты, деген сыбыс гу ете қалды. Тәтелер манты жасап жарысты, кімдікі дәмді дасдарханға сол қойылмақ.  Кенет әкім баж етті:

- Ойбай, ойбай, ол кісі Киелібұлаққа келіп бетін жуады ғой? Қалай ғана есіме келмеген, тез арада айналасын тазартып, қызылды жасылды бояумен сырлаңдар, - деді. Сыр аз уақытта кеппейтін болған соң, үйлерден фен алдырып, қуаттағыш жалғап жүріп үрлеп кептірді.

Министр келіп, жұрт сілтідей тынды. Соноу ұзын көшенің басынан «живой коридор» жасап, гүл ұстап тұрған оқушылар да екі көздері ерекше мейманда. Түрлі камера мен журналистер қаптап кетті. Айтыскер ақындар арнау айтып, әжелер шашу шашып, министрді мектепке кіргізді.

Менің жұмысым енді басталды. Мектеп дәлізіне кіре қалғандағы  бұрын үздік оқушылардың суреттері тұратын қабырғаның алдына, білім бөлімінің бұйрығымен жаңадан қойылған енді ашылатын бьюсттің алдына келдік. Білім бөлімінің бастығы сөз бастап:

-Атақ абыройыңыз аспандап, асқақтап кетсеңіз де өз туған жеріңізді, өзіңіздің білім алған мектебіңізді ұмытпай келгеніңізге мың рақмет. Сіздің келуіңіз біз үшін – үлкен мәртебе. Бізді ерекше қуантып тастадыңыз. Сыйға сый, сыраға бал демекші, біздің де сізге арнаған сыйымыз бар, - деп министрге бьюстің лентасын қиып, ашуын өтінді. Марқайып қалған министр лентаны қиып, жібек матаның тартып қалғанда, сырғып түскен матаның астынан өз басын, өз бьюстін көргенде қапелімде селк ете қалды.  Ерекше толқып кетсе керек, көзі жасаурап, өз мүсінінің басынан сипады.

Ақсақалдар алқасы мен әжелер тобында отырғандар тірі адамның мүсінін көргенде: « Астапралла» деп шошып кетті.

Толқынысты сәтті білім бастығы әрі қарай жалғады:

- Мінеки, қуаныш қуанышпен жалғассын деп, өзіңіз бітіріп кеткен осы білім шаңырағын дәл қазіргі сәттен бастап, сіздің атыңызбен аталатын болады, ал құтты болсын,- деді мектеп ұжымы мен қонақтарға шаттана қарап.

Алайда анау айтқандай, министр мырза сыныптарды аралап, жағдай сұраған жоқ. Тіпті, бауырымның күні-түні дайындалған есебін де қараған жоқ. Сол сегізінші сыныпқа кірді де:

- Осындай әсем табиғаты бар ауылда нашар оқу мүмкін емес. Суы бал, шөбі дәрі киелі жерден тек қана мықты адамдар шығуы керек. Мен сендерге қарап, болашақ президент пен депутаттарды көріп тұрмын, -деді. Балалардың тыныс алуы бірде жиілеп, бірде тоқтап қалғандай күйде тыңдады. Сыныптан шыққасын, мен дәліздегі суреттерді таныстырып жаттым. Өзі жайлы асыра мақтап, болмағанды болғандай етіп айтсам да, мәз бола өз өмірі туралы айтқан менің өтірігіме имандай сеніп, мәз боп келеді. Сырын алып алған соң, мен де сыдырта бердім. Жанындағы орынбасарлары жұртпен сөйлесіп жатқанда мектептің екінші қабатына көтеріліп  бара жатыр едік, жанындағыға:

- Аиданы жібер, - деді түсін суыта. Анау зып етіп астыға қайта түсіп кетті. Бағанағы камера мен жұрт алдындағы мейірленген министрді қапелімде танымай қалдым. Өзгеріп сала берді. Маған ештеңе демесе де бағанағыдай емес, маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Артымыздан қыпша белді, ерекше сұлу қыз келіп жетті. Министрдің құлашына бұрала кірді. Аңқиып қалған маған:

- Осында қарай тұр, біреу-міреу келіп жүрмесін, - деп бұйыра сөйледі де, қыпша белді қымтап ұстап биология кабинетіне кіріп кетті. Мен басымды изей бердім. Төменгі жақта жұрттың бәрі, министрдің мақтауын асырып, жер көкке сиғызбай сөйлеп жатыр. Әйелі сөз алды:

- Ол кісі мектепке келіп, сіздермен жүздесуді ертеден ойлап жүр еді. Білесіздер ғой қарбалас, уақыттары тығыз. Еліміздің болашағы жастардың қолында десек, ол кісі жастардың білімді болуы үшін барынша еңбек етіп жатыр.  Оқушыларға қарап: - жақсы оқысыңдар, сендер де ағаларың сияқты мықты министр боласыңдар. Ол үшін ерінбей, жалықпай оқыңдар. Ол кісі де осы өздерің оқыған парта да отырған. Сондықтан армандасаңдар орындалмайтын арман болмайды, – деді.

Оқушылар да ұжым мен қонақтар да зор құрметпен ұзақ шапалақтады.

***

Киелібұлақтың суын ішіп, шөл қандырды. Одан кейін зиратқа барды, бағанадан бері ажалына ерекше дайындалған қойды әкелінді. Мысырдан оқыған қари қирағатын ерекше қылып құран оқыды. Балқымаған жұрт қалмады. Алақан жайған ауыл тұрғындары да, мына керемет оқылған құранның сауабы осында жатқан туыстарына тисін деп, бағыштап үлгерді. Ауыл адамдары зираттың айналасына қарап, олар да таңданып тұр. Көлденең жатқан бір қурай жоқ. Тап-таза.

Одан кейін қара қошқарды министрдің алдына төрт аяғын тең буып әкелді. Бата жасалды. Министр оң қолына қылпылдаған пышақты алып, сол қолымен басынан басып тұрып, қошқардың тамағын «Биссіміллә, Аллаху акбар» деп тартып қалғанда сол қолы бағанағы кеппеген су сабыннан тайып кетті. Әкім көзін тарс жұмып, қолдары сіресіп қалды..  Жұрт әу деп болғанша, қорс еткізіп тамақтан орып жіберді. Жан-жақтан «Министрдің құрбаны қабыл болсын!» деген дауыстар шықты. Әкім ақырын көзін ашса, министр тұрып, қолын сүртіп жатыр екен. Көзінен жас ыршып кетті.

Біздің ауыл үшін бүгін теледидардағы жаңалықтар ерекше болмақ. Біз туралы айтады. Бізге келген министр туралы айтады.

Ертесі жан-жақтан келген мұғалімдер өзді-өз мектептерінің заттарын, аспап, жабдықтарын көліктеріне тиеп кетіп жатты. Мектеп маңдайшасына жаңа есім беріліпті. Бұрынғы мектебіміздің атауы болған , елге ерекше пайдасы тиген тұлғаның есімі жазылған тақтайшаны кейін от жағушы ағаның складынан көрдім.

Думан Бақыткелді

Байланысты жаналықтар

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Жаңа роман жарық көрді 

30.10.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

09.10.2024

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

29.07.2024
MalimBlocks
Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Жаңа роман жарық көрді 

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

300 жыл қатар өмір сүрген Петербургың да білмейді бізді...